Бас тақырып

Судың сұрауы артып келеді

Халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын «Goldman Sachs» банкінің сарапшылары алдағы бес жылдың ішінде Орта Азияда су үшін тартыс өрши түсетінін алға тартып отыр.

Өз кезегінде Президент су ресурстарын пайдалануға квоталарды енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. «Бұл – стратегиялық маңызды міндет. Болашақта су мәселесі шиеленісуі мүмкін. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеуде. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға ерекше назар аудару керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жаңа Су кодексі 2023 жылы Парламент қарауына ұсынылады.

Отандық мамандардың пайымдау­ынша, халықаралық ірі инвестициялық банк сарапшыларының сөзінің жаны бар. Гид­рогеолог маман Ғазиза Түсіпбекованың пайымдауынша, алдағы бес жылда ра­сымен де Қазақстанда су тапшылығы анық сезіле бастайды. Қазірдің өзінде елде су тапшылығын сезініп отырған ауыл-аймақтардың көлемі артпаса, кеміген жоқ.

– Қазір бізде ауыз су мәселесі өткір тұр. Қытымыр қыс келсе де, жадырап жаз шықса да, Қазақстандағы ауыз су мәселесі бір толастаған емес. Біз ауыз су мәселесін шешуді 2002 жылы қолға ала бастадық. Осы жылдары елдегі су тапшылығын шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылдана бастады. Алдымен біз халықты таза ауыз сумен қамтиды деп «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. 2002 жылдан 2010 жылға дейін со­зылған бағдарлама бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы керек еді. Бірақ, бұл бағдарламаның нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай болмады. Бағдарлама аясында 350 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұдан соң «Ақ бұлақ» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін бюджеттен су мәселесін шешу үшін жыл сайын 90 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Бірақ осы бағдарлама да айтарлықтай жетістік бере қоймады. Біздегі ауыз су мәселесі әлі де басы ашық күйінде сақталып отыр,– деді Ғазиза Түсіпбекова.

Бұл бағытта, Президент те алаңдау­шылық білдіріп, ғылыми ұстанымды, ин­но­вацияларды, озық халықаралық тәжірибені басшылыққа алу қажеттігін қадап айт­ты. Елде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Бұл ретте оның ша­мамен 60%-ы іс жүзінде құмға сіңуде. «Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге бол­майды» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент жаңа тарифтік саясатқа кө­шу қажеттігін де алға тартты. Әлбетте, суға қатысты реформаны жеделдетпесе, жағдай одан сайын күрделене бермек. Мәселен, сумен жабдықтау объектілерін, су саласын цифрландыру принципті маңызға ие. Суару арналарын ауқымды реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды дербес басқаруға көшу, суды есепке алуды автоматтандыру, су ресурстарын пайдалануға квоталарды енгізу күтілуде.

– Бұл Су Кодексінде әр өңірдегі су ре­сурстарын қорғап, пайдалану және про­филактикалық тексерулер жүргізу, эко­лог, инспекторлардың мәртебесі мен өкі­леттіктерін, мемлекеттік бақылауды жү­­зеге асыратын лауазымды тұлғаларды материалдық-техникалық жарақтандыру, әлеуметтік қорғау мәселелерін айқындау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нормаларды бекіту ұсынылады. Бір қарағанда елеусіз көрінгенімен, бұл шаралар айналып келгенде осы салаға игі ықпалын тигізеді, – дейді Қарағанды облысы экология департаментінің бөлім басшысы Нұрболат Сәдібек.

Осы мәселелердің барлығы сапалы нормативтік-құқықтық және заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді.

Су мәселесіне келгенде, Қазақстанның тарнсшекаралық аймақта жатқанын ұмытпауымыз керек. Дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту үшін Үкімет бірқатар істерді тындырар. Бірақ, бұл арада қосымша сауатты бағыттарды да қарастырған жөн.

Ал, ол қандай сауатты бағыттар? Болашақта Қазақстан ауыз су тапшылығын шешуге қалай талпынғаны жөн? Бұл ретте, техника ғылымдарының докторы Ардақ Төлеуов Қазақстан үшін келешекте жер- асты суларын шығарудың мәні зор екенін алға тартты.

– Елімізде су мәселесін шешу үшін жерасты суларының көздерін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл мәселеде әрине ғалымдардың зерттеулеріне де назар аударған дұрыс, – дейді Ардақ Төлеуов. Маманның байыптауынша, болашақта ауыз су мәселесін шешетін ең бірінші бағыт бұл жер асты суларын шығару үшін каналдар қазу керек. Сол кезде ғана Қазақстандағы ауыз су мәселесі сауатты шешіледі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button