Басты тақырыпТұлға

Шындығыңа шырай берген – Шынболат

    Шынболат десе – шындық, шындық десе – Шынболат көз алдымызға келетін болғалы қашан. Оның аты табиғи түрде ақындардың мөріне айналып, өршіл өлең мен ұрымтал сөздің найзағайы секілді қазақ аспанында от қамшыдай жарқылдап тұр. Көрнекті қоғам қайраткері, танымал ақын Кәкімбек Салықов «халқым кезінде мені «кенші ақын» деп атап кетті. Құдайға шүкір, кенші ақын-інілерім де баршылық. Соның көш басында Шынболат Ділдебаев тұр. Шынболат – қазақ атамыз сүйетін шын ақын, заманның әр ағысына пікір қозғайтын, қара қылды қақжарғыш шыншыл ақын» деп өз бағасын беріп еді.

 Шынболат Ділдебаев өзі туралы жыр­-толғауларының бірінде

Жырлап тұрған бұл жырды,

Десеңіздер кім болад?

Бұл кәдімгі кенші ақын,

Сырда туып, қырда өскен,

Жезқазғандық Шынболат, – деп еркін дауысымен даламызға естірте үн қатқаны белгілі. Жалындаған жастық шағында жеті қат жер астында кен қазып, тас бұрғылады. Асылдың ізіне түсіп арыдан қопарып жер бетіндегі ашыққа шығарды. Әр таңы сынға толы тіршілікте жасқануды білмейтін Шынболаттың мінезі отты өлеңдерінен де көрінді. Құл-Қожахмет Яссауи бабамыздың «қылуеті» секілді терең жер асты жолдарында кетіп бара жатқанда, тұтқаны берік ұстап сірескен жартастар мен құм қиыршықтарына алмас ұшты болатты тіреп, гүрілдеген мотор дауысының қасында ойына келген жыр жолдарын жадына сақтаған сәттері оны айрықша күйге бөледі. Кеште электрдің жарығында сыртылдатып қағазға түсірсе, кейбіреулері жазылмай сызылмай-ақ санада сақталып кез келген ортада ән болып шырқалып, терме болып төгілетін. Тереңде кен қазу мен жарықта өлең жазудың азабы да, атқарар міндеті де бір секілді. Мінезі қайсар, қайраты қаптал, сөзі мірдің оғындай, ақ алмастың жүзіндей Шынболаттың өмірі аңыз бен ақиқаттың арасында өтіп жататын.

Жезқазған өңірінде қызмет етіп жүргенімде ағамызбен бірге жүрдік. Көкшетау, Қызылжар, Ақтөбе бағытында үзеңгі жолдас болу нәсіп болды. Сапарлас болдық, дәмдес болдық, пікірлес үндес болдық. Арқаның даласында қатар жүріп ақындық өнердің, сал-серілердің арғы бергі тарихынан сөз қозғайтын едік. Болмыс-бітімі бөлек, сөйлесе мүдірмейтін шешен, домбыра алса көмейіне бұлбұл ұя салған, құйқылжыта арындайтын әнші, екпіні мен ырғағы шымдай байланған термешілігі күллі әлемді ұмыттырып ұйығына батырушы еді… Көмейінен шыққан жентек-жентек сөз тасқыны алпыс екі тамырыңды қуалап, арқаңды шымырлататын. Оның өз бояуымен қалыптасқан толғауы тоқсан әуені қазақ даласын шарлап кететін. Оның ырғағында жағымды жылылық, мейірлі сезім, асқақ рух қатар жататын, кезі келгенде құйғытып, екпіндейтін, қажет болғанда қадап-қадап тұрып қаныңды қайнататын, жарығы жүрекке жетіп шымыр-шымыр бойға сіңетін…

Біз өткен ғасырда жасаған Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Үкілі Ыбырай, арынды Әсеттердің замандасы болғамыз жоқ. Өмірі ғажайып сұлу өткен ақын-жырау, сал-серілерді көзімізбен көргеміз жоқ. Алайда, тамыры тартылмаған аға буынның бізге жеткен жалғасын байқадық, қарқыны бәсеңдемеген тұлпарлардың тұяғын көрдік. Меніңше, ол, осы Шынболат Ділдебаевтардың дәл өзі болатын. Бір басында ақындық, әншілік, күйшілік, айтқыштық, батылдық қатар табыла беретін берен батырлар осындай-ақ болар!.. Ғасырлардың қатпарынан қаннан қанға өтіп, рухымыздан жаңылмай орын тауып отырған киелі өнер бізге Шынболат болып шымырлады, Шынболат болып шырқалды. Мінеки, ағамызбен қатар жүрген шақтар туралы ойласам, жүрекке осындай сағынышқа толы күй келеді, қимастық сезімдер көңілді тербейді.

Шынболат Ділдебаев өзіне дейінгі барша ақын-жыраулар мен сал-серілерді жақсы біліп өсті. Әсіресе, Арқа даласында атақты Біржан сал, Ақан сері, Мәдилерден бүгінгі дәуірімізге өткен Балғабай Сейсенбеков, Садық Асатов, Жәлел Қалмағанбетов секілді ұстаздары мен ағаларын ардақтаған ол осы қатардан өзін де тапты, есімін сол тізімге нық орнықтырды. Оның өлеңдерінен Ұлытау бой көтеріп, Жезқазған жазирасы сағымданып жатты. Жырларын оқи бастасаң, әр түйір тасы мен әр тал шөбі сөйлеп тұрғандай болады. Оның үні шопанның шалғай ауылынан, кеншілердің шахтасынан, жұрт жиналған мәдениет сарайларынан екпіндей есіліп, желдей тарап жатты. Хакім Абай «Тыңда мені Тобықты» деп бастаса, Жамбыл жәкем «Тыңда, Қастек, Баянбай!» деп толғап аядай ауылдан күллі қазақ даласына дауыстарын жеткізгенін білеміз. Талант деген тағдырлы жаратылыстың сөзі де бөлек, өзі де бөлек болады екен ғой, дәл сол секілді Шынболат та «Төртіншіден төрт тарапқа танылды». Қаныш Сәтбаевты, Баубек Бұлқышевті, Мұқан Иманжановты, Тайжан Қалмағамбетовті әспеттеп жырлап жүріп өзі де сол тізбекке қосылды.

Ақынның артындағы ізбасар іні-қарындастарының бірі Бұқар Амангелдінің

«Қос ананы – Сыр мен қырды

тел емген,

Жыр да жазды, кен де қазды

тереңнен.

Төртіншіден төрт тарапқа

танылып,

Алты Алаштың алғысына бөленген, – дейтін арнауы бостан-бос айтылмаса керек.

1990 жылы 13 қыркүйекте Никольск қаласына халқымыздың біртуар ұлы, геолог Қаныш Сәтбаевтың аты берілгенде «Ортаға қала болып ұлың келді» деп жар салып, биік мінбеден Шынболаттың үні естілген еді. Айтыскер ақындар Көкен Шәкеев, Әселхан Қалыбекова, Манап Көкенов секілді аты белгілі ақындар оның әріптестері болып, айтыс сахнасынан сөз жарыстырды. Ал, бүгінгі күннің ақжолтай ақыны Аманжол Әлтаев және өзге де жыр жүйріктері оның жолын ұстанған шәкірттері болатын.

Арнайын туған жерге жалынды жыр,

Жақсы мен жайсаңдарым

жанымда жүр.

Қожабай, Болман Тайжан,

Шашубайдың,

Өнері мына менің қанымда жүр, – деп толғайтыны сондықтан болатын. Тебінісіп бетпе-бет келген тартыстарда, тақымдасқан додаларда тайсалмай турасынан салып, шабыт деген жүйрікке қамшы басатын Шынболаттың

Жанымның қиянаттық етпесі бар,

Етімнен қажет болса, ет кесіп ал.

Тілім бар, Махамбеттің

найзасындай,

Пендемін, бүйрек, бауыр, өкпесі бар, – деп асқақ үн, тегеурінді екпін, қуатты жырымен әріптесіне арынын аңғартып, қусыра шабуылдайтын шақтары көп еді. «Етінен ет кесіп алса да» былқ етпейтін шыдамдылық пен қайсар мінез болат бойынан атылып шығып, Махамбеттің найзасы болып, күнге шағылысады. Сөйте тұра, кәдімгі қарапайым адам екенін «бүйрек, бауыр, өкпесі барын» ескертеді. Бұл шумақтан ақын бейнесі сомдалып, айтыскерлік тапқырлығы танылады. Құрсауды бұзып-жарып өтетін бет қаратпас қаһарлы шабуыл өлең өрнегінен көрініс табады.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында екіленбей жыр толғаған Шынболаттың шырқыраған үні қазақ даласын кернеп кетті.

Иманыңды, дініңді,

Қайтып берсе тіліңді,

Айт деп тұрған заманда,

Шығармасаң үніңді,

Күндеп бірің-біріңді,

Болып жатсың жырынды,

Он миллион ел болып,

Біле алмасаң құныңды,

Көре алмасаң күніңді,

Өз обалың өзіңе! – деп төкпелейтін жыр жолдары ақында өте көп. Біздің тіліміз бен дінімізді жарқыратып, бабалар жолымен ұстануымызға ешкім кедергі емес. Ендеше, мәселе түбірінен өзімізде екенін көреген ақын көптен бұрын болжайды. «Өз обалың өзіңе!» деп қатты ескертіп, өзегін күйдірген өкінішін сездіретіні ойландырады.

Бұл жырларым біреулерге жақпайды,

Ал, біреулер шындық қой деп

мақтайды.

Зұлымдығы шырылдатса жанымды,

Ұлылық кеп бір күн өзі ақтайды.

Ақын тағдыры бірыңғай түзу өтті деп айта алмаймыз, оның кедір-бұдыр кедергіге кездескен кездері де аз емес. Сол себепті, «Ұлылық кеп бір күні өзі ақтайды» деп нық сеніммен жырына қосты. Сондай күннің болғанын, әр қазақтың жүрегіне жеткен асыл сөз, әдемі мәнерін жұрт мойындады. Намысты қамшылап, рухыңды асқақтататын мінезді ақынды сөйлесе кеткен екінің бірі толғай жөнеледі.

Жолымыз түсіп шығыстағы Қытай еліне сапарлап қайтқанымыз бар. Сондағы қаракөз қандастарымызбен сырласып отырған сәттердің бірінде Шынболат Ділдебаевтың есімі аталды. Құлақтары елеңдеп, көздері нұрланған бауырларымыз сүйіспеншілікке толы лебіздерін шетінен ортаға салудан жалықпады. «Америка, Түркияға, Қытайға, жетіскеннен шашылдық па тарыдай?» деп мұңданатын, зар-запыран ақтаратын әлгі әйгілі «Шындық» толғауын білмейтіндер өте аз. Шынболаттың үні қазақтар өмір сүретін өлкенің бәрінде естіледі. Сол ырғақ, сол екпінмен жыр толғап, айтысқа түсіп жүрген шәкірттері қаншама!

Сөйле, тілім, алаңдама тартынба,

Найзағайдай шындықты

айтып жарқылда!

Қалай ғана өмір сүрдім дей алам,

Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда, – деп басталып бір ойдан бір ойды асырып, дүбірлеген тұлпар шабыспен, арқыраған тау өзеніндей басымызда бар, бойымызда мін болып тұрған «ауруларымызды» аптап өтетін өмірдің шындығын, өзіміздің шындығымызды шырылдап тұрып нөсерлетеді. Өлеңді осылайша тасқындатып әкеліп:

Айтатұғын атты бүгін ақ таңдар,

Бәрін біреу береді деп жатпаңдар.

Бір қазақты үшке бөліп бүлінбей,

Қайран елім, бірлігіңді сақтаңдар, – деген тұжырыммен нүктесін қояды.

Қазақ халқы оның жазған жүздеген жыр­ларының бәрін біле бермесе де, осы бір «Шындық» толғауын жазбай таниды. Ақынның бағын жандырып, бақытын асырған да осы тектес шындықтың шырылы, ақиқаттың ауылы болатын.

Заманыңды өтсең батпас

таң қылып,

Біліміңді жақсаң өшпес шам қылып.

Ұрпағыңа қалса айтарлық бір сөзің,

Сол ғой, шіркін, өлмегенің мәңгілік,

деп бар өнер иесінің арман-тілегін, мұ­рат-мақсатын төрт жолға сыйдырып кеткен ақынға «өнердің мәңгілік көш-керуеніне сіз де қосылдыңыз, Шынболат Ділдебаев, – десек, еш қателеспейміз.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

АЛМАТЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button