Қарағандыда үстел теннисінен ел чемпионаты басталды
Қарағандыда 2009 жылы туған және одан кіші жастағы спортшылар арасында үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты басталды. Оған еліміздің 17 өңірден 300-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтамақ. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс ережесіне сәйкес, чемпионат командалық, жекелей және жұптық разрядтар бойынша өтпек. Командалық сайысқа әр өңірден бес ұл және бес қыз спортшыдан қатысуы міндетті. Сонымен қатар, командалық есептен тыс жекелей бәсекеге әр командадан үш спортшыға дейін қатысуға мүмкіндік берілген. Ал, Қарағанды облысынан, екі ұл және екі қыздар командасы, яғни, 20 спортшы өңір намысын қорғамақ.

– Бүгінгі күнді біз үшін үлкен спорттық мереке деп айтуға толық негіз бар. Ең алдымен, чемпионатқа арнайы ат ізін салып келген барша спортшыға алғысымды білдіремін. Осындай ауқымды әрі маңызды доданың Қарағандыда өтуі – біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Саламатты өмір салтын қалыптастыру, өскелең ұрпақты спортқа баулу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте өңірде де тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарағанды үстел теннисі мектебі – еліміздегі ең мықты мектептердің бірі. Облыста тенниспен 13 мыңнан астам адам айналысады. Олардың 4 мыңға жуығы – ауылдық жерлердің тұрғындары. Көп жылдар бойы спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда облыс намысын абыроймен қорғап, шеберліктің жоғары деңгейін, мінезінің мықтылығын және жеңіске деген жігерін көрсетіп келеді. Әсіресе, танымал спортшыларымыздың ізін басатын лайықты жас буынның өсіп келе жатқаны қуантады. Бүгінде жас теннисшілер арасында елеулі нәтижелерге қол жеткізіп, өз жетістіктерімен Қарағанды облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген спортшылар бар, – деді Ораз Қайсаұлы.
Бір аптаға жоспарланған чемпионаттың алғашқы екі күні командалық біріншілікке арналса, кейінгі күндері спортшылар жекелей шеберліктерін сынға салады. Содан кейін әйелдер, ерлер және аралас жұптық разрядтар бойынша тартысты бәсекелер өтеді.

– Бұл турнир тек шеберлік байқастыру ғана емес, өзара тәжірибе алмасып, достасудың да үлкен алаңы. Арамызда болашақ әлем чемпиондары да жүр. Осындай чемпионаттарда шеберліктеріңізді шыңдап, үлкен ареналарда ел намысын қорғайды деген сенімдеміз. Бүгінде Қарағанды өңірі үстел теннисінің дамуына үлкен басымдық беріп отыр. Қаладан бөлек, ауылдарда да бұл спорт түрін дамытуды қолға алды. Келешекте әлі де талай чемпиондар шығады деген сенімдемін, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.
Турнирдің бас төрешісі, үстел теннисі бойынша халықаралық дәрежедегі төреші және аға жаттықтырушы Эльмира Алиева бұл чемпионаттың жас спортшылар үшін шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтаудың таптырмас мүмкіндік екендігін баса айтты.
– Бұл – жасөспірімдер үшін өз дайындықтарын көрсетіп, жүлде үшін таласуға және бағалы спорттық тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін маңызды турнир. Бас төреші ретіндегі басты міндетім – барлық қатысушыға қолайлы жағдай жасап, әділ төрелікті қамтамасыз ету, ереже сақталуын қадағалау, – деді Эльмира Алиева.

Аталған чемпионатта өңір намысын қорғайтын жас спортшылардың қатарында Фу Дарья да бар. Үстел теннисінен спорт шебері, Қарағанды облысының ұлттық құрамасы сапындағы тәжірибелі спортшы бұған дейін де бірқатар биікті бағындырған. Ендігі мақсаты – ел біріншілігінде өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, чемпиондық атағын қорғап қалу. Туған өңірінде өтіп жатқан жарыста жерлестерінің үмітін ақтап, жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.
– Барлық қарсыласым жеңіске әбден лайықты. Әрқайсысымен тартысты ойын күтіп тұр. Сондықтан, мынау керемет, мынау осал деп ешқайсысын бөліп-жарып айта алмаймын. Ойын кестесі өте тығыз. Бірінші күні топтық кезеңдер мен командалық ойындар өтсе, командалық сайыста финалға шыққан жағдайда үшінші күні финалдық ойын болады. Сонымен қатар, жекелей сынның да алғашқы күні басталады. Ал, өзім бұл чемпионатта барлық санатта сынға түсемен. Десе де, өз санатымда үздік шығып, чемпиондық атағымды қорғап қалу қажет. Жақында ғана әлем чемпионаты өтті. Өкінішке қарай, ол жаққа барудың сәті түспеді. Дегенмен, алдағы уақытта бұл мақсатыма қол жеткізетініме сенімдімін, – деді Дарья.

Айта кетейік, Қарағанды үстел теннисі мектебі еліміздегі ең үздіктердің бірі. Мектептің тәрбиеленушілері – ұлттық чемпионаттар, клубтық турнирлер, спартакиадалардың және халықаралық жарыстардың тұрақты жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Биылғы жылдың 16-22 наурыз аралығында Алматы қаласында өткен ересектер арасындағы ел чемпионатында өңір спортшылар 4 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған еді.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



