Жаңалықтар

Саңлақ НҰРҚАЗОВ мектебі

Саңлақ Серік НҰРҚАЗОВТЫ білмейтін қазақ жоқ шығар. Атағы Алашқа жайылған ақиықтың есімі жер-жаһанда танымал. Сондықтан болар, кеңес дәуірінде бокс өнерін өрге сүйрей білген шеберден тәлім алу – кез келген жеткіншектің арманы. Жас өскіндердің сол мүмкіндікке қолы жететін түрі бар. Жақында облыс көлемінде Серік Нұрқазовтың әмбебап аймақтық бокс мектептері ашылмақ.

Нұрқазов – Абай бокс мектебінің түлегі. Белгілі бапкер Андрей Райш негізін қалаған ұстаханадан һас мықтылар түлеп ұшқан. Мысалды жүздеп келтіруге болады. Бақтай Сәпиев, Олег Маскаев, Валентин Юнусов, Бақытжан Аманбаев, Александр Стрельников, Александр Зарочинцев, Данияр Мұңайтбасов, Серік Сәпиев сынды оғыландарды тізсек, жеткілікті. Бүгінде ұлттық құрама сапында жарқылдап жүрген жас өрендер – Абылайхан Жүсіпов мен Дмитрий Зиско да қаршадайынан осы мектептің жаттығу залында шелектеп тер төккен. Біздің кейіпкеріміз де бір кездері Райштың мектебінде қанаты қатайғанын мақтан тұтады.

Теміртаудың іргесіндегі Ақтау кентінде дүние есігін ашқан Секең Абайда бапкер Виктор Петышиннің қарамағында жаттығады. Кейін Қарағандыда Леонид Тілеубаевтан тәлім алады. Ондаған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін, КСРО чемпиондарын, Еуропа чемпионатының жүлдегерлерін дайындаған бапкер Тілеубаев Серік Нұрқазовты да білгеніне үйретуге бар күш-жігерін салады. Және еңбегінің өтеуі сол, Секең кейін талай дүбірлі додаларда топ жарды. Кеңес Одағының үш дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем Кубогі мен Ізгі Ниет ойындарының финалисі, КСРОның еңбегі сіңген спорт шебері атанды.

Секең ұстаздарының есімін ыстық ықыласпен атайды.

– Менің спортшы ретінде, азамат ретінде қалыптасуыма Леонид Тілеубаев зор еңбек сіңірді. Сондықтан, бұл кісінің алдында мәңгі қарыздар екенімді естен шығарған емеспін. Қарағандыға келген соң қанатына алған Ғалым Жарылғаповқа өле-өлгенше риза болып өтерім анық. Шәкірттер мықты ұстаздарының еңбегін ұмытпауы керек, – дейді саңлақ.

Ұстаздық туралы пайымы терең Секең өзі де шәкірт тәрбиелейтін уақыт келгенін айтады. Нұрқазов мектептері – осы асыл арманды мұрат тұтқан жоба екені аян. Жоспарға сәйкес, әуелі, облыс бойынша, кейін республика көлемінде қанат жаюы тиіс.

Қарағандыдағы бокс мектебі күзде есігін айқара ашады деп күтілуде. Ал, мектептер желісінің бас орталығы Балқаш қаласында орын тебеді. Кейінірек Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалалары мен Ұлытау ауданында мектептер ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, Бұқар жыраудың 350 жылдың мерейтойына орай, баба есімін иеленген аудан орталығында да Нұрқазов мектебі іске қосылады деп күтілуде. Бұл – бабаның тікелей ұрпағы болып табылатын Серік ағаның аудан халқына жасаған тартуы болмақ.

Нұрқазов мектебі – әлеуметтік жоба. Жоғарыда әмбебап деп айтқанымыздай, бұл мектептерде, тек, бокс қана емес, спорттың өзге түрлерімен де айналысуға болады. Күрес, футбол, баскетбол, волейбол сынды секциялар жұмыс істейді. Осылайша, Секең аймақ тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты көркейтуге үлес қоспақ.

– Мемлекет басшысы жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөліп келеді. Себебі, спорт – адамның тұрмысын көтеріп, ғұмырын ұзартудың төте жолдарының бірі. Денсаулығы мықты ұлт – бәсекеге қабілетті ұлт. Міне, сондықтан, бұқаралық спортты жандандыру – бүгінгі таңда басты мәселелердің бірі болып тұр. Біз үзеңгілестерімізбен ақылдаса отырып, мектеп жобасын қолға алдық. Осы арқылы өзіміздің білген-түйгенімізді жастарға, өскелең ұрпаққа табыс етуді ойлап отырмыз, – дейді Секең жаңа мектеп туралы.

Жалпы, бокс мектептерінің желісін құру бір күнде пайда болған идея емес. Серік аға осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын да мектеп ашпақ болған. Алайда, белгілі қиындықтар туындап, бұл бастама аяқсыз қалды. Сол іске қайта оралудың сәті енді келгендей.

Серік ағаның мұраты – айқын. Арманы – Қазақтың қыран қалықтаған Көк Туын биікке көтерер Қыран баптау. Келешек қыран Нұрқазовтың мектебіне бас сұққан қарадомалақтардың арасынан қанат қақпасына кім кепіл?!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button