Жаңалықтар

Сұраныс һәм таңдау

2025 жылы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп айдарланып, бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілетуге баса назар аударылды. Бүгінде бұл стратегиялық бағыт нақты еңбек нарығындағы жағдаймен толық сәйкес келеді. Enbek.kz электрондық еңбек биржасының деректері өндірістік секторда бос жұмыс орындары бар екенін көрсетеді. Әсіресе, Қарағанды облысы сияқты индустриялық өңірлерде бұл мәселе ерекше өзекті. Ел арасында да өндірістік мамандықтарына сұраныстың көптігі де жиі айтылады. Шын мәнінде, аймақтағы ахуал қандай?

Өндірістік сектордағы сұраныс

Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетованың айтуынша, өндірістік және жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары.

– Аймақта өндірістік және жұмысшы мамандықтарына деген қажеттілік жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл – уақытша құбылыс емес, тұрақты. Бос жұмыс орындарының саны жоғары, ал, білікті кадр тапшы. Сұраныс алдағы кезеңде де арта түсуі мүмкін, – дейді ол.

Қазіргі еңбек нарығында қалыптасқан басты ерекшелік – ұсыныс пен сұраныс арасындағы теңгерімсіздік. Яғни, мыңдаған бос жұмыс орындарына білікті мамандар жетіспейді.

Дерекке сүйенсек, Enbek.kz порталында бүгінгі таңда 2 281 хабарландыру және 4 614 бос жұмыс орны тіркелген. Соның ішінде, 1 000-нан астам вакансия өндірістік және жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

Бұл вакансиялар құрылымы кең және әртүрлі біліктілік деңгейін қамтиды. Олар – сапа инженері, энергетик-инженер, өндіріс инженері, тау-кен инженері, автоматтандыру инженері, химия инженері, бағдарламашы-инженер, аға шебер, арматурашы, жабдық жөндеу шебері, электргазбен дәнекерлеуші, жөндеу слесарі, қазандық қондырғысының машинисі, жабдық операторлары, әртүрлі жұмысшылар, тазалаушылар, асхана қызметкерлері және басқа да мамандықтар.

Жалақы мөлшері шамамен 150 мыңнан 600 мың теңгеге дейін. Бұл көрсеткіш өндірістегі табыстың тек бастапқы деңгеймен шектелмейтінін, тәжірибе мен біліктілік артқан сайын табыс та өсетінін айту керек.

Кадр тапшылығы әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы саласында өткір тұр. Ал, ең сұранысқа ие мамандықтарға токарь, фрезерші, сандық бағдарламамен басқарылатын станок операторы, технолог, инженер, дәнекерлеуші, бетоншы, тас қалаушы, электромонтажшы жатады. Бұл – экономиканың нақты секторында жұмыс күшіне деген тұрақты әрі ұзақ мерзімді қажеттілік бар екенін дәлелдейді.

Неге сирек таңдайды?

Еңбек нарығындағы сұраныс жоғары болғанымен, жастардың бұл салаға қызығушылығы әрдайым сәйкес келе бермейді. Бұл – біздің елде ғана емес, көптеген елдерде байқалатын жаһандық үрдіс.

Бірінші фактор – жұмысшы мамандығы қоғамда әлі күнге дейін «беделсіз», «қара жұмыс» ретінде қабылданады. Ата-аналар балаларын көбіне кеңсе қызметкері, менеджер немесе IT маман ретінде көргісі келеді. Екіншісі – жастар тез әрі жоғары табысқа жетуді көздейді. Ал, өндірісте бастапқы кезеңде жалақы орташа болуы мүмкін. Бірақ, ұзақ мерзімді табыс перспективасы жиі ескерілмейді. Үшіншісі – еңбек жағдайлары. Өндірістік жұмыста физикалық жүктеме, ауысымдық кесте, шу, шаң, температура, кей жағдайда денсаулыққа қауіп факторлары. Бұл кеңселік жұмысқа қарағанда тартымдылықты төмендетеді. Ал, төртінші фактор – Gen Z құндылықтары. Мұнда жастар үшін – икемділік, қашықтан жұмыс, фриланс және стартап мәдениеті маңызды. Өйткені, олар жылдам нәтиже мен еркіндікті қалайды. Бесіншісі – ақпараттық дисбаланс. Әлеуметтік желілерде IT, блогинг, кәсіпкерлік кеңінен насихатталады. Ал, өндіріс саласы туралы қызықты әрі заманауи контент жеткіліксіз. Алтыншы фактор – кәсіби бағдар берудің әлсіздігі. Мектептерде өндірістік мамандықтар туралы жүйелі ақпарат аз беріледі. Жастар заманауи өндірістің роботтандырылған, цифрландырылған екенін аса білмейді.

Қазіргі заманғы өндірісте еңбек қауіпсіздігі мәселесі ерекше назарда. Жұмыс берушілер заң бойынша еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқама өткізуге, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге, қауіпсіздік нормаларын сақтауға міндетті. Сонымен қатар, міндетті түрде алдын ала медициналық тексерулер мен мерзімді медициналық тексерулер жүргізіледі. Бұл талаптар өндірістік еңбекті бұрынғыдай «қауіпті және бақылаусыз» деген түсініктен алшақтатады.

Жас буынды өндіріске тарту құралдары

Жастарды өндірістік секторға тарту үшін мемлекет кешенді саясат жүргізуде. Атап айтсақ, 12 айлық «Жастар практикасында» – алғашқы тәжірибе алуға мүмкіндік алса, субсидияланатын жұмыс орындары (қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» жобасы) мен қысқа мерзімді кәсіби оқыту – жаңа дағдыларды жылдам игеруге мүмкіндік береді.

Бұл бағдарламалар жастарды еңбек нарығына енгізудің негізгі құралдарына айналған. Облыс аумағында өндірістік кадрларды даярлауда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ерекше орын алады. Университеттің Маркетинг және PR департаментінің директоры Нұрлан Айтбаев соңғы үрдістерге тоқталды.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

– Соңғы 3-5 жылда техникалық мамандықтарға түсушілер саны тұрақты өсіп отыр. Орташа есеппен жыл сайын 5-10% өсім бар. Әсіресе, инженерия, IT, автоматтандыру бағыттары сұранысқа ие, – деп атап өтті ол.
Бұл өсімге мемлекеттік гранттардың артуы, ірі кәсіпорындардың сұранысы, инженер мамандығы беделінің қалпына келе бастауы, университет пен өндіріс байланысының күшеюі оң әсер етіп отыр.
– Жастар мамандық таңдауда прагматикалық көзқарасқа көшті. Олар нақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар бағыттарды таңдай бастады. Университеттің өндіріс орындарымен байланысы кең. 200-ден астам кәсіпорынмен келісімшарт бар. Негізгі серіктестер – тау-кен өндірісінде Qarmet, Қазақмыс, ERG, KAZ Minerals, энергетика бағытында – Kazakhmys Distribution, «Қарағанды Энергоцентр», ал, сервис саласында – Borusan Makina, Ұлттық сараптама орталығы, – дейді Нұрлан Айтбаев.

Одан бөлек, интеграцияның ең жоғарғы формасының бірі дуальды оқыту жүйесіне 43 серіктес кәсіпорын және 37 білім беру бағдарламасы қатысады. Осы модель бойынша 412 студент оқуын нақты объектілерде ақылы жұмыспен ұштастырып оқиды. Яғни, бұл модель студенттерге оқу мен жұмысты қатар алып жүруге мүмкіндік береді.

Жұмысқа орналастыру жүйесі

Университет еңбек нарығының цифрлық экожүйесімен тығыз жұмыс істейді. Негізгі құралдарға Enbek.kz, beam.kz және hh.kz жатады.

Enbek.kz порталы арқылы түлектердің нақты жұмысқа орналасуы тексеріліп, электрондық еңбек шарттары бақыланады және ресми есеп жүргізіледі. Мансап орталығы түйіндеме дайындауға көмектесіп, сұхбатқа дайындайды және жұмысқа орналасуды сүйемелдейді.

Апталық мониторинг жүргізіледі. Онда вакансиялар талданып, жұмысқа орналасу себептері мен кедергілері зерттеледі (әскер, декрет, денсаулық) және тelegram арқылы тұрақты кері байланыс бар.
Сонымен бірге, университетте «Карьера START» және «Мансап күндері» жәрмеңкелері тұрақты өтеді. 2025-2026 оқу жылында 1500 студент пен 100-ден астам компания қатысқан. Негізгі жұмыс берушілер арасында Qarmet, Қазақмыс, Maker, KMZ, Қарағанды Энергоцентр, Kazakhmys Distribution, BI Group, Eurasian Foods компаниясы бар.

Бұдан бөлек, YDD Corporation, Sigma Corporation, «Терриконовая долина», «Казаэроновигация», Богатырь көмір, KAZ Minerals және басқа компаниялар студенттерді диплом алмай тұрып жұмысқа қабылдайды. Бұл – еңбек нарығында кадр тапшылығының нақты дәлелі.

Атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі де жаман емес. Түлектердің жұмыспен қамтылуы ойдағыдай жүзеге асуда. 2025 жылғы көрсеткіштерге тоқталсақ, бакалавриатта мамандығы бойынша жалпы 91%-дың, 50%-ы, магистратурада жалпы 97% болса, соның 68%-ы, ал, докторантурада – 100%.

Жыл сайын түлектердің саны да артып келеді. Мәселен, 2025 жылы 2110 түлек бітіріп шықса, 2026 жылы 2167 түлек диплом алған. Халықаралық студенттер саны да өсуде. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстаннан келіп оқиды.

Халықаралық тәжірибеге үңілсек…

Өндірістік мамандықтарға кадр тапшылығымен дамыған елдердің де көпшілігі бетпе-бет келіп отыр. Мысалы, Германия өндірістік кадрларды даярлауда дуальды білім беру жүйесін сәтті енгізген. Мұнда студент оқу уақытының жартысын кәсіпорында өткізіп, нақты өндірістік тәжірибе жинайды. Соның арқасында түлектер диплом алған сәтте-ақ толыққанды маман ретінде жұмысқа орналасады.

Ал, Оңтүстік Корея мен Жапонияда өндіріс толықтай дерлік автоматтандырылған. Бұл мемлекеттерде жұмысшы мамандығы «қара жұмыс» емес, жоғары технологиямен жұмыс істейтін беделді кәсіп ретінде қабылданады. Соған қарамастан, бұл елдердің өзінде де жастардың бір бөлігі кеңсе немесе цифрлық салаларды таңдауға бейім. Сондықтан, олар өндірісті тартымды ету үшін жалақыны көтеру, жұмыс жағдайын жақсарту, өндірісті цифрландыру және мамандық имиджін өзгерту сияқты кешенді шараларды қолға алған.

Өндіріс туралы ресми статистика бір бөлек, ал, күнделікті өмірдегі тәжірибе мүлде басқа. Облыс аумағында бұл мәселе қарапайым тұрғындардың өмірінен анық көрінеді.

– Жастардың көбі кеңседе жұмыс істегісі келсе де, бәрі бірдей ондай жұмыс таппайды. Таныстарымның ішінде өндірісте істейтіндер бар. Олар тұрақты жалақы алады, бірақ, жұмыстың ауыр екенін айтады. Ерте тұрады, кейде түнгі ауысымға шығады. Соған қарамастан, олар «жұмыс жоқ» деп отырмайды. Кейбір таныстарым жылы әрі жайлы өндіріс орнында істейді. Бірақ, жалақысы аздау. Демек, жұмыс бар, таңдау мол. Сондықтан жайсыздау өндіріске жастар барғысы келмейді, – дейді қала тұрғыны Эльнура Бекмаханова.

Бұл пікір еңбек нарығындағы басты қайшылықты көрсетеді. Жұмыс бар, бірақ оған деген көзқарас кедергі болып отыр. Ал, студент Дүние Салиева жастардың таңдауын өзгеше түсіндіреді.

– «Біздің ортада көбісі IT, SMM, дизайн сияқты салаға қызығады. Өндіріс туралы көп айтылмайды. Ашық айтсам, зауыттағы жұмыс ауыр сияқты көрінеді. Алайда, ойланып қарасақ, ол жерде нақты мамандық бар, тәжірибе бар. Кейбір достарым іс-тәжірибеден өтіп, жақсы жалақы алып жүр. Қазір өндіріске көзқарас біртіндеп өзгеріп келе жатыр. Меніңше, осы бағытта фильмдер түсіру керек, – дейді ол.

Байқасақ, бір жағынан – қорқыныш, екінші жағынан – қызығушылық. Енді соның аражігін ажыратып, елге пайда тигізуді ойлайтын жастар тәрбиелесек құба-құп.

Өндірістің ішіндегі нақты жағдайды Саран қаласындағы «QazTehna» ЖШС қызметкері Тимур Ораловтан сұрадық.

– Зауытта бірнеше жылдан бері істеймін. Басында қиын болды. Тәртіп қатал, уақытпен жұмыс істейсің, қателесуге болмайды. Десе де, үйренген соң бәрі жүйеге түседі. Қазір бізде көп процесс автоматтандырылған, станоктар компьютермен жұмыс істейді. Ең бастысы – бес күндік жұмыс, тұрақты жалақы бар. Жастар келеді, алайда, бәрі бірдей шыдамайды. Өндірісте тәртіп керек, жауапкершілік керек. Қазір техника көп көмектеседі. Бірақ соны басқару үшін білім керек. Сондықтан бізге жай жұмысшы емес, түсінетін, үйренгісі келетін жастар қажет, – дейді ол.

Қорытынды

Кеншілер өңірі еліміздегі еңбек нарығының негізгі трендтерін айқын көрсетеді. Бір жағынан – жоғары сұраныс, екінші жағынан – кадр тапшылығы. «Өндірісте жұмыс жоқ» деген пікір – миф. Керісінше, өндіріс – ең тұрақты және сұранысқа ие салалардың бірі. Сонымен қатар, жастардың бұл салаға қызығушылығы да біртіндеп артып келеді. Бұл үрдіс білім беру жүйесінің жаңаруымен, еңбек нарығының сұранысымен және дұрыс мемлекеттік саясатпен байланысты.

Байқасақ, алдағы уақытта атқарылуы тиіс негізгі міндеттер де қылтия бой көрсетеді. Олар – кәсіби бағдар беруді күшейту, өндіріс имиджін жаңарту, еңбек жағдайларын жақсарту және технологиялық өндірісті дәстүрлі түрде насихаттау.

Қазіргі жағдайда өндірістегі маңызды мамандықтар мен жұмысшы мамандықтары – адал еңбектің басты тірегі. Бұл заманауи технологияны жетілдіріп, тұрақтылықпен қаматамасыз етуге және болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік беретін негізгі арна. Ел экономикасы үшін бұл бағыт стратегиялық маңызға ие және алдағы жылдары оның рөлі тек күшейе бермек.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button