Басты тақырыпРуханият

«Смахан төренің «Қазақ» газетіндегі бүркеншік есімі «Сұңқар» болған»

       Алаш ұлының жасампаздық ғұмырынан жазылған құнды естеліктер шоғырында Смахан төре БӨКЕЙХАН жазбаларының мән-мағынасы айрықша. Бұл естелік қыр перзентінің тұтас ғұмыры мен қайраткерлік тұғырын танудағы бірден-бір құнды дереккөзі әрі бұлтартпас дәйекті айғақтардың бастау қайнары болуымен дараланады.

Смахан төренің «Әлекеңнің өмірі» күнделік-естелігінде Әлихан Бөкейханның ата тегі, өскен ортасы, азаматтық тұлғасы, кісілік қасиеттері жан-жақты қамтылған. Төте жазумен жазылған қолжазба естеліктер жұқа 18 дәптерден тұрады. Алғашқы он дәптердегі естеліктерді тұңғыш рет әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлы «Жұлдыз» журналының 1996 жылғы №3 санында, қалған 8 дәптердегі үзіндіні 2003 жылдың №3 санында жариялады.

Смахан төре Бөкейхан (1881-1969 (1964) – Ә.Бөкейханның туған інісі. Әлихан «Смахан сені Мәскеуге, Петерборға, тіпті, Стамбұлға, Мысырға да жібертіп оқыта аламын. Бірақ та, сенің ел арасында болуыңды қалаймын» деп білгендіктен, қалың қазақтың ортасында ұйытқы болып отыруына сенім артқан. Ол Әлімхан Ермекұлының шақыруымен 1913 жылы Арқада құрметті қонақ болған Г.Потанинге қазақ ертегілерін жазып алуына жәрдемдескен. Г.Потанин өз естелігінде кейіннен «В 90 верстах моей стоянки на Былкылдаке живет брат Алихана Букейханова Смахан. Так как г. Ермеков предложил служить мне переводчиком при записывании сказок, то я остановился на житье в его аул и не доехал до Смахана, но он, услыхавь о моем приезде, сам приехал в Былкылдак. Его брат Алихан, постоянно живущии в Самаре, не мог на это лето приехать в Каркаралинский уезд, но он прислал письма в край, благодоря которым я познакомился с его друзьями: Хасеном Акаевым, Якубом Акбаевым, Хасеном Биджановым и др.

С особой благодарностью я должен отнестись к Смахану Нурмухамедовичу. Он доставил мне лучших сказочников» («На притоке реки Токрау» (Доклад, прочитанный в собраниях Зап.-Сиб. отд. геогр. с-за в Омске о-ва изучения Сибири в Томске) // «Сибирская жизнь». Вторник, 22 апреля 1914 года. ) деп риясыз алғыс сезімін білдірді.

Смахан төренің «Қазақ» газетінде «Сұңқар» бүркеншік есімімен «Лепсі уезі (Кісі өлімі)», «Темірші», «Тоқырауын (Қарқаралы уезі)», «Яқұп (Жақып) туралы» (Қарқаралыдан), «Қарқаралы», «Қарқаралы оязынан», «Ақшатау», «Қазақтың қалыңмал бітімі» мақала хабарламалары жарық көрген. Оларда ел береке-бірлігіне баса назар аударылып, «…Яқұпты жамандаған адамдар не саясат ісін, не қазақ жұртына келетін өшпес ұятты білмейді. Надан, жүзі қара нені білсін?.. Қазақты біріктіріп, мәдениет бәйгесіне қосам деген кәрі-жастар: Ахмет, Міржақып, Шәкәрім арам тер болмасын!» («Яқұп (Жақып) туралы» (Қарқаралыдан)» деп ұлттық ояну ұранын көтерген Алаш қайраткерлерін қолдау елдікке сын екені айтылады.

Бөкейхан әулеті қуғын-сүргінге түскен зобалаң жылдары өз отбасымен бірге інісі Базылханның балаларын бауырына басып, Жетісу өңіріне жылыстауға мәжбүр болады. Сталиндік жүйе қысымына алынған Смахан төре отбасымен Сібірдегі Топчиха мекеніне (қазіргі РФ Алтай өлкесі Топчиха ауданының әкімшілік орталығы) айдалып, одан соң Алтайдағы Алейская стансасына (қазіргі РФ Алтай өлкесі Алейск ауданының әкімшілік орталығы. Алейск қалалық округінің әкімшілік орталығы) жөнелтіледі. Сталин өлімінен соң атажұртқа оралып, Балқаш өңіріне орналасады. Өз қаражатына Балқаш қаласында мешіт салдырып, имандылық жолын ұстанады. Ә.Бөкейханның киген құлақшынын Талдыбейіттегі ата қорымындағы зиратқа лақаттап көміп, 1960 жылдардың басында Талдыбейіттегі Бөкейхандар әулеті қорымында Әлиханға ескерткіш белгі орнатады.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

«Алаш» мәдени және рухани даму институтының қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button