Сәтбаевта гемодиализ орталығы ашылды
№1 қалалық орталық аурухананың бас корпусында гемодиализ орталығы ашылды. Бұл бүйрегі қанның жиналып қалған қалдығын толық шығаруға шамасы жетпейтін сырқат үшін көптен күткен қуаныш болды.
Қазір кеншілер қаласында сондай 35 сырқат тұрады. Бұрын олар қажетті емдом қабылдау үшін апта сайын іргелес Жезқазған қаласына қатынайтын. Өзіне бүйректің міндетін алатын бұл ем әдетте 2,5-4,5 сағатқа созылады. Сырқаттың қаны арнайы сүзгімен тазартылып, көктамыр арқылы кері құйылады. Бұдан былай мұндай медициналық көмекті көрсетуге қалалық аурухананың толық мүмкіндігі бар. Ал, кіреберіске арбамен жүретін пациентке арналған пандус орнатылған.
Аумағы 600 шаршы метрді алып жатқан жаңа орталық заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған. Ол бүйрегі сыр берген сырқатқа мұндай медициналық көмек көрсетуде әлемдік көшбасшы ретінде танылған “Diaverum” компаниясының халықаралық желісіндегі біздің елде қатарға қосылған жиырма сегізінші емхана екенін айта кеткен артық болмас. Орталық ұжымын жоғары санаттағы дәрігер-нефролог Сергей Черничко басқарады.
– Гемодиализ орталығы – кеншілер қаласы үшін мемлекет пен жекеменшік серіктестік аясындағы аса маңызды және өте қажетті жоба. Оның жүзеге асуына ұйтқы болған “NefroCare” ЖШС. Қыруар жұмыс атқарылды. Орталықтың ашылу салтанатына “Diaverum-Қазақстан” компаниясының бас директоры Амантұр Рысқұлов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы аймақтық өкілдігінің жетекшісі Ләззат Ранова қатысып, жылы лебіз білдірді, – дейді қала әкімі Асқар Ыдырысов.
Әлібек ӘБДІРАШ