Шахтада қалған бір кеншіні іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда – ТЖД
Бүгінде Костенко атындағы шахта апатынан қаза тапқан 45 кеншінің мәйіті жер бетіне шығарылып, туыстарына тапсырылды. Марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі 30, 31 қазан және 1 қараша күндері өтеді.

Өкінішке орай, шахтада қалған бір кенші әлі іздестірілуде. Соңғы кеншіні тапқаны жөніндегі ресми ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігі әлі де растаған жоқ. Жарылыс өте күшті болғандықтан адам денелері айтарлықтай бөлшектеніп кеткен. Сондықтан іздеу жұмыстары қиынға соғуда.
Әскери мамандандырылған апаттық құтқару қызметінің мамандары іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандар іздестіру жұмыстарының қиынға соғып жатқандығын айтады. Себебі, күшті жарылыстың салдарынан тау-кен үйінділері, шахта қондырғыларының бөлшектері барлық жолды жауып тастаған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz