Жүректерді біріктірген тіл
Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты облыстық форум өтті. Алқалы басқосуға көрнекті қоғам қайраткерлері, Қазақстан халық кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің және білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер мен жастар қатысты. Бүгінгі таңда этносаралық қарым-қатынастың, өзара құрметтің, қазақстандық қоғам интеграциясының берік іргетасы және өзекті құралы болып табылатын қазақ тілінің біріктіруші рөлі – форумның басты тақырыбы болды.

Форум басталмас бұрын Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері құрметті меймандарға қазақ тілін үйренуге арналған «Сарыарқа» веб-сайтын таныстырды. Сайттың мақсаты – қазақ тілін үйренушілерге тілді тез, тиімді және ыңғайлы әдістер арқылы меңгеруге мүмкіндік беру. Сайтты әзірлемес бұрын мамандар 1 жыл көлемінде отандық және шетелдік тәжірибелерге сүйене отырып зерттеген.
Веб-сайттың мүмкіндіктері мен артықшылықтары көп. Әзірлеушілер қазақтың бояуы көрініп тұрсын деп сайттың интерфейсінің басты элементі ретінде шаңырақты алған. Сайтқа мұғалім ретінде және тіл үйренуші ретінде тіркелуге болады. Веб-сайт қарапайым деңгейден жоғары деңгейге дейін әзірленген. Кез келген тіл үйренуші деңгейін белгілеу арқылы қазақ тілін меңгереді. Деңгейді анықтау тесті «ҚАЗТЕСТ» жүйесі негізінде әзірленген.
Сайтқа 30 диктордың ішінен 10 білікті, кідіріс, екпін, интонациясы дұрыс қыз-жігіттерден құралған диктор таңдалған. Сайтта жалпы саны 5 мың тапсырма дыбысталуымен салынған. Сайт мобильді құрылғыларға оңтайландырылған.
Әр деңгей үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде лексикалық минимумды бекітуге арналған подкастар жинақталған. Екінші бөлімінде грамматиканы түсіндіруге арналған бейнесабақтар бар. Үшіншісінде жағдаяттық бейнероликтер топтастырылған. Әр бөлімде 20 сабақтан берілген.
– Уақыт талабына, сұранысқа сай мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жаңартып, ІТ технологияға бейімдеу басты назарда. «Сарыарқа» қазақ тілін үйренуге арналған веб-сайтына ЖИ тапсырмасын қостық. Тіл үйренуші берілген сөйлемді микрофонға дыбыстап, ЖИ-дің көмегімен оның сәйкестігін тексереді, яғни сөздердің дұрыс дыбысталуы мен айтылу дағдысын меңгереді. Әр деңгейде бірнеше тақырыптық сабақтар бар. Пайдаланушы әр тақырыптық сабақты жаңа сөздерді үйренуден бастайды. Әрі қарай пайдаланушы үйренген сөздерін тыңдап, оқып, жаза алады және сөйлеуді бекіту үшін жаттығуларды орындайды. Сондай-ақ, әр сабақта пайдаланушы жаттығулардың көмегімен жаңа сөздерді бекітеді. «Сарыарқа» сайты – қазақ тілін оңай әрі қызықты үйренгісі келетіндер үшін таптырмас құрал. Бұл веб-сервис оқу үдерісін тиімді әрі нәтижелі етуге көмектеседі, – деді Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері Мунира Ағымбаева.
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Иван Луков ғаламтор браузеріне арналған «Бір сөз» бағдарламасын әзірлепті.
– Бұл браузерлерде тілдік ортаны алмастыратын бірегей бағдарлама. Қолданушы браузерді ашқан бетте экранның оң жақ шетінде бағдарламаның сілтемесі менмұндалап тұрады. Сілтемені ашқанда мемлекеттік тілді меңгеруге арналған қысқа тапсырмалар тұрады. Сілтемені ашып, жауап беруге бар-жоғы 5-10 секунд уақыт жұмсалады. Тапсырмаларды орындау арқылы қолданушы өзінің білімін арттырады, – деді Иван Луков.
Сондай-ақ, қатысушылар Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының филиалы дайындаған этникалық стильдегі бұйымдардың экспозициясымен танысты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов өңірде мемлекеттік тілді дамыту бағытында 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама негізінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Облысымызда мемлекеттік тілді үйрететін 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курсы жұмыс істейді. Биыл курстарға 3260 адам қатысты. Соның ішіндегі 2550-і – өзге этностың өкілі. Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран қалаларында, Осакаров, Бұқар жырау аудандарында «Сөйлеп үйренеміз», «Мәміле», «Маржан сөз», «Оңай тіл» курстары жұмыс істейді. Тілді мәдениетпен ұштастыратын «Тілдік лагерь» жобасы да жүзеге асуда. Жобаға қатысушылар тілді меңгерумен қатар, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени құндылықтарды үйренеді. Мәселен, жобаға қатысушылардың саны 2024 жылы 20 адамға, ал, былтыр 85 адамға жетті. Биыл жоба облыстың барлық қалаларында, аудандарында ұйымдастырылып жатыр. Бұл – бірегей жоба. Сол себепті де республиканың барлық облысында жүзеге асырылуға ұсынылды. «Өнеріміз саған, Қазақстан», «Сарыарқа – ән мен жырдың мекені» секілді мәдени жобалар тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Бүгінгі форумды солардың жалғасы десек те болады, – деді Нұрлан Бикенов.
Форумға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, саяси және қоғам қайраткері, «Аналар мектебі» қоғамдық қорының мүшесі Наталья Дементьева арнайы келді. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғарылаған сайын Қазақстанның әлемдік саяси аренадағы орны да биіктей беретінін атап өтті.
– Бүгінгі Қазақстан тәуелсіздігінің тұғырын биіктетіп, әлемге өз дауысын айқын жеткізіп отырған мемлекет. Осы жолда мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі, ел бірлігінің символы, тарих пен болашақты жалғайтын алтын көпір. Оның мәртебесін көтеру тек мәдениетке қатысты мәселе емес. Бұл – мемлекеттің іргетасын берік ету деген сөз. Саналы ғұмырым мемлекеттік тілді насихаттаумен өтіп келеді. Сонау 2000 жылдан бастап, мұғалімдік жолды таңдадым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ бердім. Қазақ тілі біз үшін қашанда алдыңғы қатарда болуы тиіс. Осы стратегиялық бағытта Қазақстан халық кеңесінің орны ерекше, – деді Наталья Дементьева.
Арнайы келген құрметті меймандардың қатарында «Taldau AI Analytics» аналитикалық орталығының директоры, президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Максим Споткай да бар. Ол Қарағанды қаласы еліміздің ірі рухани орталығына айналып келе жатқанын айтты.
– Қарағандыға деген құрметім ерекше. Мұнда тарихи тұлғалардың кіндік қаны тамған. Киелі өңірге келу мен үшін зор мәртебе. Еліміз бүгінде маңызды кезеңдерден өтіп жатыр. Жаңа Ата Заңымыз еліміздің дамуына қажетті аса маңызды тарихи құжат. Жаңа Ата Заң – жаңа сын-қатерлерден аман өту үшін берілген қалқан десек те болады. Заң мен тәртіп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білім, ғылым және инновация секілді басқа да құндылықтарды қамтитын құжат – Ата Заңымыз. Осының барлығын біріктіретін аса маңызды тетік, әрине, мемлекеттік тіліміз. Мемлекеттік тіл – бұл тек қарым-қатынас құралы емес. Мемлекеттік тіл – азаматтарды маңызды құндылықтардың төңірегінде топтастыратын тетік. Сол себепті де мемлекеттік тілді құрметтеу, қадірлеу, оның дамуына үлес қосу баршамыздың қасиетті борышымыз. Бізден кейінгі толқын да осы мұрат жолында еңбек етсін десек, оларға мектеп қабырғасынан бастап қазақ тілінің қадір-қасиетін ұқтыра беруіміз керек, – деді Максим Споткай.
Форумда өз пікірлерін ортаға салған басқа да спикерлер ауқымды әрі өзекті тақырыптарды қамти келе, қазақстандық қоғамға интеграциялану және елге қызмет ету мемлекеттік тілді меңгерумен тығыз байланысты екендігіне тағы да бір мәрте баса назар аудартып өтті.
Форум әртүрлі этностық топ азаматтарының қазіргі таңда мемлекеттік тілді еркін меңгеріп келе жатқандығын және оны кәсіби қызметінде кеңінен қолдана алатындығын айқын көрсетті.
«Үкілі домбыра» байқауының жүлдегері, «Согласие» орыс мәдени орталығы қоғамдық қорының мүшесі Жамал Дзюба домбырамен күй шертті. Ол «Өзін қазақстандықпын деп есептейтін әр азамат оның ұлттық музыкасын да сүю керек», – деді.
Форум бағдарламасының соңында мемлекеттік тілді дамытуға, оның қолданылу аясын кеңейтуге және өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



