Сібірдегі өрт өршіп барады
Бірнеше күннен бері Ресейдің Сібір ормандары өртеніп жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, тілсіз жау Сібір мен Қиыр шығыстың 3 миллионға жуық орманды алқабын қамтыған. Оның үстіне жергілікті билік өртті «қауіпсіз» деп санап, оны сөндіру жұмыстары экономикалық тұрғыдан шығынға батыратынын айтуда.
Интернетте жан-жануарлардың өртеніп жатқаны туралы суреттер тарауда. Орман қарағайларының қайта өсіп, қалпына келуіне де тым ұзақ жылдар керек екені белгілі…
Моңғолияның бірнеше аудандарын басқан түтін еліміздің де біраз облыстарына жеткен. Қарқаралы ауданының аспанындағы түтінді әлеуметтік желіден көрдік.
Ресейдің күлге ең көп оранған аймақтары – Красноярск өлкесі, Иркутск облысы, Якутия және Бурятия. Жақын маңдағы ауылдар көк түтіннің ішінде қалған. Ғаламтордан байкалдық тұрғындардың көздеріне жас алып, «үйімізге жете алмай отырмыз» деген бейнежазбалары мен қонжықтардың орманға қарап жылағаны туралы оқып, жүрегіміз ауырды.
Ресейлік сарапшылар «бұл өрт болашақта ағаш кесу оңай болуы үшін әдейі жасалған» десе, енді бірі, «орман ағаштарын заңсыз кесу іздерін жасыру үшін арнайы өрт қойылған» деген пікірде. Өйткені, өрт осыған байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғаннан кейін басталған.
Еліміздің Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер «Ресейдің Сібір аумағындағы өрттің таралуы Қазақстанға қауіпті емес» деп мәлімдеді.
Өз тілшімізден.