Шахтерлер шаһарындағы шырайлы күн
Кеншілер мерекесі құрметіне орай Қарағанды қаласының Орталық саябағында бірнеше іс-шара өтті. Қала әкімдігі, ішкі саясат бөлімі және облыстың кәсіпкерлер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен қалалық фестиваль қала жұртшылығына күннің райына қарамастан, тамаша көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, кеншілерді, қала тұрғындары мен қонақтарды қала әкімі Нұрлан Әубәкіров құттықтады.
– Қарағандының гүлденуінің негізгі кепілі – қара алтын саналатын көмір. Сондықтан, осы күні өз өнерін, білімін, тәжірибесін таукен саласына арнаған кеншілерге деген ілтипат та ерекше. Елімізде шахтер мамандығы үлкен құрметке ие. Қаламыздың, облысымыздың, қала берді еліміздің игілігі үшін еңбек ететін шахтерлер аса күрделі әрі қауіпті жағдайда жұмыс жасайды. Экономикамыздың дамуы мен еліміздің әл-ауқаты сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Әр отбасының үйіндегі жайлылық, жылулық – кенші еңбегі арқылы келеді. Осы күні өңірдің еңбек жылнамасына үлес қосып, көмір саласының әрі қарай табысты дамуына негіз болған ардагерлерге, құрметті кеншілерге ерекше алғыс білдіреміз, – деді құттықтау сөзінде Нұрлан Ерікбайұлы.
Жыл сайын өткізілетін «Біз – қарағандылықтармыз» қалалық фестивалі кеншілер күнінде сегізінші рет өткізілуде. Әлеуметтік маңызы бар шаралар топтастырылған жоспарға биылғы жылы жаңа байқау енгізілген екен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін жалпыреспубликалық «Жомарт жүрек» сыйлығының өңірлік кезеңі ретіндегі «Қайырымдылық кубогы» иегерлері де осы күні анықталды. Соңғы екі айда қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің өкілдері сараптамалық кеңес аясында қарағандылықтарға қолдау көрсетіп, көмек қолын созған, аулаларды, саябақтарды және көшелерді абаттандырған, өмірімізді қызықты әрі мазмұнды етуге атсалысқан қала меценаттары мен қайырымды жандардың жобаларымен, халық пікірімен танысқан.
Аймақтық «Жомарт жүрек» байқауы бес аталым бойынша өтті. Сараптама қорытындысы бойынша, туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғаны үшін, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, ата-ана қарауынсыз, жетім қалған балаларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Бүкілқазақстандық Киокушинкай каратэ ұйымы» РҚБ директоры Тимур Райымбеков «Жыл меценанты» аталымына лайық деп танылды.
Елді мекендерді абаттандыруға, демалыс бақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын реконструкциялауға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім және спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған «Қазақ-корей достығының «ЕрНұр&Ника» қоғамдық қорының президенті Игнатий Тё «Туған өлке» аталымына ие болды.
Белсенді азаматтық ұстанымы, әрі түрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін Болат Қожақпаев «Жыл тұлғасы» аталымына лайық деп танылды.
Әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды және акцияларды жүзеге асырғаны, қайырымдылық көмек берудің жаңа әрі тиімді түрлерін енгізгені және қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасағаны үшін «Альфарух» ЖШС марапатталды. Сондай-ақ, «Ерен еріктілік» волонтерлік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін Андрей Савчук та кубок иегері атанды.
Облыс тұрғындары мен қонақтарының арасында Қарағандыны мәдени және экономикалық дамудың орталығы ретінде түсінік қалыптастыруды мақсат еткен фестиваль аясында қаланың шығармашыл адамдары қатысқан «Әнім саған, Қарағанды» байқауы да өтті. Бұған дейін кәсіби алқа мүшелері 10 таңдаулы ән мен байқау лауреаттарын іріктеген. Ал, ақтық сында үміткерлерге көрермендер де дауыс берді. Жоба Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасының бір бөлігі. Сахна төрінде айтылған әндердің көпшілігі Астананың 20 жылдығына арналды. Яғни, «Әнім саған, Қарағанды» байқауының негізгі мақсаты бағдарламаның негізгі мақсаттары мен міндеттерін көрсетеді.
Жобаны дайындаған да, жүзеге асырған да қарағандылықтардың өздері. Қарағандылық кәсіби композиторлар мен талантты адамдар жобаға отыздан астам шығарма ұсынған. Олардың көпшілігі – Қазақстанның бас қаласы Астана мен туған өлкеге, шағын отандарына арналған. Биыл әннің орындалуы емес, әннің өзі бағаланды. Кәсіби қазылар алқасының құрамында композитор әрі әнші Марат Бекішев, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Амантай Ибраев, облыстың композиторлар одағының төрағасы Марат Сутюшов, халықаралық байқаулардың лауреаты, мәдениет қайраткері Меруерт Ибраева, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақытқали Мұсабеков сынды облыстың өнері мен мәдениетіне үлестерін қосып жүрген майталмандар болды.
Әр алуан бағытта жазылған әндердің көпшілігінің авторлары қарағандылықтардың өздері. Нәтижесінде, қазылар алқасының төрелігі мен көрермендердің дауысы бойынша «Әнім саған, Қарағанды» байқауының жеңімпазы ретінде «Ұландар» дуэтінің орындауындағы Қанат Мерсалимовтың авторлығындағы «Елім – нұрлы Қазақстан» әні танылды. Бас жүлдеге сыйлық ұсынған – «Полтаренко» ЖК. Конкурс лауреаттарына дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Мереке соңы кешкілік «КВН» клубы мүшелерінің көрінісіне ұласып, «Қарағандының жастық шағы» ретро-концертімен жалғасты. Қарағанды эстрадасының орындаушылары мен музыканттары өткен жүз жылдықтың 70- ші, 80-ші жылдарындағы әндерді шырқады. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары караоке байқауына да қатысты.
Кеш соңы мерекелік отшашуға ұласты.
Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»