Сейілдің гитарасы

Бұл Сейіл – тірі қалған Оғызыңдай!
Гитара – Қорқытыңның Қобызындай!
Арқаға Еуропаң көшіп келді,
Қазақтың үйірмен үш тоғызындай!
Алашты адамзаттан биіктетіп,
Жеріне жеті нота сыйып кетіп;
Гитараң Қобыздайын боздап кетті,
Сейілдің саусақтары тиіп кетіп!
Көңілді ел бақсыға еріп көтерген-ді,
Қаншама жақсыма еріп, бөтен келді.
Моцарттың «Түрік маршын» домбыраға,
Салып бір Мағауия көкем келді…
Алаштың жүрген жері – адамшылық,
Алдымнан жебейді ылғи Далам шығып;
Жаһанға Мен сіңбеймін бұлар барда,
Жаһаның кетер қайта Маған сіңіп!
Кеткен жоқ бойдан – қуат,
Ойдан – аңыз,
Көрінер Бекзат тұлғам тойда – нағыз;
Сайтанмен ойнасаң да,
Жаһандану,
Қазақтың Жүрегімен ойнамаңыз!
Керуенге ілеспей сан жолда қалдым,
Көшімді, сонсоң, әзер оңдап алдым,
(Қазақтың жүрегімен ойнап-ойнап,
Ойыны осылмады-ау, оңбағанның!).
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ