Тазалық пен тәртіп – мемлекеттік маңызы бар міндет
Мемлекет басшысы тазалық пен тәртіпті сақтау елдің дамуы мен азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін айтты.

Президенттің сөзінше, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы арқылы қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге басымдық беріліп отыр.
«Жалпы, тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық», – деді Мемлекет басшысы.
Ол табиғатқа немқұрайлы қарауға жол бермеу керектігін атап өтіп, адам мен табиғаттың өзара тығыз байланысты екенін айтты.
Сонымен қатар Президент қалалардың сәулеті мен тазалығы халықтың мәдениеті мен құндылықтарының көрінісі екенін жеткізді. Оның айтуынша, елді мекендердің таза әрі тартымды болуы азаматтардың көңіл-күйіне және әлеуметтік жағдайына әсер етіп қана қоймай, экономикалық өсімге де ықпал етеді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы елімізді жаппай көгалдандыру, тазалықты сақтау және заң мен тәртіпті бұзбауды мемлекеттік маңызы бар міндет ретінде атады.
«Біз бір күннің қамы үшін емес, болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін осы жұмыспен белсенді түрде айналысуымыз керек», – деді Президент.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



