Өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау керек
Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, оқушылар мен студенттердің сабақтан тыс уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретін қоғамдық ортаны дамыту қажеттігін айтты.

Президенттің айтуынша, жастар бос уақытында спортпен шұғылданып, жаңа білім игеріп, кітап оқып, өздерінің таным көкжиегін кеңейтетін жасампаз істерге ден қоюы керек.
Осы мақсатта кітапхана, музей, мектеп, Достық үйлері мен саябақтар сияқты қолданыстағы инфрақұрылымды барынша тиімді пайдалану маңызды.
«Мұны тек үлкен қалаларда ғана қолға алмай, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарына, ауылдарға баса назар аудару маңызды. Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы бағыт бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесіне мемлекет пен жекеменшік серіктестігі тетігін нақты жобаларда қолдану мәселесіне назар аударуды ұсынды. Мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау маңызды екенін айтты.
«Өйткені үлкен өзгерістер кішкене қадамдардан басталады. Ұлт пен адами капиталдың жаңа сапасы дәл осылай қалыптасады», – деді Президент.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



