Жігер мен үміт тоғысқан
Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды спорт арқылы оңалтуға бағытталған бастамалардың қатары артып келеді. Соның жарқын үлгісінің бірі – «Жас Жауынгер» бейімдеу спорт орталығы. Бүгінде бұл жоба қанатын кеңге жайып, еліміздің 15 өңірінде өз филиалын ашқан. Ал Қарағанды өңірінде жыл басынан бері үйірме жұмыс істеп тұр, күні кеше филиалдың ресми тұсауы кесілді. Іс-шараның ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы және орталықтың негізін қалаушы Садық Байымбетов қатысып, жаңа бастаманың маңыздылығына тоқталды.

Орталықтың басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың спорт арқылы өз қабілетін шыңдап, армандарына қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Барлық жаттығу сабақтары балалар үшін тегін. Аталған орталықтың негізі 2018 жылы қаланған. Бүгінде ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, қоғам игілігіне бағытталған еңбегімен ел көлемінде кеңінен танылды. Тіпті, 2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жылдың үздік ұйымы» номинациясының лауреаты атанып, марапатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған.

– Осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру – жауапкершілік пен қажырлы еңбектің жемісі. Ең бастысы, бұл бастама ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмірге деген құлшынысын арттырып, олардың дені сау, белсенді әрі толыққанды өмір сүруіне жол ашып отыр. Осы игі іске мұрындық болған орталық мамандарына, қолдау көрсеткен демеушілер мен кәсіпкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Қарағанды өңірінде «Жас Жауынгер» бейімдеу спорт орталығының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Балаларымызға зор денсаулық, сарқылмас жігер, биік белестер мен жарқын жетістіктер тілеймін, – деді Нұркен Қанатұлы.
Бүгінде өңірдегі «Жас Жауынгер» бейімдеу спорт орталығының секциясында 25 бала жаттығып жүр. Орталық мамандары олар үшін арнайы авторлық бейімдеу әдістемесін әзірлеп, оқу-жаттығу үдерісін осы бағдарлама негізінде ұйымдастырады. Бағдарлама балалардың жалпы дене дайындығын нығайтып, қимыл-қозғалыс қабілетін дамытуға бағытталған кешенді жаттығуларды қамтиды. Сонымен қатар, оған жекпе-жек спорт түрлерінің жекелеген элементтері де енгізілген. Алайда, бұл тәсілдер спорттық бәсекеге баулудан гөрі оңалту, тірек-қимыл аппаратының қызметін жақсарту, қозғалыс үйлесімін қалыптастыру және балалардың өзіне деген сенімін арттыру мақсатында қолданылады. Жаттығулар Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы спорт кешенінің күрес залында бір сағаттан аптасына үш мәрте өткізіледі.

Сал ауруына шалдыққан 11 жастағы Омар Алпысовтың осы спорт орталығына қатысып жүргеніне алты айға жуықтаған. Анасы Азаткүл Шапшекеева осы уақыт ішінде ұлының бойындағы оң өзгерістерді анық байқағанын айтады. Оның сөзінше, Омардың қимыл-қозғалысы ширап, спортқа деген қызығушылығы, өмірге деген құлшынысы да арта түскен. Іс-шара барысында Омардың тұсауы қазақы дәстүрмен кесіліп, ақ батасын алды.
– Бұған дейін ұлымның тұсауын кесу туралы ойламаппыз. Бүгін осы игі шараның аясында ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, баламыздың тұсауын кесіп, игі жақсылардың батасын алдық. Ұлым осы орталыққа келгелі көп өзгерді. Мұндағы ең басты ерекшелік – бұл жердің жай ғана емдік дене шынықтырумен шектелмеуінде. Керісінше, балаларды өздігінен қимылдауға, белсенді болуға, өз күшіне сенуге үйретеді. Олар мұнда «ем қабылдауға бара жатырмын» деген оймен емес, «спортпен айналысуға, жаттығуға барамын» деген үлкен ынтамен келеді. Баланың бойындағы дәл осы құлшыныс пен жігер ата-ана үшін бәрінен қымбат. Қыс бойы ауа райының қолайсыздығына қарамастан ұлымды бірде-бір жаттығудан қалдырған емеспін. Себебі, мұндағы әрбір сабақ оның денесін ғана емес, өзіне деген сенімін де нығайтып келеді, – деді Азаткүл Шапшекеева.
Орталықтың негізін қалаушы Садық Бақытбекұлы өз сөзінде ARM-BACK спорт түрінің дүниеге келу тарихы және оның болашағы жайында кеңінен тоқталды.
– Біздің орталықта 5 пен 18 жас аралығындағы балалар тұрақты жаттығады. Алайда, олар кәмелет жасына толғаннан кейін спортпен айналысуды жалғастыра алмайды. Осы мәселені шешу үшін ерекше қажеттіліктері бар жандар мен дені сау спортшылардың бірге бақ сынауына мүмкіндік беретін ARM-BACK атты жаңа спорт түрін ойлап таптық. Бұл – Қазақстанда ғана емес, әлемде баламасы жоқ бірегей жоба. Біз әлемдік параспорт тәжірибесін жан-жақты зерттедік. Сонда спортшыларымыздың негізінен шетелде пайда болған спорт түрлерімен ғана айналысып жүргеніне көз жеткіздік. Сондықтан, Қазақстанда дүниеге келген ұлттық бастаманы халықаралық деңгейге шығаруды мақсат еттік.
Қазіргі таңда ARM-BACK спорт түрінен ел чемпионаты өткізілді, сондай-ақ оны паралимпиадалық спорт түрі ретінде тіркеуге қажетті құжаттар рәсімделді. Алдағы мақсатымыз – 2032 жылғы Паралимпиада ойындарының бағдарламасына Қазақстан ұсынған тұңғыш спорт түрі ретінде енгізу. Біз осы бағыттағы жұмыстың нәтижелі боларына сенеміз, – деді Садық Бақытбекұлы.
Бұл спорт түрі командалық форматта ұйымдастырылады. Әр команда бір салмақ дәрежесіндегі бес спортшыдан жасақтап, жеребе нәтижесі бойынша қарсыластарымен сынға түседі. Ойынның қағидаты армрестлингке ұқсас болғанымен, өзіндік ерекшелігі бар. Команда мүшелері кезекпен күш сынасып, әр жеңіс үшін өз ұжымына ұпай әкелуі қажет. Жарысқа ерекше қажеттіліктері бар балалар мен дені сау спортшылар тең дәрежеде қатыса алады. Мәселен, арбада отырған спортшы өзімен салмағы бірдей қарсыласымен еркін бәсекеге түседі. Екі қатысушы өздеріне тиесілі тұтқаны белгіленген қалыпта ұстағаннан кейін төреші арнайы құрылғыны іске қосады. Осы сәттен бастап қарсыластар тұтқаны өз жағына тартып шығаруы шарт. Кім бірінші болып құрылғыны өзіне тартып алса, командасына бір ұпай жазылады. Кездесулер осылайша барлық қатысушылар арасында кезекпен жалғасады. Ал, командалық кезеңнің қорытындысы бойынша жеңілген ұжым жарысты аяқтайды.

Арнайы тұтқалардың арақашықтығы 22 сантиметр болып бекітілген. Бұл көрсеткіш медицина мен спорт ғылымының ұсынымдары негізінде есептеліп, балалардың қол қозғалысының табиғи амплитудасына сәйкес айқындалған. Мұндай құрылым буын контрактурасын, иық пен білекке түсетін артық жүктеменің алдын алуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, ғылыми зерттеулердің қорытындысы бойынша жарақат алу қаупі өте төмен, қауіпсіздігі жоғары спорт түрлеріне енеді екен.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



