Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Салт аттылар Қояндыға бет алды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық ат туризмі федерациясының ұйымдастыруымен салт аттылардың көпкүндік «Абайға жол» экспедициясы өтуде. Астанадан бастау алған аттылардың сапары Бұқар жырау мен Қарқаралы аудандарында жалғасын тапты.

Маусым айының 10-ында бастау алған экспедиция 30-ы күні аяқталады деп жоспарлануда. Нұр-Сұлтан – Жидебай бағытын қамтитын салт атты сапар 1000 шақырымды құрайды.

Экспедицияның басты мұраты туралы:

Негізгі мақсат – еліміздегі тарихи нысандарды атпен аралау, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Атқа міну мәдениеті» бастамасын насихаттау, Қазақстанда жылқы туризмін дәріптеу және жастарының тарихымызға, киелі жерлеріміз бен атқа мінуге деген қызығушылығын ояту. Бұл сапарды өткен жылы, яғни, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өткізу жоспарланған болатын. Алайда, әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты бір жылға шегерілді. Көпкүндік сапар Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы ежелгі Бозоқ қалашығынан бастау алып, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы жерлеріндегі киелі, тарихи орындарды аралайды, – дейді экспедицияны ұйымдастырушы, Ұлттық ат туризмі федерациясының президенті Берік Ақылбеков.

Баянауыл ауданында төрт күн аялдаған аттылар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенелеріне, Қоңыр әулие үңгіріне барып зиярат етті, Сұлтанмахмұт ақынның музейін тамашалады, Жасыбай, Торайғыр көлдерінде және Баянауыл, Қаражар, Жаңатілек ауылдарында болды.

Сапарға шыққандар ат басын Қарағанды облысына бұрды.

«19 маусым күні таңертең Жаңатілек ауылының әкімі Қуаныш Шалбаев экспедиция мүшелеріне сәт-сапар тілеп, өзі ауыл тұрғындарымен бірге тасаттық беруге кетті. Біз Бұқар жырау кесенесін бетке алып, жолға шықтық. 30 шақырым жол жүріп, Бұқар жырау кесенесіне бару керек. Бұл бағдар осы сапар барысындағы ең жақын қашықтық.

Сонымен, Жаңатілектен жолға шықтық», – деп жазды baq.kz порталында экспедиция күнделігін ұсынып келе жатқан журналист Ержан Жаубай.

«Қарсы жауған жаңбырға қарамастан аттар ширығып, жақсы жүріп келеді. Айкен тауына іліктік. Алыстан бір шаруашылық көрінді. Экспедиция жетекшісі Берік Ақылбеков бұрыла кетейік деді. Шаруашылық қызметкері Мұрат деген азамат қарсы алды», – деген Ержан Жаубай: «Қайда барсаң да дайын тұратын қазақтың дастарханы бұл үйде де алдымыздан шықты. Сары қымыз сапырылып, күрең шай келді алдымызға.

Біздің елде әлі толық дамымаған күн электр қондырғысын осы шаруашылық жанынан көрдік. Қанжығамызға қымыз құйған құтыларын байлап беріп, Айкен тауынан асар жолды көрсетіп жіберді», – деп ризашылығын білдірді. Бұқар жырау кесенесінде, салт аттыларды

Бұқар жырау ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдар Оспанов пен ауыл әкімі Ерлан Өзденов қарсы алды. Бұқар жырау кесенесінде құрбандық шалу рәсімі өтті.

Сонымен қатар, салт аттылар кесене жанындағы Бұқар жырау музейін және шағын кітапхананы аралап, тілек кітапшасына қолтаңбаларын қалдырды.

Бұқар жырау кесенесінен аттанған экспедиция Қоянды жәрмеңкесінің жұртына қарай жолға шықты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button