Балқашта түсірілген «Mūğalım» фильмі Сан-Себастьян кинофестивалінде бақ сынайды
Қазақстандық «Mūğalım» фильмі Испанияда өтетін 74-ші Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің «New Directors» байқау бағдарламасына іріктелді. Балқаш қаласында түсірілген картина халықаралық кино алаңында Қазақстан атынан ұсынылып, 20 қыркүйек күні әлемдік премьерасын өткізеді, деп хабарлайды Ұлттық киноны қолдау орталығы.

Сан-Себастьян кинофестивалі биыл 18–26 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Әлемдік киноиндустрия өкілдері бас қосатын беделді шарада «New Directors» бағдарламасы жас режиссерлердің алғашқы және екінші толықметражды туындыларын таныстыруға арналған негізгі байқау бөлімдерінің бірі.
Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Картина оқиғасы Балқашта тұратын музыка пәні мұғалімінің өмірі туралы баяндайды. Басты кейіпкер үлкен қалаға көшіп, жаңа өмір бастауға ұмтылады. Алайда арманы орындалуға жақындаған сәтте ол өз мамандығына деген адалдық пен өмірін өзгерту арасында маңызды таңдау жасауға мәжбүр болады.
Кинотуындының продюсері – Аружан Досымқожа, қоюшы операторы – Айгүл Нұрболатова. Басты рөлдерді Олжас Дәлелхан, Рүстем Жаныаманов, Шынар Жәнісбекова, Гүлнәр Дусматова, Ольга Ландина, Бақытжан Әлпейіс, Мадина Есман, Анна Старченко және Акиф Петров сомдады.
Фильм арқылы авторлар адамның өмірлік мақсаты, жауапкершілігі, өз жолын таңдау және өнерге деген сүйіспеншілік тақырыптарын қозғайды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



