«Суперпрезиденттік басқару» моделі

Қазақ әдеп-ғұрыптық құқығында саяси, мемлекеттік, әлеуметтік, қоғамдық институттардан тақыр емес. Хандық институттан бұрынғы билер институтынан тарайтын небір әлеуметтік институттар мән-маңызды иеленгені мәлім. Ал, Хандық институттан бергі Президенттік институт аралығында қоғамның таразы басын тең ұстауы үшін қалыптасқан ғұрыптық құқықтың неше атасы тұр. Дегенмен, әр дәуірдің талабына, тезіне орай, байырғысы көнеріп, жаңасы туындайтын, ұдайы үзілмейтін үрдіс және бар. Былайша айтқанда, әуеліде революция сипатымен келген кез келген институт бара-бара эволюциялық тұрғыда жетіле түседі. Дәл сондай сипатпен алғаш пайда болған елдегі Президенттік институтты ғалымдар бүгінде әбден эволюциялық толысқан дейді. Отыз жыл бұрын енген бұл институт сол сәтте қазақ үшін – таңсық, бірақ бөгде үшін бөтендігі жоқ еді. Президенттік басқару моделі – ол уақытта әлемде құлаш жайған һәм тиімділігін дәлелдеп те қойған модель-тін.

Ашық ресурстардағы интернет деректеріне үңілсек, осыдан дәл 30 жыл бұрын, яғни, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанның құқық тарихына Президент лауазымы еніпті.

«1990 жылдың 24 сәуірі күні Қазақстанда алғаш рет республика Президенті деген лауазым енгізілді. 1990 жылдың сәуір айында «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңы) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ КСР Заңы қабылданды. Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау туралы баяндамамен депутат, танымал заңгер, профессор Сұлтан Сартаев сөз сөйледі. Өзінің баяндамасында республикадағы президенттік билік туралы мәселе – бұл орталыққа көзсіз еліктеу, жалпы федерация деңгейінде белгіленген мемлекеттік билік құрылымын белден басу емес, жалпы кеңестік федерация жағдайында мемлекеттілікті демократиялау шеңберінде атқарушы билікті күшейту процесін саяси жолмен жалғастыру деп атап өтті» дейді деректер (e-history.kz).

Сондай-ақ, сол деректер Президент лауазымын өмірге әкелудің пікірталассыз өтпегенін айтады. Әрине, ұзақ жылдар бойы бір орталықтан, бағыныштылықпен өмір сүрген қоғамға – қорқыныш тән. Дегенмен, көпшіліктің басым дауысымен Қазақ КСР Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Сол кезде 317 дауысқа 18 дауыс қарсы шықса керек.

Қазіргі таңдағы салмақты көзқараспен саралай отырып, Президент институтының өткен ғасырдың 90-шы жылдарында өмірге келуіне ішкі және сыртқы саясаттағы аумалытөкпелі кезеңнің елеулі әсер еткенін байқаймыз. Жалпы, зерттеушілердің пікірлеріне сүйенсек, Президенттік институт басқа шетелдік мемлекеттерде – дағдарыстан шығудың сенімді жолы ретінде қарастырылып келіпті. Алайда, дәл сол уақыттағы Қазақстан секілді елдер үшін Президент институты Тәуелсіздігін паш етудің, Кеңестік жүйенің құлауын, партиялық биліктің құрдымға кеткенін әлемге жария етудің және бір көрінісі болғанын да жасырмайды.

«Президенттік институттың құрылуы, оның елдің қоғамдықсаяси жүйесінде алатын орны мен рөлінің нормативтік-құқықтық тұрғыда реттелуі заңнамалық негізде қамтамасыз етілді. Бұл бағытта 1998 жылға дейін жүргізілген жетілдіру жұмыстары Президенттік институтты Қазақстанда тұрақты сипатта орнықтырды. Президенттік институт, Президенттің мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы, билік тармақтары жүйесіндегі Президенттің орны, оның қоғамның пәрменді дамуына тікелей ықпал етуші факторлары біртұтас президенттік басқару жүйесін жасақтады» деген мамандар пікірлері бүгінде дау тудырмайтын ақиқатқа айналды.

Жалпы, Президент институтының бекітілуі тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарғанын ғалымдар қауымы растайды. Оның үстіне, Қазақстан – Президент лауазымын бекіткен посткеңестік елдер арасындағы алғашқы одақтық республика. Саяси трансформацияға бой ұсынып, азаматтық қоғамды қалыптастыруға ұмтылды.

Әлбетте, салған жерден саяси институттардың жоқтығы, сайлау жүйесіндегі олқылықтар сол кезеңде қиындықтарға әкеліп соққанын ғалымдар жоққа шығармайды. Сондықтан, сол бір алмағайып тұста Президент институтына маңызды, әрі шешуші рөл берілгенін де құп көреді. Сөйтіп, Президенттік басқарудың елдегі өз жүйесі қалыптасқан. Мұны ғалымдар, атап айтқанда, 1991- 1995 жылдардағы Президенттік басқаруды суперпрезиденттік немесе президенттік басқарудың классикалық формасы емес дегені де мәлім. Бұл нарықтық экономика мен азаматтық қоғамға сай басқару екенін қазіргі күні мойындаса керек-ті.

Қызғалдақ АЙТЖАН