Шымырлық пен шығармашылыққа баулиды
Бұқар жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин атындағы кентте 320 орындық жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Ғимаратта балалар тек спортпен ғана емес, шығармашылықпен де айналыса алады. Тұрғындар сұранысындағы көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында салынды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Бұқар жырау ауданына жұмыс сапары аясында жаңа кешенді аралады. Жергілікті тұрғындарды құрылыстың аяқталуымен құттықтап, ауылдық жерлерде спорт пен шығармашылықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
– Президенттің маңызды бастамасы – «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылғанына куә болдық. Кент тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын. Ауданда үш жайлы мектеп салынуда. Негізгі міндеттің бірі – Нұра арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтау. Алда көп жұмыс күтіп тұр, – деп атап өтті өңір басшысы.
Ғимараттың бірінші қабатында балалар мен ересектерге арналған кең спорт залдары және волейбол, баскетбол және мини-футболға арналған ойын залы, бокс және күрес залдары, жеке жаттығу аймағы, киім ауыстыратын бөлмелер бар. Алдағы уақытта дзюдо, каратэ және қазақша күрес секциялары ашылады.
Екінші қабатта шығармашылық аймағы орналасқан. Қосымша бөлмелер жергілікті балалар музыкалық мектебіне беріледі.
Вокал, дәстүрлі ән айту және музыкалық аспаптарда ойнау ғана емес, сонымен қатар, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер үйірмесі де жұмыс істейді. Бұқаралық іс-шаралар үшін 120-150 адамға арналған акт залы қарастырылған.
Тұрғындар құрылыстың аяқталуын асыға күтті. Енді балалар мен зейнеткерлер үшін бос уақытын өткізетін орын бар.
– Немерем хореографиялық ансамбльде 8 жыл бимен айналысып келеді. Бізде осындай заманауи ғимарат болғанына қуаныштымын. Жақын жерде тұрғандықтан, осы уақытқа дейін құрылыстың барысын бақылап отырдым. Біздің жастар үшін бұл үлкен бақыт. Енді балалардың өз таланттарын дамытуына мүмкіндік бар, – деді ауыл тұрғыны Надежда Алексеева.
Бұл биыл облыста ашылған төртінші дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұған дейін Абай ауданының Топар кентінде, Бұқар жырау ауданының Қарақұдық ауылында және Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілген. 2025 жылы тағы үш ДСК мен стадион ашу жоспарлануда.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ДСК құрылысы ғана жүргізіліп жатқан жоқ. Мысалы, бізде үш мәдениет үйі салынуда, олардың екеуі биыл пайдалануға беріледі. Ал, бір жоба келесі жылға ауыспалы. Сонымен қатар, ауданда 15 денсаулық сақтау нысаны салынуда. Бұл жобалардың барлығы ауылдық елдімекендердің дамуына айтарлықтай әсер етеді, – деп атап өтті Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары аясында Атамекен ауылындағы 150 орындық жаңа мектептің ашылуына қатысты. Білім ошағы апаттық ғимараттың орнына салынған. Балалар заманауи және кең сыныптарда оқи алады.
Биыл облыста барлығы алты мектеп ашылды, оның төртеуі – жайлы мектептер. Сондай-ақ, облыс әкімі Нұра өзені арқылы өтетін көпірді қайта құру барысын тексерді. Болашақта ол қысқа жол Ғабиден Мұстафин атындағы кентті Теміртаумен байланыстырмақ.
Аяулым СОВЕТ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz