Қарағанды облысында «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары анықталды
Еңбекпен елге қызмет етіп, кәсібіне адалдығымен өзгеге үлгі болған азаматтар Қарағандыда марапатталады. Еңбек күніне орай өңірде «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, әр салада маңдай терімен жетістікке жеткен үздіктер анықталды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған «Еңбек жолы» байқауының негізгі мақсаты – еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек әулеттерінің дәстүрін дәріптеу және жастарды адал еңбекке баулу. Қарағанды облысында да бұл бастама жыл сайын түрлі сала мамандарының кәсіби жолын танытып, олардың еңбегін көпшілікке үлгі етудің маңызды алаңына айналып келеді.
– Бұл мереке – өз еңбегімен, білімімен және талантымен облысымыздың және бүкіл Қазақстанның болашағын қалыптастырып келе жатқан барша азаматқа деген зор құрметтің белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еңбек адамы қоғамымыздың басты құндылығы екенін үнемі атап өтеді. Еңбекқорлық, кәсібилік және өз ісіне деген адалдық – мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Бүгін біз республикалық «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын құрметтеп отырмыз. Байқау елге еңбегімен танылған нағыз заманауи кейіпкерлердің есімін танытады. Әсіресе, шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан еңбек әулеттері, тәжірибелі тәлімгерлер мен жоғары жетістіктерімен көзге түсіп жүрген жас мамандар біз үшін ерекше мақтаныш. Сіздердің күнделікті жасампаз еңбектеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі. Осы ретте өңіріміздің экономикасы, әлеуметтік саласы мен инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Баршаңызды лайықты марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Биылғы өңірлік кезеңде «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

«Үздік еңбек әулеті» аталымында бірінші орынды Абай ауданынан Хабибуллиндер отбасы иеленді. Екінші орын Саран қаласынан Шабельник әулетіне бұйырды. Теміртаулық Приваловтар мен Шахтинск қаласынан Лопатиндер отбасы үшінші орыннан көрінді. Бұл номинацияда бір мамандықты бірнеше буын жалғастырып, еңбекті отбасылық құндылық деңгейіне көтерген әулеттердің жолы сараланды. Олардың әрқайсысы кәсіби сабақтастықтың сақталуы еңбек мәдениетінің қалыптасуына ықпал ететінін көрсетіп отыр.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясының жеңімпазы Шахтинск қаласындағы «Qarmet Machinery» ЖШС токарі Жарасқан Әбдрешов болды. Екінші орын Қарағанды қаласындағы №3 гимназияның педагог-психологы Алена Сыскинаға берілді. Үшінші орынға Бұқар жырау ауданынан Майгүл Аскарова мен Қарқаралы ауданынан тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Беркут Бейсенаев ие болды.
Жарасқан Әбдрешов үшін тәлімгерлік – тек тәжірибе үйрету емес, мамандыққа деген жауапкершілікті қалыптастыру. Ол өндірісте жинаған мол тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, токарь кәсібінің қыр-сырын кейінгі буынға үйретіп келеді.
– Өндіріс саласында көп жылдан бері еңбек етіп келемін. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, бүгінгі жетістік – бір адамның ғана еңбегінің нәтижесі емес, тұтас ұжымның ортақ жеңісі. Бірі санақ жүргізіп, бірі өнімді құрастырып, әрқайсысы өз міндетін жауапкершілікпен атқарады. Бұл марапатты өзіммен бірге талай жыл еңбек еткен әріптестерімнің де жеңісі деп білемін. Барша еңбек адамдарына айтарым – өз мамандығыңызды құрметтеп, ісіңізге адал болыңыздар. Еңбек ешқашан жерде қалмайды. Мен үшін «Еңбек жолы» байқауы жай ғана сайыс емес, адамның кәсібилігі, жауапкершілігі мен көпжылдық тәжірибесіне берілген баға. Қарапайым жұмысшы еңбегінің осылай жоғары бағаланғанына қуаныштымын. Адал еңбек – абыройдың бастауы. Еңбекке деген адалдық – адамды үлкен жетістіктерге жетелейтін қасиет. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізді сыйлап, түсіністікпен қарап, мейірімділік пен ізгілікті серік ете білейік, – деді жеңімпаз Жарасқан Әбдрешов.
«Өндірістің үздік жас маманы» аталымында Ақтоғай аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері, бөлім меңгерушісі Әлихан Махамбет бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды Балқаш мыс балқыту зауытының конвертершісі Болат Мұхамедяр иеленді. Үшінші орын Приозерск қаласының №2 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Ақниет Агатаева мен Қарағанды қаласындағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Қарағанды пайдалану бөлімшесіне қарасты электровоз машинисі Айдын Жақсылыққа берілді.

Әсіресе, жас мамандардың қатарында медицина, өндіріс, білім және теміржол саласының өкілдерінің топ жаруы еңбек нарығындағы түрлі кәсіптің маңызын аңғартады. Олардың кәсіби жолы туған өңірде еңбек етуге ниетті жастарға да бағыт-бағдар бола алады.
Еңбек күніне арналған салтанатты шарада облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов маңдай терімен жетістікке жеткен азаматтарды құттықтап, олардың еңбегі өңірдің өркендеуіне тікелей үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында өңіріміз дамып, ел игілігі артып келеді. Әкеден балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан еңбекқорлық пен ізгі дәстүр әр шаңырақта, біздің облысымызда дами берсін. Сіздердің еңбектеріңіз – Қазақстанның, соның ішінде туған өңіріміздің өркендеуіне қосылған үлкен үлес. Бүгінгі марапат баршаңызға құтты болсын! Үлкендерімізге зор денсаулық, әр отбасыға амандық пен береке тілеймін. Осындай жақсы шараларда жүздесіп, қуанышты сәттерді бірге бөлісе берейік, – деді Нүркен Қобжанов.
Облыстық кәсіподақтар орталығының аумақтық бірлестігінің төрағасы Болат Жұмабеков «Еңбек жолы» байқауының он жыл ішінде еңбек адамының мәртебесін арттырып, еңбек дәстүрін дәріптеудегі маңызына тоқталды. Байқаудың жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, тәлімгерлік пен еңбек әулеттерінің сабақтастығын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
– «Еңбек жолы» байқауы 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл байқаудың он жылдығы аталып отыр. Осы уақыт ішінде бұл жоба еңбек адамын дәріптеп қана қоймай, жастар арасында еңбек дәстүрін, тәлімгерлікті, еңбек әулеттері мен ұжымдық бірлікті насихаттайтын маңызды бастамаға айналды. Байқаудың Еңбек күніне орай ұйымдастырылуы да осы мақсатпен үндеседі. Облыстық мәслихаттағы «Еңбек» депутаттық тобы да еңбек адамдарының мәселелеріне ерекше назар аударады. Сіздердің ұсыныс-пікірлеріңіз бен мәселелеріңізді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуге әрдайым дайынбыз. Облыс әкімі басқаратын облыстық үшжақты комиссия аясында да еңбек ұжымдарында туындайтын мәселелер назардан тыс қалмай, тиісті деңгейде қаралады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Болашағымыз білімді, белсенді, озық ойлы, мақсатшыл азаматтардың қолында». Бүгінгі марапат иелері – осы сөздің жарқын үлгісі. Еңбек адамын құрметтеу, оның кәсібилігі мен табанды еңбегін бағалау дәстүрі жалғаса берсін, – деді Болат Жұмабеков.

Еңбек жолы – бір күнде қалыптасатын жетістік емес. Оның артында жылдар бойғы тәжірибе, кәсіби ізденіс, табандылық пен өз ісіне деген жауапкершілік тұр. «Еңбек жолы» байқауы осындай адамдардың кәсіби тарихын көпшілікке танытып қана қоймай, еңбекті қадірлеудің, мамандықты құрметтеудің және тәжірибені кейінгі буынға аманат етудің маңызын көрсетеді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



