Саяқ: ауызсу келер күн жақын

1964 жылы тамызда қадасы қағылған кеніштен 1970 жылы кентке айналған, Балқаш қаласынан – 210, облыс орталығынан – 520 шақырым қашықтықта жатқан Саяқ бүгінде батысында – Ақтоғай ауданымен, шығысы мен оңтүстігінде – Алматы, теріскейінде – Шығыс Қазақстан облысымен шектеседі. 378 гектар жері бар аумақта 3175 адам тұрады. Соның кент басындағысы – үш мыңға жуықтайды, қалғаны – 1990 жылдан бері Саяқты сағалаған «Ащыөзек» стансасында.

Кентте жарты мыңдай адамды жұмыспен қамтып отырған кеніштен басқа, ірілі-ұсақты 23 кәсіпорын-мекеме бар. 81 адам күнкөрісін кәсіпкерліктен айырса, жұмыссыз жүргені – 64. Көпқабатты 4 үй (314 пәтер) және екі басты 280 коттедж бар. 105 коттедж пешпен жылытылады. Бірақ, қазір тұрғындар қабырғасына қатты батып отырғаны – от жағып, күл шығару емес, ауызсу зәрулігі. Мыспен қоса алтын мен мәрмәрға қарық қылған Құдайтағала суға келгенде сараңдық жасапты.

Кентті ауызсумен жабдықтау үшін Төменгі Тоқыраудың жерасты көзінен 165 шақырымдық сутаратқыш тартылған. Су қоймасының қазіргі деңгейі 1,37 метр. Ішкі коммуникацияны күтіп ұстаумен және қызмет көрсетумен «Балқаш Су» кәсіпорны айналысады. Су құбыры жүйесі жалпы – 37,2 шақырым (26,5 – магистральдық, 10,7 – орамдық), кәріз жүйесі – 18,4 шақырым (5,9 – магистральдық, 12,5 – орамдық).

Тұрғындарды сапалы сумен ырғақты жабдықтау мақсатында бюджеттік бағдарламаға сәйкес Қарағанды облысының әкімдігі мен «Азимут Геология» ЖШС жерасты суын іздестіру-барлау жұмысын ұйымдастыру мен жүргізу үшін былтыр 2 ақпанда келісім-шартқа отырды.

Жер бетін геофизикалық зерттеу мамырда басталды. Тамызға дейін 134 қума метрге кескіндеме жасалып, бұрғы түсетін тұс тәптіштелді. Нәтижесінде әрқайсысының тереңдігі 200 метр болатын 17 оқпан бұрғылауға шешім шықты. Қосымша шолу барысында оның қатары тағы төртеуімен толықты.

Атқарылған жұмыстың аясында гидрогеологиялық және гидродинамикалық ерекшелігі бір-бірінен айтарлықтай алшақ үш телім анықталды. Кенттің оңтүстік-батысына қарай 16-25 шақырымда, су соратын №56 насос тұсындағы телім оқпанның өнімділігі мен судың сапасы жағынан тиімсіз болып шықты. №4 насос төңірегіндегі екінші жобалық телім де соның кебін киді.

Үмітті үрлеген – үшіншісі. №14-20 оқпан бұрғыланған ол кенттің солтүстік-батысынан 3-12 шақырымда, салыстырмалы түрде анағұрлым қолайлы гидрогеологиялық жағдайы бар жерде жатыр еді. Телімнің су жиналған алаңы – 152 шаршы шақырым. Жерасты суын толықтыратын негізгі көз – атмосфералық шөгінді. Алдын ала есепке қарағанда, содан секундына 13,2 литр су жиналады.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов былтыр қыркүйекте ауызсудың азабын тартқан аймаққа атбасын бұрды. Облыс басшысының баспасөз қызметі былай деп жазды: «…Су тәулігіне небары бірнеше сағатқа ғана беріледі. Оған себеп – кентті сумен қамтып отырған «Тоқырау-Саяқ» сутаратқышының әбден тозығы жеткен.

Бұл мәселені облыс әкімі Ерлан Қошанов қатаң бақылауға алды.

Бүгінгі таңда бұл мәселені ең тиімді жолмен шешу тәсілі табылған сыңайлы. Геологтар жер астындағы суға барлау жасап, оң нәтижеге қол жеткізген» («Саяқ сумен қамтылады», «Орталық Қазақстан», 21.09.17).

Бұрын неге бұлай істемеген?! Сала маманының сөзіне сенсек, кеңестік кезеңде бүгінгідей бұрғы болмады. Қондырғының қуаты қазіргідей 200 емес, әрі кеткенде 60 метр ұңғы қазуға жетті. Ал, ондай тереңдіктен су кездеспей, діңкелетті. Соның салдарынан Балқаштан құбыр тартуға тура келді. Егер енді жаңадан тағы тартса, су құбыры шамамен 3 млрд. теңгеге түсер еді.

Әрине, қолға алынған шаруа – жеделдетіп жасай салатын жеңіл-желпі дүние емес. «Процедуралық жайттар бірнеше айға созылады. Жер қойнауы жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі келесі жылдың жазында шығады деген болжам жасалып отыр» деп жазды облыс әкімінің баспасөз қызметі былтыр қыркүйекте. Бірақ, жергілікті билік «келесі жылдың жазын» күтіп отырмады.

«Тоқырау-Саяқ» сутаратқышының 1,7 шақырымына ағымдағы жөндеу жасауға 75,6 млн. теңге қаражат қарастырды. Оны тендерде топ жарған «Асмир құрылыс-сервис» ЖШС игерді. Кейін тағы қосымша келісім-шарт жасалып, былтыр жұмсалған жалпы қаржының көлемі 222,614 млн. теңгеге жетті. Үш апатты телімде 7,4 шақырым құбыр айырбасталды.

Сметалық есеп-қисапқа сәйкес 1,7 шақырымға d530мм. болат құбыр қарастырылған. Алайда, техникалық кеңесте ортақ шешімге келген тапсырыс беруші, «Балқаш Су» мен «Асмир құрылыс-сервис» өкілі оның орнына d315мм. пластик құбыр тартты. Бұл су құбырын сенімді әрі анағұрлым ұзақ пайдалануға мүмкіндік береді. Өйткені, ол тоттанбайды және 16-20 атмосфералық қысымға шыдайды. Қазіргі сутаратқыштың ауа қысымы – 8 атмосфера.

Сонымен қатар, былтыр Саяқта салынатын су жинау құрылғысының жобалау-сметалық құжатын жасауға 35 857 млн. теңге бөлінді. 8 қарашада байқау жарияланды. Бірақ, жарты айда ешбір өтінім түспей, байқау өтпеді. 4 желтоқсанда қайта жарияланған байқауда үш үміткер бақ сынады. Қорытындысында «Береке» фирмасымен келісім-шарт жасалды.

Сөйтіп, Саяқты сапалы сумен жабдықтауға бағытталған жұмыс өзінің жүйелі жалғасын табуда.

Әлібек Әбдіраш.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.