Жаңалықтар

Саптағы сарбазға РУХ беретін ән қайда?

Батыс Еуропаны бетке алған Бату ханның борт-борт желіген түмен қолдары немесе Қазақ хандығын қасқа жолға шығарған әйгілі Қасым ханның Алаш ұранды әскерлері сапта ән шырқады дегенді оқымадық та, естімедік. Тек жауға шабарда аруақтап ұран көтергенін білеміз. Аттың үстінде, жаяудан жоғары, көкке бір табан жақын жүрген соң олардың рухы онсызда ытырынып тұрмай ма?! Атқа мінсе, аруақтанбайтын қазақ кем де кем. Жаяу әскер бізге батыстан келген болу керек. Жайшылықта сапта жүргенде әндетіп бара жатады жаяу сарбаздар. Үнсіз бара жатса біртүрлі шығар, кім білген. Жалпы, өзі сапта ән шырқауды қайдан шығарды екен?

Қазақстан тәуелсіздік алғанда туған біз мектепте бертінге дейін сапта орысша әндер шырқап жүрдік. Бірыңғай орысша емес, бірақ арасында «День победы» әнін айтқанымыз есімде. «Атамекен» мен «Менің Қазақстаным» айтылатын. Алғашқы әскери дайындықтарда. «Менің Қазақстаным» онда әнұран бола қоймаған. Бұл мектепте десек, «қазір әскерде саптағы сарбаздар не шырқайды?» деген сұрақ кімді болсын мазалары анық қой. Жоғарыда біз атаған екі ән де Совет одағы кезіндегі туындылар. Өзекке тепкендік емес. Одан беріде отаншыл рухта қандай шығармалар туды екен, қазір әскерде сапта жүрген сарбаздар қандай әнді дауыстап, рухтанады екен, Отан қорғаушылар күні айтпағанда, қашан?

Бұрындары телеарналардан «Сайдың серке тасындай қатар тізілген» деп басталатын «Ән сал, сарбаз!» әнін шырқап бара жатқан әскерилердің дауысын құлағымыз талай шалған. Кеше ғана өткен Ескендір Хасанғалиев пен Қадыр Мырза Әлінің «Атамекеніндей» рухты әндерді кейіндері ести алмай жүрміз, бірақ. Ерлік пен өрліктің, намыс пен қайраттың үніндей болуы тиіс ондай әндер. Маған салса, Махамбеттің «Ханнан қырық туғанша, қарадан бір-ақ тусайшы, халықтың кегін қусайшы» немесе «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» деген сөздеріне ән жазар ма еді деп ойлаймын. Немесе «Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айғайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан

Жалынды жүрек қан қайнап,

Елді, жұртты қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап!» деген Ақтамберді жыраудың сөзі. Одан берідегі рухтың өзі осал емес еді. «Мен келемін, мен келемін, мен келем, Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар» (М.Жұмабаев) болып келетін. Тіпті, мына бертінде әнұранға айналған «Менің Қазақстанымның» өзі қандай құдіретті? Халықты жерінен айырғалы жатқанда туған, кейіннен желтоқсан қаһармандары алаңда шырқаған, елдің тағдырынан қайнап шыққан тағдырдың өзіндей ән, ән емес, құдіреттің өзі дерсің. Қазір бұлардай әндер кездесе бермейді.

Дәл осылардай демейік, бірақ намыс пен рухты оятатындай әндер қалықтауы керек емес пе азат елдің аспанында?! Қарағандыдағы 31775 әскери бөлімінің мәліметінше, сарбаздар көбіне «Анашым», «Ән сал, сарбаз!», «Есіңде ме әсем гүлі көктемнің?» деп басталатын әнді (атауын таппадық), Аманғали Сыпабектің орындауындағы «Мама» әнін және орыс әндерін шырқайтын көрінеді. Үйінен, туған жерінен шалғайда жүрген азамат анасын сағынбай тұрмайтыны белгілі ғой. Қалғаны ел арасына көп таралғандықтан, шырқала береді-ау деп ойладық біз. Бұл жерде әскерилер мен сарбаздарды кінәлауға болмас. Олар естігенін, елдің бәрі білетінін шырқай берер. Мәселе, шығарушы тарапта ма, әлде ұсынушыларда ма? Асығыс кесіп-пішуден аулақпыз, әрине. Алайда, әннің сазы мен сөзін жазып жүрген авторларға хабарласып көрдік.

Мәселен, әндері республикалық сахналарда шырқалып жүрген сазгер Есжан Әмір «Шамамен алғанда шығармашылығымның 50 пайызға жуығы патриоттық әндер» дейді. «Азаттық жыры», «Асқақта, елім», «Қазақтың баласымын», «Есіл мен Нұра – егізім», «Қарағанды вальсі», «Сарыарқам менің», тағы басқа әндерін атап өтті.

Кезінде көптеген әннің сөзін жазған ақын Қалқаман Сарин ағамызға «Патриоттық әндерге тапсырыс түсе ме?» – деген сауалмен шыққанбыз. Ақынның жауабынан да біраз сырды аңғаруға болатын сияқты: «Дәл қазір мен әнге сөз жазып жүрген жоқпын. Аса қызығушылық жоқ. Уақыт та тапшы. Кезінде бірақ өз буыныммен өз дәуірімді жырладым деп ойлаймын. Мен, менің сазгерлерім, әншілерім өз уақытында өз тыңдарманының қажетін өтеп берген сияқты. Бұл – жеке пікірім. Қателесуім де мүмкін ғой. Қазіргі таңда музыка қатты өзгеріске ұшырады. Сәйкесінше, әннің сөзі, әншінің өзі де өзгерді. Әдетте тапсырыс сазгер емес, әншілерден түсетін. Сазгерлерден сирек болатын. Өйткені, олар әнді орындаушыларға береді (сатады). Әрі қарай әншілер өз қалауымен ақындарға мәтін жаздырады», – дейді Қалқаман Сарин.

«Сапқа тұрыңдар! Түзел! Тіктел! Оңға бұрыл! Алға бас!». Осылай болғанда сіздің өзіңіз қандай ән айта жөнелер едіңіз?.. Солай «шешіле» бермек мәселе…

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button