Сәтбаевта сән орталығы ашылды
Кеншілер қаласы Сәтбаевта жаңа сән орталығы тұрғындарға есігін айқара ашты. «Райяна» атауы телінген жаңа нысанды өз қаражаты есебінен іске қосушылар – адал нәсібін жеке кәсібінен теруге бел буған азаматтар Ержан Елебаев пен Айжан Тортаева.
Тұрғын үйдің төменгі қабатында орын тепкен сән орталығында қала тұрғындарына шаштараздан бастап, барлық қажетті қызмет түрлері көрсетілмекші. Істі ілкімді жүргізуге ниеттенген орталық иелері кәсіби уқалаушы қызметін де назардан тыс қалдырмапты. Олар заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген білікті мамандардың іс-қимылы тұтынушылар көңіліне қонымды боларына сенімді.
Орталықтың ашылу рәсімінде ыстық лебізін білдірген қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Бапов жаңа нысанның жүйелі жұмысы өз істерін тыңнан бастауға ықыласты жас буынға үлгі боларын айрықша атап өтті.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»