Жаңалықтар

Сауаттылық – жаңғыру бастауы

Бұрнағы күні еліміз бойынша ұйымдастырылған «Астана – бейбітшілік бесігі» атты жалпықазақстандық диктант жазу біздің аймақтық 40 мыңға жуық тұрғынын қамтыды. Облыс орталығындағы Достық үйінде өткен шараға төменгі сынып оқушыларынан бастап, студенттер, егде жастағы түрлі этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында ұйымдастырылған шара Астананың 20 жылдығына арналған.

– «Астана – бейбітшілік бесігі» жалпықазақстандық ашық диктанты облысымыздың барлық аумағындағы түрлі мекемелерде өтуде. Оған ниет білдірген кез келген өзге ұлт өкілі қатыса алады. Диктант нәтижелері арқылы біз қоғамның мемлекеттік тілді меңгерудегі қызығушылығын, сауаттылығын бағамдай аламыз. Сауатты болу – қай заманда да өзекті. Қазіргі қоғам жағдайында оның маңызы еселеп артуда. Бұған дейін облысымыздың жекелеген аудандарында жалпы диктант өткенімен, мұндай көлемде бір мезгілдегі шара алғаш рет ұйымдастырылуда, – деді облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры Ерлан Құсайын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл диктанттың мәтіні бір күн бұрын ғана белгілі болды. Мамандар тіл білген адамға ол қиынға соқпайды деп отыр. Ашық диктанттың қатысушыларының бірі – Саадиллах Норматов қаладағы политехникалық колледждің студенті. Ұлты тәжік болса да, қазақ тілінде диктант жазу қиын еместігін айтты.

– Мен қазақ тілін мектептен білемін, түсінемін. Менің қазақ достарым көп. Сондықтан, еш қиналмаймын деп ойлаймын. Тек, мектепте диктант жазғанда «ң» мен «н» әріптерінен шатастыратынмын, диктант барысында ол қателікті жібермеуге тырысамын,– дейді ол.

 «Қоғамдық келісім» мекемесі алдағы уақытта латын қарпіндегі осындай диктантты өткізуді жоспарлауда.

– Латын қарпінің жалпы емлесі бекітілмесе де, негізгі әріптердің таңбалануы баршаға белгілі. Көру, жазу оны қабылдау дағдыларын қалыптастыра беру мақсатында қызметкерлеріміз әзірге аптасына бір рет латын оқыту орталығынан білім алуда. Бұл мәселені сырттан бақылап отырған көрермендей болмай, өз болашағымызға қатысты осындай маңызды шараға ат салысуымыз қажет деп ойлаймын, – дейді Ерлан Құсайын.

Жансая Омарбекова,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button