ЖаңалықтарСпорт

Азиада-2026: Әлижан Аблағатов Қазақстан қоржынына ушудан алғашқы жүлдені салды

Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Әлижан Аблағатов Аичи–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Сурет ҰОК

Қазақстандық спортшы ушу-саньдадан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жартылай финалда Әлижан Аблағатов Иран өкілі Мохаррами Пирагоммен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша қарсыласы жеңіске жетіп, Әлижан Азия ойындарын қола жүлдемен аяқтады.

Бұл — Қазақстан құрамасының қазіргі Азия ойындарында ушудан жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Сонымен қатар ұлттық құрама тағы бір жүлдеге кепілдік беріп отыр. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абдурашид Абдуллаев финалға шығып, алтын медаль үшін күреседі. Жартылай финалда қазақстандық спортшы Қытай Тайбэйінің өкілі Хуан Жанды жеңді. Бұған дейін ширек финалда Абдуллаев Непал өкілі Санджив Махарджанды мерзімінен бұрын жеңген болатын.

Қазақстандық спортшылардың Азия ойындарында ушудан жүлде алу дәстүрі қалыптасқан. 2014 жылы Инчхонда Ришат Ливанчо күміс, Нұрсұлтан Тұрсынқұлов қола медаль иеленді. Ал Аян Тұрсын екі мәрте — 2018 жылы Джакартада және 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қола жүлдегер атанды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button