Ресми

Қағазбастылықтан құтыла алмасақ, ілгерілеу болмайды – Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында “Қағазбастылық көзқарасынан құтыла алмасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бұл жұмысты шын жүрегімізбен, ақ ниетімізбен атқармасақ, қажетті нәтижеге жету өте қиын болады” деп атап өтті. 

Сурет Ақордадан

– Бұған дейін еліміздің ұлттық идеологиясына қатысты көптеген талқылаулар болғанын білесіздер. 1 шілдеде заңды күшіне енген Конституциямыз осы мәселенің нүктесін біржола қойды деп айтсақ, орынды болар. Конституцияда еліміздің өткені, бүгіні және келешектегі бейнесі айқын көрініс тапты. Конституция преамбуласында байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға баса мән беретініміз нақты жазылды, – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Тоқаевтың сөзінше, бұл – төл тарихымызға тағзым ету, бабалар аманатына адал болу деген сөз.

– Сонымен қатар Негізгі заңда адам құқықтары мен бостандығын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекеттің мызғымас міндеті ретінде айқындалды. Біртұтас ұлт ретінде өскелең ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдадық. Сол арқылы болашағы жарқын, бағдары айқын Әділетті, Озық әрі Күшті Қазақстанның берік негізін қаладық, – дейді ол.

Президенттің айтуынша, азаматтарымыз Конституцияның ережелерін жақсы біліп, күнделікті өмірде қолданған сайын оның күші де, қуаты да арта түседі.

– Сол себепті мен Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуға тиіс деп есептеймін. Біз Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды бүкіл ел болып дәріптеуіміз керек. Бірақ формализм мен науқаншылдықтан алшақ болғанымыз жөн, әйтпесе, осы аса маңызды жұмысты құртып, халқымыздың алдында ұятқа қаламыз. Баяғы жартас – сол жартас болып, қағазбастылық көзқарасынан құтыла алмасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бұл жұмысты шын жүрегімізбен, ақ ниетімізбен атқармасақ, қажетті нәтижеге жету өте қиын болады, – дейді Президент.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button