Бас тақырып

Саяжай – сапалы өнім көзі

Азық-түлік қауіпсіздігі – кез келген мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі мейлінше маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан, бұл жайт өзінің өзектілігі тұрғысынан жаһандық сипатты иеленетіні күмәнсіз. Бүгінде осынау өзекті жайтты шешудің тиімді тетіктерінің бірі – саяжайлар, бау-бақша және жеке қосалқы шаруашылықтарға айрықша басымдық беру болып табылады. Оған мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп, құқықтық реттеу шаралары одан әрі пәрменді бола түсуі шарт. Осы мәселеге орайлас Парламент Сенатының бір топ депутаттары Үкіметке сауал жолдағаны белгілі. Біз депутаттық сауалдың мәнісін зерделеу мақсатында аталған құжатқа бастамашы болғандардың бірі, сенатор Рысқали ӘБДІКЕРОВКЕ жолығып, көкейдегі көптеген сұрақтарға жауап тапқан едік…

  • Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда азаматтардың жеке қосалқы шаруашылығындағы өнімдері ауыл шаруашылығы өндірісінің 50 пайызын құрайды. Мәселен, қосалқы шаруашылықтарды есепке алмағанда, тек саяжай иелерінің өз меншігіндегі 6 сотық учаскесінде бір тоннаға дейін химикатсыз, органикалық жеміс-жидектер өсіре алады екен. Соған орай, Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, елімізде 302 799 саяжай учаскесі бар екенін ескерсек, саяжайда өнім өндіретін халық азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға елеулі үлес қоса алады деп санаймыз, – деді Рысқали Қалиақпарұлы.

Алайда, олар бүгінгі өз шаруашылығын дамыту жолында көптеген проблемаларға тап болуда. Атап айтсақ, коммуналдық инфрақұрылымның дамымай қалуы, қоқыс шығару тарифтерінің қымбатшылығы, бюджетке төленетін салық құнының өсуі, саяжайшылар жеке тұлға бола тұра электр қуаты төлемін заңды тұлға ретінде төлеуге мәжбүр екендігі және тағы да басқа осытектес кедергілердің бой көрсетуі.

Сонымен қатар, соңғы кездері әлеуметтік жағдайы төмен кейбір отбасылар саяжай учаскелерін ресми тіркеусіз, тиісті құжатсыз тұрақты баспана ретінде пайдаланып отырғаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде көші-қон мәселесіндегі заңсыздықтарға соқтырып, түрлі қылмыстар санының көбеюіне әсер етуде.

Осы және өзге де себептермен саяжай учаскелерінің саны жылдан-жылға күрт азайып келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2013 жылы елімізде 520 044 саяжай учаскелері болса, соңғы 5 жыл ішінде олардың саны 200 мыңға дейін кеміген. Өйткені, олардың құқықтық мәртебесі заңнамалық тұрғыда мүлдем қорғалмаған. Мәселен, көршілес Ресейде «Саяжайлар және баубақшалар туралы» Заң 2017 жылы қабылданып, биылғы жылдан бастап, қолданылуда.

Жоғарыдағы мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолданды. Онда күрделі жайттың күрмеуін шешуге, істі ілгері бастыруға қатысты төмендегідей мазмұндағы бірқатар ұсыныстар қоса берілді:

Оның алғашқысы, саяжайлар, бау-бақша және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту бойынша 2019-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдау;

Екіншісі, алдағы халық санағын өткізу барысында қала маңындағы саяжайлар мен бау-бақша учаскелеріне және қосалқы шаруашылықтарға беруге болатын бос жер учаскелеріне түгендеу жұмыстарын жүргізу; .

Үшіншісі, түгендеу жұмыстарының нәтижесі бойынша саяжай учаскелеріне қажетті инфрақұрылым жүйелерін анықтап, сол мақсатқа жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру;

Төртіншісі, саяжайлар, бау-бақша және жеке қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсету аясында саяжай кооперативтеріне және жеке тұлғаларға Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациялар арқылы шағын несиелер мен субсидиялар беру ісін жолға қою;

Бесіншісі, саяжай иелерінің салықтық төлемдеріне жеңілдік енгізу мақсатында Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 289-шы бабына бағбандардың тұтыну кооперативтерін, пәтер (үй-жайлар) иелерінің кооперативтері сияқты өзгерістер енгізу жайын қарастыру.

Осы мәселелерге қатысты Үкімет тарапынан оң шешімдер қабылданса, саяжай учаскелерін алып, өз өнімдерін өндіруге ықылас танытатын адамдардың қатары айтарлықтай арта түсері анық. Солай болған жағдайда бұл үдерістің жеке адам үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін игілікті қайтарымы ересен екендігіне еш күмән келтіруге болмайды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button