Бас тақырып

«Сарыала қаз оралды сазға тағы…»

Қазақтың сары даласында сарыала қаз дейтін киелі құс бар. Қасиетті құсты қазақ «итала қаз» деп атап, түрлі аңыз да тудырған. Оны атпаған, ауламаған. Сарыала қаздың табиғатынан қазаққа ұқсастығы – көшпелілігі. Ол мамыр айының басында басқа дала (су) құстары сияқты балапан шығара бастайды. Ұясын көбіне биік жартастың қуысына салады және аталығы ұядан ұзап кетпейді. Балапаны зәу биіктен құласа да, мертікпейді. Сол маңдағы өзен-көлге жеткенше түрлі сынақтан қаймықпай өтеді. Бұл қасиеті де асқақ рухты қазақтан аумайды. Ал, көлде өзге де дала құстары азан-қазан күй кешіп, мамырға жеткенін тойлап жатады. Сарыала қаз ешқайсына соқтықпай, араласып кетеді. Қазақ халқы да өз жеріндегі түрлі ұлт пен ұлысқа қабақ шытпай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр

Мамыр айында болатын бұл құбылысты Мұқағали:

«Сарыала қаз оралды сазға тағы,

Ақ тырналар аспанды боздатады.

Сұқсыр көкек тоғайдан сұңқылдаса,

Қай-қайдағы мұңымды қоздатады…» деп жырлапты.

Мамыражай мамыр – шаруалар үшін қадірлі ай. Мамырда жауын-шашын көп жауып, дала жасыл түске боялып, жан-жануарлар түлеп, өсімдік гүлдейді. Қазақтың:

«Көк шығып жерге балауса,

Тояттады мал біткен.

Жан-жануар исініп,

Мамырлап тірлік жан біткен» дейтіні де осыдан болса керек.

«Мамыр сөзі – құс атаулыға байланысты көктемгі табиғат құбылыстарының ерекшелігінен туған» дейді кей деректер. Себебі, қазақ күнтізбесін зерттеушілер, көлге қонған қаз бен үйректің бабына келіп, семіріп, балапандап, мамырлап қалу құбылысымен байланыстырады. Яғни, құстардың семіріп, ұша алмай, мамырлап қалған сәтімен теңестіреді.

Сонымен қатар, мамырда түрлі амалдар мен табиғат құбылыстары орын алады. Мұның өзі бірлік мерекесі тойланатын айдың философиясынан хабар берсе керек.

Адам – табиғаттың бір бөлшегі. Сондықтан да, өміріндегі түрлі маңызды дүниелер табиғаттағы ерекше көріністермен астасып жатады. Күллі табиғат ерекше түрленіп, азан-қазан күй кешкен мезетте ынтымақ-бірлік күнінің тойлануы да заңды.

Ал, Халықаралық ынтымақтастық күнін тойлау қай елде басталғаны туралы да дерек мол.

Бұл дәстүрді кейіннен айтылып жүргендей большевиктер ойлап таппаған. Тіпті, Американың Чикаго қаласында митингке шыққан жұмыскерлерден басталды деген де дұрыс емес екен. Бұл мерекенің туу тарихы Ежелгі Римге барып тірелетін көрінеді. Римдіктер үшін 1-ші мамыр Майя құдайдың құрметіне салтанатты түрде құрбандық шалатын мереке болған. Ежелгі итальян мифологиясында Майя – көктем құдайы, жемістіліктің қамқоршысы. Күнтізбедегі мамыр айы да Майяның құрметіне аталыпты деседі.

Енді, осы тұста «Бізге қалай жетті?» деген сауал туындайды. Посткеңестік елдер арасында аталған мереке алғаш 1890 жылы Варшавада аталып өтіпті. Кеңестік дәуірде жұрт «Бейбітшілік, еңбек, мамыр» деген ұран жазылған плакаттар мен гофрирленген картоннан жасалған үлкен қалампырларды қолдарына ұстап, салтанатты түрде көшеге шығатын болған.

Кейін әрқайсы өз алдына отау құрғаннан кейін, мерекеге өзгеше мән беріп, өз халықтарының әдет-ғұрпын сақтап, бұл күнді демалыс күні ретінде белгіледі. Әлемнің 70-ке жуық елінде де бұл күн өздерінше аталып өтіледі.

Байқасақ, «Бірлік» ұғымы қазақпен бірге туғандай. Өйткені, кешегі жарты әлемді тітіренткен көк түркілердің дәуірінде де бірлік басты рөл атқарған. Талай сұрқия зымияндар жерін жаулап алмақшы болғанда ымыра-бірліктің арқасында тығырықтан шығып отырған.

Қазақтың бөлініп шығып, жеке хандық құратын кезеңін алыңыз. Ұлы Дала төсін дүбірлетіп, азғындардың озбыр әрекетінен берекесі қашқан түрлі түркітектес ру, тайпалар Керей мен Жәнібектің көк туының астына бірікті. Ұйымдасты, ортақ тоқтамға келді, елдіктің нышанын көрсетті.

Ал, Екінші Дүниежүзілік соғыста да ұлтына, дініне қарамай біріге отырып, неміс басқыншыларының жолы кесілді. Түрлі өзге этнос өкілдерінің жерімізге жаппай қоныстандыруы басталғанда да құшағы кең қазақ халқы қабағын шытқан жоқ. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейтін өнегелі сөзін тұмар қылып тақты. Түріне, ұлтына, дініне қарамай бауырына басты. Өсіп-өнуіне, өз тамырынан ажырауға жол берген жоқ. Бір шаңырақ астында әлі күнге бейбіт өмір сүруде.

Адамзаттың дамуына бірлік пен тұрақтылық ауадай қажет екенін Еуропа елдерінен де көруге болады. Бір-бірімен қанша уақыт соғысып, азып-тозған Еуропа бүгінде біртұтас ұйымға айналып, қарыштап дамып барады. Барлығы – бірліктің арқасы.

Сонымен қатар, өзге ұлттың мәдениетіне құрметпен қарап, Қарағандыдан өзге ұлттың ұлы тұлғаларына да көше атын бердік.

Тәуелсіздік алған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай тамыры тереңде жатқан бірлік пен ынтымаққа ұмтылған, болашаққа нық сеніммен қарайтын азат елдің аппақ аңсарынан туған игі институт еді.

Осы тағылымды дәстүр әлі күнге жалғасып еліміздегі түрлі этнос өкілдері өз мәдениеті мен салт-дәстүрінен, тілінен қол үзбей емін-еркін өсіп-өнуде. Тәуелсіз мемлекетіміздің гүлденуіне де үлесін қосуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы 130- дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүретін елде достық мен түсіністіктің және келісімнің мерекесі ретінде халық жылы қабылдады.

Бейбіт өмір бақытқа жеткізерін білген еліміз оны түрлі ұлағатты сөздермен насихаттады. «Бірлік болмай – тірлік болмас», «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.

Жыл сайын атаулы мерекеде байтақ өлкеміздегі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.

Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді. Бүгінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер ұсынылып, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халықтың даналығы. Тәуелсіз Қазақстан бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктерге бірліктің, бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында жетті.

Бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, дамуы баянды болары анық. Ал, сарыала қаздың қазақтан аумайтын тағы бір қасиеті – бейбітшілікті сүйеді, берекесі жоқ жерге мүлдем жоламайды. Ендеше, киелі сарыала қаз Қазақтың Ұлы Даласын тәрк етпесін!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button