Қарағанды академиясының курсанты BoxRec рейтингінде үздік 10 боксшының қатарына енді
Боксшы Бауыржан Әли «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бауыржан Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясында білім алып жүрген курсант әрі Қазақстан Республикасының спорт шебері. Сонымен қатар ол Жамбыл облысы Полиция департаменті «Арлан» спорт клубының мүшесі.

Құрметті атақ спортшының отандық және халықаралық жарыстардағы нәтижесі мен боксқа қосқан еңбегінің бағасы болды.

«Бұл марапат менің спорттық жетістіктерімнің, көпжылдық еңбегімнің және республикалық, халықаралық ареналардағы табысты өнер көрсетулерімнің мойындалуы болды», – деді Бауыржан Әли.
BoxRec халықаралық бокс порталының рейтингінде Бауыржан Әли Қазақстан және ТМД елдері боксшылары арасында жоғары орындардың бірінде тұр. Спорттағы жетістіктерімен қатар, ол академиядағы оқуын да қатар алып келеді.
Болашақ офицер үшін академиядағы күн тәртібі қатаң. Оқу сабақтарымен бірге курсанттар саптық және тактикалық-арнайы дайындықтан өтеді, кезекшілік атқарады. Мұндай талаптар спортшыдан уақытты тиімді жоспарлап, жоғары тәртіпті сақтауды қажет етеді.
«Академиядағы оқу жоғары тәртіп пен толық жауапкершілікті талап етеді. Сабақтар, саптық және тактикалық-арнайы дайындық, кезекшіліктер мен қатаң күн тәртібі – болашақ офицердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі», – дейді спортшы.
Оқу жүктемесіне қарамастан, Бауыржан Әли жаттығуын үзген емес. Сабақтан кейін спорт залында бірнеше сағат жаттығып, дене дайындығын жетілдіреді, бокс техникасы мен тактикасын шыңдайды. Оның айтуынша, спорттағы нәтиже жүйелі жаттығу мен тәртіпті талап етеді.
Боксшының спорттағы тәжірибесі оқу барысында да маңызды рөл атқарады. Рингтегі әр жекпе-жек спортшыдан жылдам шешім қабылдауды, қарсыластың әрекетін бақылауды және қысым кезінде сабыр сақтауды талап етеді. Бұл қасиеттер болашақ офицер үшін де маңызды.
Спорт пен әскери-құқықтық бағыттағы білімді қатар алып жүрген жас боксшы алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруға ниетті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



