Бас тақырыпЖаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды ұсынды

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, кезектен тыс сайлау өткізу мәселесін көтерді.

Суреттер Ақордадан

Президенттің айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жұмысы жалғасуы керек. Осыған байланысты жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізу мәселесі өзекті болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституция мен заңдарда белгіленген мерзімге дейін сақталатынын атап өтті. Сонымен бірге олардың басым бөлігі бұрын «Amanat» партиясының атынан сайланғанын айтты. Президенттің сөзінше, бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, қызметін тоқтатты.

«Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды», – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәслихаттардың өңірлердегі маңызды рөлін атап өтті. Жергілікті депутаттар тұрғындардың мүддесін білдіріп, бюджетті бекітуге және елді мекендерді дамытуға қатысты өзге де міндеттерді атқарады.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесетінін айтты. Содан кейін тиісті Жарлыққа қол қоюды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда кезектен тыс сайлауды Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды. Мұндай сайлау мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.

Мемлекет басшысы бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби құрамын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, олардың жұмысына жаңа серпін беретінін айтты.

«Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін», – деді Президент.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button