Сәулелі сөздің санаткері
Ешбір жан ешқашан ата-анасын, туар өңірін таңдай алмайды. Соған қарамастан өзінің тегіне, кіндік қаны тамған жұртына деген риясыз құрметі мен сағынышы ешқашан басылмайды. Өйткені, біздің халқымыз өз перзенттерінің санасына ата-бабаларының, туған жерінің қадір-қасиетін сіңіріп отырған.
Осындайда өрнекті сөзімен әлемді тамсантқан ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің «Жер – әңгімеші, жер әңгімеші болған соң, ел – әңгімеші» деген құнарлы ойы еске түседі. Бертінде Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бір топ депутаттары сол тұстағы Жезқазған облысының аудан-қалаларын аралап, жұртшылықпен әсерлі кездесулер өткізген болатын. Балқаштан шыққан топ Желтаудағы петроглифтерді, Жіңішке өзенінің бойындағы Бөкей ұрпағының «Талдыбейіт» қорымын, Бегазы қойнауындағы Әлкей Марғұлан ашқан қола дәуірінің мазарларын аралап, Шабанбай би ауылындағы Қызыларай тауының іргесіндегі табиғат көркі теңдессіз Әулие алаңына жетті.
Сонда әсершіл ақын, сырбаз тұлға Қадыр Мырзалиев керім көріністен көз алмай, жасыл желектің жұпарына елтіп, айналасына сүйсіне қарап тұрып: «Пай-пай, шіркін-ай! Дүниеде мұндай да сұлу, мұндай да көркем жер болады екен-ау! Талай өлкені аралап, табиғатына тамсанып жүруші едім, сонда да жер жаннаты деген сөз тіркесінің мәнін жаңа ұғындым. Атауы соншама дәл Қызыларай өңіріне аяқ басқан бетте жаным рахаттанды, көңілім шалқыды, рухым асқақтады» деп тебіренгені ойымнан шықпайды.
Бұл өлкені 1913 жылғы маусым айында Әлихан Бөкейханның кеңес беруімен белгілі шығыстанушы ғалым Григорий Потанин аралап, көптеген этнографиялық зерттеу жүргізіп, ауыл ақсақалдарынан 27 ертек жазып алған. Сол сапарды қорытындылап, ол «Тоқырауын өзені жағасында» тақырыбымен тұжырымы терең ғылыми баяндама жасаған болатын.
Сол баяндамасында ол қазақ халқының өз тарихын жақсы білетін көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азаматтарының, сондай-ақ мәдениеті мен өнерінің алғыр да көрнекті өкілдерінің қатары көбейгенін, мұндай елдің болашағы зор екендігін сүйіне жазған. Олардың ішінде Ыбырай (Ибраһим-Абай) Құнанбаевтың және Байтұрсыновтың есімдері ғана аталады.
Әлбетте, ол қазақ зиялыларының ұлт-азаттық қозғалысын заманға сай дамыта отырып, арада жеті жыл өткен соң Алаш Автономиясын құрып, өзінің досы Әлихан Бөкейханның оның көсемі (президенті) және премьер-министрі болатынын ол кезде білген жоқ, бірақ Алаш-Орданың Ұлттық кеңесінің мүшесі болып үлгерген еді.
Табиғатынан аяусыз жендет Сталин бастаған Кеңес өкіметі Алаш көсемінің шексіз беделінен сескеніп, Әлихан Бөкейханды Қазақстанға жолатпай ұстап, ақыры 1937 жылы өлім жазасына бұйырғанын кейінде ғана білдік. Ақтоғай ауданын «контрреволюцияның ұясы» деп атап, бертінге дейін Алаш тақырыбын қозғаудың өзі қатерлі болатын.
Қазақ халқы екінші рет тәуелсіздік алып, жан-жағымызға сергек қарай бастаған тұста Ақтоғайда Әлихан Бөкейхан, Алаш көсемдері мен Әсет Найманбайұлы, Күләш Бәйсейітова бастаған өнер дүлдүлдері дүниеге келгенін мақтаныш тұтып, еңселене бастаған едік. Әлихан Бөкейханның Ресейде қалған ұрпақтарын іздеп тауып, оларды Ақтоғайдағы Алаштың үш арысына арналған ұлан-асыр шараларға қатыстыруға, Ұлытау өңіріндегі Жошы бабаларының кесенесімен таныстыруға себепші болғанымды өзіме тағдыр тартуы деп қабылдаймын.
Дегенмен, жоғары билікке жалтақтау кейінгі кезге дейін сейіле қойған жоқтын. 2016 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Әлихан Бөкейхан жылы деп ресми жарияланғанымен, белгіленген шаралардың өзі күрделі кедергілерден көмескіленіп, рухани серпін берілмей өткеніне куә болдық…
Бұларды желдірте тізбектеп отырған басты себебім, ел тарихында болып жатқан ірілі-уақты оқиғаларды саралап-талдап, жұртшылыққа иланымды жеткізетін кез келген қоғамның арқасүйер және ең қуатты дабылшысы – бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде жеке журналистердің дербес деңгейі мен азаматтық батылдығына тікелей байланысты екені бесенеден белгілі.
Осыған байланысты әңгіме өзегін негізгі кейіпкерімізге бұрсақ, сөздің мәйегін тамсанып, көздің майын тауысып, сөз сиқыры дуалаған көрнекті журналист бауырымыз Оралбек Жүнісұлын көпшілік оқырман қырық жылдан бері жақсы таниды. Әрине, қауымның басым бөлігі онымен жүзбе-жүз кездеспесе де, оның мақала-очерктері арқылы бағалайды.
Өз пайымдауымша, адам өмірінің екінші мүшелі аса маңызды деп есептеймін. Өйткені, осы бір жауапты кезеңде адам тағдырының негізі қаланады: өмір бойғы кітаптардың дені оқылып, білім жинақталады, мектеп бітіріп, мамандық таңдайды, оқу орнын бітіреді, еңбекке араласады, отау тігіп, үйлі-баранды болады, т.т.
Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылында дүниеге келген Оралбек жастайынан ана тілінің қадір-қасиетін білетін, ауызекі әңгімеде бір сөзді желге қақтырмай, жерге түсірмей, қақпақылдап әкететін ділмарлар мен шешендердің небір тапқыр әңгімелеріне қанып өсті.
Сол ауылдың ертедегі би-шешендерінің, батырларының ұтқыр уәждеріне Қаздауысты Қазыбек би дән риза болса, алғыс-баталарына М.Әуезов жоғары баға берген. Мысалы, Абылай хан Майқының Өтемісінен «Жорыққа аттанып бара жатырмын. Батаңызды беріңізші» деп өтінгенде, «Жорытқанда жолың болсын, жолдасың қызыр болсын. Бұл – халықтың батасы. Менің батам – жақсыға жанас, жаманнан адас» деген екен. Риза болған Абылай «Тәңір жарылқасын! Бірінші олжам Сіздікі» деп аттанады. Жеңіспен елге қайтар жолында Абылай хан бір белгілі рубасының Қантбике деген көрікті қызын өзі айттырып, Өтеміске қосқан екен. Ал Өтеміспен бірге туған ағасы Тоқсанның ұрпағы Ботантайдың Жанғұттысына Өтемістен тараған Шабанбай би «Аллаға жағам десең азанды бол, Ағайынға жағам десең қазанды бол, Жердей көтерімді бол, Судай таза бол, Айналаң суат болсын, Сөзің еліңе қуат болсын, Құдайым сені құлым десін, Халқым сені ұлым десін» деп екі дүниені қамтығын теңдессіз бата берген екен. Сөйткен Ботантайдың Жанғұттысы Құнанбаймен дос болып, үміт күткен баласы Абайға бата беруін өтінгенде, Жанғұтты болашақ хакімге алдымен сынап алу үшін күрделі сұрақтар қойып, жауаптарына ризашылығын білдіріп, бата беріпті.
Оралбек те жастайынан ертек-жырларды естіп-оқып, шешен-билердің өнер-өнегесіне сүйсініп, текті бабаларының маржан сөздеріне құлақ түріп, ақын-жазушылардың кітаптарының әр сөйлеміне ден қойып, мерзімді баспасөзді қалт жібермей оқып, батагөй бабаларының алғыстарына бөленіп, ауыл айтқыштарының күлдіргі әзілдері мен уытты қалжыңдарына қанып өскен. Сол бір шағын ауылдан қазіргі күні дүйім жұртқа танымал талай ақын-жазушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері шықты. Шағын мақалада оларды санамалап шығудың өзі мүмкін емес. Олардың барлығына тән қасиет – ауылдарына деген ерекше сағынышы мен ұстаздарына деген құрметі. Олардың әдебиетке деген сүйіспеншілігі мен ұлттың басты сипаты ана тіліне деген ынтасын оятқандарына алғысын білдіруден бір танбайды.
Жасөспірім Оралбек мектеп бітірісімен еш ойланбастан журналист болуды қалайды. Менің пайымдауымша, екі мамандық қана тума талант пен ерекше қабілетті талап етеді. Оның бірі – музыка, екіншісі – журналистика мен әдебиет. Кейінгі екеуі домбыраның қос шегіндей бір-біріне жарасыммен үндеседі. Ал сондай дарыннан ада адам осы екі салаға мылтықпен айдасаң да баспайды.
Жалпы, журналистиканың көркемдік керуенінің жүгі ешқашан жеңіл болған емес. Өйткені, шын мағынасындағы табиғаты таза, терең мақала мен ұтымды, ойлы, тартымды, нанымды эфирлік хабар жан оятады, сезім серпілтеді, алаң ойдан арылтады, бойды сергітеді, еңсені тіктейді.
Еңбек жолын аудандық «Арқа еңбеккері» газетінен бастаған Оралбек тәжірибесі орасан, талабы мықты, тәртіпке қатал, беделді редактор Смағұл Ыбыраевтың темірдей тезіне көндігіп, әбден ысылады. Ол кісі баспасөздің беделін түсірмеу үшін ауданның бірінші басшыларының да сөздерінен ықпайтын, өз ойын қаймықпай бетке айтатын, батыл, жүрегі таза, нағыз мінезді редактор болатын. Одан кейінгі редактор талай жыл партия қызметінде болған, мейлінше ұстамды Қасжан Ағеділов болса, керісінше ашық мінезді, кеңпейіл, бірақ тәтпіш, талапшыл басшы болды. Оралбек ол тұста Қасым Орынбетов, Төкен Оразбеков, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкенов, Үмітай Жармағамбетов, т.б. журналистермен қатар қалам тартып, алғашқы мақалалары жарық көріп, журналистиканың қыр-сырын тереңірек ұғына бастады.
Халықта «Қамшы ұл болсаң қолыңда, құл болсаң жоныңда ойнайды» деген мәтел бар. Оралбек те ендігі жерде өз күш-қабілетін, қалам қайратын басқа басылымдарда сынамақ ниетпен республикалық «Ауыл» газетінің Қарағанды, Жезқазған облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметіне ауысты. Бұл оның екі облыс аудандарын аралап, жаңа жерлерді көріп, бейтаныс жандармен жүздесуіне мүмкіндік ашты. Сол тұста жаңадан ашылған Приозерск ауданының «Ленинский путь» газетінің бөлім меңгерушісі болып қабылданды. Бұдан соң қалалық «Балқаш өңірі», «Сырлас» газеттерінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал 1997 жылдан бастап облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің басында Балқаш қаласы бойынша, одан кейін ұзақ жылдар бойы Балқаш, Приозерск қалалары мен Ақтоғай, Шет аудандары бойынша меншікті тілшісі болды, кейінде Балқаш телестудиясында біраз еңбек етті.
Әрине, журналистік жол айтуға ғана жеңіл, әйтпесе әрбір мақала, очерктегі әр кейіпкердің еңбектегі табыс сырын, жан дүниесіндегі іргелі сәттерді, күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі сырт көзге іліге бермейтін беймәлім жайттарды ашу, оларды тартымды көркем тілмен оқырманды иландыра жеткізу оңай дүние емес. Оның үстіне сусыған заманның ағысында бастапқы азаматтық ұстанымыңнан адаспау да ірілікті сынайтын, әрдайым жинақылықты, кәсібіңе адалдықты қажет ететін өмір талаптары.
Оралбектің өзінің өмірі мен еңбегі, ішкі тәртіп пен қатаң жауапкершілік оның күнделікті ізденіске толы еңбегінің жемісті болуына негіз қалады. Осының арқасында жүздеген мақалалармен қатар О. Жүнісұлы сегіз топтама кітап («Бұғылы мен Тағылының текті ұлы», «Сағынатын күн туар», «Қыстың ұзақ таңы атты», «Мені есіңе ала жүр», «Алтын аймақтың адамдары», «Алма ағашы гүлдегенде», «Жұлдыздар із тастап ағады») шығарып үлгерді.
Осыншама қауырт та қарбалас еңбек етіп жүргенде Оралбекті ешқашан қабақ шытып немесе абыржып, әйтпесе біреуге ренжіп жүргенін көрген емеспіз. Көпшілік жиналған ойын-тойларда жақын-жуықтары мен араласқан замандастары әдетте Оралбекке ән айтып бер деп қолқа салады. Орекең болса, өзіне ғана жарасымды жымиыспен ортаға шығып, домбырасын бебеулете шертіп-шертіп, әдемі дауыспен әнге басқанын талай көріп, сүйсіне тыңдадық.
Оралбек Жүнісұлы өмір бойғы дабырасыз адал еңбегі мен бойындағы адамгершілік қасиеттерінің арқасында замандастарының құрметіне бөленіп, көптеген ресми марапаттарға ие болды.
Биыл Оралбек бауырымыз 70 жасқа толып отыр. Халқымызда 63 жасқа дейінгі мерзімді қалжа жас, одан кейінгі жылдарды олжа жас дейді. Біздің тілейтініміз Оралбектің олжа жасы ұзақ болып, шығар шыңы таусылмай, азаматтық абырой тұғыры биіктей түсіп, ұрпағының қызығын көре беру бақыты бұйырғай. Оралхан Бөкеев айтпақшы «Өмір, не деген тамаша едің?» деген сөздері рух берсін деп тілейік.
Қайырбек СӘДУАҚАСОВ,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистеродағының мүшесі