ШЕТТІҢ шырайы кіреді

     Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ жұмыс сапарымен Шет ауданында болды.

IMG_7858

Ақадыр кентінде 285 адам баспана алуға кезекте тұр. Бұл мәселені шешу мақсатында билік өкілдері бос қалған көпқабатты үйді жөндеуді ұйғарған.

– Сіздердің ауданда құрылыс көрсеткіштері өте төмен екенін айта кету керек, – деді облыс  әкімі Ерлан Қошанов Шет ауданының активінде. – Соңғы жылдары сіздерде бір де бір үй салынбаған. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да тек екі нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл өте аз. Ал, Ақадыр кентіндегі бос қалған тұрғын үйді қалыпқа келтіруге тоқталар болсақ, мен өзімнің орынбасарларым мен тиісті басқарма басшыларына аталмыш мәселені жылдамдатып шешуді тапсырамын.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Шет ауданы Ақжал кентінде құны 74 миллион теңге болатын 12 пәтерлі үй мен Ақсу-Аюлы кентінде 34 миллион теңгеге 4 пәтерлі таунхаус салыну жоспары бар.

Облыс әкімі, сондай-ақ, Шет ауданындағы жол мәселелеріне үлкен назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.

Биыл аудандағы жол жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 660 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа орташа жөндеу жүргізіледі. Шет ауданына барлығы 508 шақырым жол тиесілі. Оның жартысы биыл жөнделсе, қалғанына келесі жылы бюджеттен бір миллиардтан астам қаржы бөлінбек.

Актив отырысында Шет ауданы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері жөнделіп жатқан жолдардың сапасы жіті қадағаланса екен деген тілек білдірді. Бұл ретте, облыс әкімі ол үшін арнайы комиссия құрып, оның құрамына ардагер-жол жөндеушілер, аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелерін енгізуді ұсынды.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов өзі туып-өскен С.Сейфуллин атындағы кентте де болып қайтты. Елді мекендегі әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті ақсақалдар қауымымен және алғашқы ұстаздарымен кездесті.

Аймақ басшысы 1936-шы жылы ашылған «Жарық» станциясының теміржол вокзалының жағдайымен танысты. Аталмыш нысанның сыйымдылығы – 120 адам. Үш жыл бұрын мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жасалған болатын. Биыл вокзал басшылығы перронды қалпына келтіріп, ғимарат маңайына кеспе тастар төсеуді көздеп отыр.

– Кезінде бұл жерде тамаша перрондар болатын, станцияның өзі де көрікті еді, – деп еске алды облыс әкімі. – Оның барлығын қайта қалпына келтіріп, жан-жағын көгалдандыру керек. Бұл – кенттің орталығы, жанында мәдениет үйі орналасқан. Сондықтан, оның барлығын кешенді түрде абаттандырған жөн.

Ерлан Қошанов 2015 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы ауылда ашылған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен де танысты. Бұл медициналық мекеме бір мезгілде 60 науқасты қабылдай алады. Күндізгі стационары, акушерлік-гинекологиялық, терапевтік және стоматологиялық кабинеттері бар. Амбулатория С.Сейфуллин атындағы кенттің 4000-ға жуық тұрғындарына және маңайдағы елді мекен адамдарына қызмет көрсетеді.

Денсаулық сақтаумен қатар, кентте білім беру саласына да жіті назар аударылады. Тұрғындарының аздығына қарамастан, бұл елді мекенде орта мектеп те, балабақша да бар. Мектепте 30 ноутбукпен жабдықталған компьютерлік сынып, қажетті құралдармен қамтылған химия, физика, биология және технология кабинеттері бар. Білім ошағында 588 бала тәлім алады.

Кезінде бұл мектепте облыс әкімі Ерлан Қошанов та білім алған. Аймақ басшысы алғашқы ұстаздарымен кездесті.

– Мен математика пәнінен сабақ бердім. Сондықтан, әрдайым өз оқушыларыма: «Кімде кім математиканы жақсы білсе, әр қадамын есептеуге қабілетті болады. Нәтижесінде, келешекте биік белестерді бағындыра алады» дейтінмін, – деп еске алды Ерлан Қошановтың сынып жетекшісі Мәрия Қазыбекқызы. – Ерландай шәкіртім өзінің туған жері, облысы, елі үшін қолынан келгенінің барлығын жасайтынына үміттімін.

Ұстаздарымен және жерлестерімен кездесу барысында облыс әкімі Елбасының қойған міндеттерін орындай отыра, Қарағанды облысының дамуы үшін барлық жағдай жасайтынына уәде берді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.