Бас тақырыпТарих

Сәкеннің Сталинге хат жазғаны рас па?

Тарих ғылымдарының кандидаты Жұмажан Сүлейменнің «Сәкеннің Сталинге хаты» атты мақаласы «Ақиқат» журналында (№10, 2018 ж.) үш айдан бері «салтанат» құрып тұр. Автор: «Ерте ме, кеш пе жарияланбай қалмайтын бұл хат төл тарихымыздың бір қызық дерегі. Төменде алғаш рет баспа бетін көргелі отырған Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған бізге белгілі жалғыз хаты» деп бастайды. Неге алғаш рет? Бұл хат бұдан он бір жыл бұрын 2007 жылы «Алаш қозғалысы» деген кітапқа енген еді ғой. Содан бері неше мәрте талданған. Сонда ғалымдар құрастырған кітапты ғалым оқымаған ба?

Алғашқыда осындай ойға келдім. Мақаланы «Ақиқат» жур­налының сайты» деген сіл­те­ме арқылы Facebook желі­сі­нен оқыған болатынмын. Ав­торын жыға танымадым. «Сә­кен­нің Сталинге жазған хатын» көшіріп алдым да, маған белгісіз авторды іздестіре бас­тадым. Ғаламтордағы нұсқада авторы – Жұмажан Сү­леймен, Қазақстан Рес­пуб­ли­­ка­сы Президенті Архивінің қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты деп жазылған. Сол бойынша Президент Архивіне ха­бар­ластым. Олар менің Жұ­ма­жан Сүлеймен мырзаны із­де­генімді естіп таңғалды. Айту­ларынша, ол кісі біршама уа­қыт бұрын бақилық болыпты. 1997 жылдан кейін Президент Архивінде қызмет істемегенін біліп мен де қайран қалдым. Себебі ғаламтордағы нұсқада ав­тор­дың өмірден өткенін біл­діретін еш белгі жоқ еді. Бұ­дан кейін «Ақиқат» журналы қолыма тиді. Әйтеуір онда автордың бақилық жан екенін білдіретін белгі қойылыпты. Әрі қолжазбаның бір-екі тұсын суретке түсіріп басыпты. Тек мақаланы Ж.Сүлейменнің қай уақытта жазғаны жайлы дерек жоқ. Аталған мақаланы сайттан оқыған талай адам «көзі тірі» Ж.Сүлейменнің «жаңалығына» түсіне алмай, мен секілді іздеп жүрген болар. Іле-шала мақаланы «Жас Алаш» газеті (№84, 23 қазан 2018 ж.) көшіріп басты. «Ақиқат» журналы мен «Жас Алаш» газетіне сілтеме жасап, әлеуметтік желілер жарыса шулады. Неше мыңдаған пікір Алашорда азаматтарын жамандапты деп С.Сейфуллинді жерден алып, жерге салды. Аталмыш хат жайлы соңғы жылдары жиі айтылып кеткендіктен, бірте-бірте күмәнді тұстары өзінен-өзі шыға бастады. Соның ізі­мен Алматы қаласындағы Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касы Президенті Ар­хивіне бардым. Мұрағат қызметкерлері сұра­ған құжатты ұзатпай тауып берді. «Фонд – 811» деген папкада тұрған «Сәкеннің Сталинге жаз­ған хаты» Ж.Сүлеймен жаз­ғандай ешқандай кеңселік тір­кеу белгілері қойылмаған, машинкамен басылған он беттік фото­кө­шір­ме екен. Сәкеннің қолы жоқ. Бірақ «Ақиқат» журна­лы «хаттың» соңына С.Сей­фул­линнің қолы деп белгі қойған. («Жас Алашта» да солай.) Мұны қалай түсінуге болады? Сәкен үшін редакция қол қойған ба?
Анығында «Лист использования единиц хранения 811-24-243» парақ­ша­­сында 19.08.1983 ж. Қозыбаев, 22.01.1997 ж. Ж.Сүлей­ме­нов, 09.02.2005 ж. Гри­банова (шамасы баяндау хатты 2007 жы­лы «Алаш қозғалысы» жина­ғына осы ғалым енгізсе керек) 18.05.2016 ж. А.Тулетбеков деген ғалымдардың ғана 811-інші қордағы «Сәкеннің хатын» (7-17-беттер) қарағаны туралы кеңселік белгілер мен қолдары тұр. Пап­ка­дағы нақты қай беттерді қа­ра­ға­ны жайлы жазбаған тағы екі-үш адамның қолы бар. Қалған бес-алты адам басқа деректерді оқыпты. Баяндау хат пен тіркеу парақшасының көшірмесін түсір­тіп алдым. Сәкен Сталинге былай деп жазыпты дейтін білгіштердің біреуі де бұл хатты архивтен көрмеген сыңайлы.
Енді аталған баяндау хат­тың кү­мәнді тұстарына назар ау­да­рай­ық. Бірінші, хат 1925 жылы 22 мамырда жазылған деген болжам жасал­ған. «…Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне «быв.пред. Совнаркома Киргизии» деп қағаз­ға түскен. Екеуара қан­дай мәселе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жа­сау абырой әпере қоймас» («Сталин­нің қабылдауында бол­ған», Зарқын Тайшыбай, про­­фес­сор. 13.04.2016 ж. «Еге­мен­ Қазақстан»). Профессор З.Тай­шы­­бай жазғандай, 25 мамырда Сталиннің қабылдауында болған адам 22 мамыр күні Қазақстанда отырып осынша ұзақ хат жаза ма? Екінші, «Хаттың біздің ар­хив­тегі нұсқасында Ста­лин­нің оны оқыған-оқы­ма­ған­дығы жө­нінде белгісі жоқ. Әдетте қойы­ла­тын кеңселік тіркеу белгілері қойылмаған» (Ж.С). Тіркел­меген құжат айғақ па? Үшін­ші, баяндау хатта тек «Кир­гизия» деген атау қолданы­ла­­ды. Бізде 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өт­кен Қазақ Со­вет­терінің V съе­зінде Қырғыз АССР-ін Қаз­ақ АССР-і деп өз­гер­туге ше­шім қабылданған. Қырғыз де­ген атауға әубастан қарсы болып «Қазақты қазақ дейік, қа­те­ні түзетейік!» деп «Еңбекші қазаққа» тоғыз мәрте мақала жаз­ған, қазақ деген тарихи атауымызды өзі қайтарған С.Сейфуллин, қазақ атымыз қай­тарыл­ған тұста неге бастан-аяқ «Киргизия» деп көсілген?
Төртін­ші, бұл хаттың екі фо­то­­көшірмесі Астана­дағы С.Сей­фул­лин мұра­жайында тұр. Ар­хив­тегі нұсқамен қос­­қанда үш­еуінің ма­­шин­­каға басылуы, хаттың рес­­ми адрестері мен соңғы автор жайлы қысқаша мәлімет үш түр­лі. Бірдей көшірмелер емес. Үшеуі де Сталинге жазыл­ғаны­мен, үшеуінде де Сәкеннің қолы жоқ. Бейне бір үш Сталин болып, со­ларға үш Сәкен хат жазған секілді. Хат бір адамның атына жазыл­ғандықтан (рас болса), съезге дайындалған тезис деуге де келмейді (Сәкен 1925 ж. мамыр айында Мәскеуде екі съезге қатысқан).
Бесінші, хатта нақтылық пен жинақылық жоқ. Сәкендей үкі­мет бас­­қарған сауатты адамның осын­­­ша көпірме бос сөздің ген­сек­­ке түкке керегі жоқ екенін біл­меуі мүмкін емес. Сталинге қыр­ғыздар мені ақын деп мойында­май­ды деп мұң шаққан тұстары тіп­ті қисынсыз.
Алтыншы, бұл хат жайлы Сәкен өз еңбектерінде неге жаз­ба­ған? Жетінші, ең негіз­гі­сі! Жақында Мәскеудегі мұра­ғат­тардың бірінен Сәкеннің Сталин­ге 12.07.1923 жылы өз қолымен жазған қызметтік хаты табылды. Бір қызығы, бұрын белгісіз болған хатта Сәкен Сталинге бұған дейін хат жазбағаны жайлы айтады. Ал 1925 жылғы хатта Сәкен Сталинге тағы да бірінші рет хат жазып отырмын дейді-мыс. Сонда Сәкен екі жылдан соң Сталинге қайтадан сізге бірін­ші рет хат жазып отырмын деп баяндаған ба? Жалпы, хаттың осы секілді күмәнді тұстары же­тер­лік. 1923 жылғы хат Сәкеннің өз қолы­мен жазылған дедік. 1925 жыл­ғы хат машинкаға басыл­ған. Еш­қайда тіркелмеген, қол қойыл­ма­ған. Арнайы дайындалған фальсификацияға ұқсайды. Олай дейтін себебім, С.Сейфуллинге қатысты басқа да фальсификациялар бар. Бір құжатта Сәкен 25.02.1938 жылы атылды десе, екіншісінде 09.10.1939 жылы қаза тапты деп берілген. Сол сияқты Сәкенді тергеу кезіндегі хаттамаларда да сәйкес келмейтін екі түрлі мәлімдеме бар (Т.Кәкішев7 «Сәкеннің соты», 1994 ж., «Бас­па­гер» баспасы). Бәрі де архив­тен алынған құжаттар. Ал қай­сы­сына сенуі­міз керек? Қазақ зиялы­лары­ның арасына сына қағу үшін НКВД не жасамады? Мұрағаттың қызметкерлері фотокөшірменің қашан, қалай келгені жөнінде еш мәлімет таппады. Соңындағы сіл­те­мелер арқылы Мәскеу мұра­ғаттарынан іздестіріп едік, ол жақтан да шықпады. С.Мұқанов «Есею жылдарында» Марксизм-ленинизм инсти­ту­тынан табылды деп, 1925 жылғы хаттан үзінді келтірген. Ж.Сүлейменнің ау­дар­масымен сөзбе-сөз келмесе де, мағыналас. Бірақ таратып жазбаған. Сәкен­тану­шы Т.Кәкішев ағамыз да еңбек­те­­рінде бұған қысқаша ғана тоқ­тал­ған. Соған қарағанда әйгілі жазушы да, әйгілі ғалым да хат­тың күмәнді тұстары көп бол­ған­дық­тан, індетпеген секілді. Сәбең мен Тұрсекең Мәскеуден көрген түпнұсқаның қайда екені белгісіз. Ал С.Сейфуллин мұражайына фотокөшірмелерді 1989 жылы Тұрсынбек Кәкішұлы тапсырыпты. Соған қарағанда Мәскеудегі түп­нұсқаның нақ көшірмесі мұра­­жайдағы нұсқа болу керек. Өз басым 1923 жылғы хат табыл­ған­ға дейін 1925 жылғы хатты жоқ­қа шығарған емеспін.
Баяндау хаттың жалған еке­ні­не дәлелдер жеткілікті. 1917 жылғы 2 қарашада большевиктер партия­сының Шығыстың барлық мұсыл­ман халықтарына үндеу жасап, езілген ұлттарға өзін-өзі билеу құқығын береміз дегеніне тек Сейфуллин емес, миллиондаған адам сенді. Аз ұлттарға шекара белгілеуге, ав­то­номия алуға мүмкіндік бе­ріп жатса, қалай сенбесін? Халықтың көсегесін көгертеміз деген ұран он шақты жылдан ке­йін жалмауызға айналады де­ген жоқ көсемдер. Әрі Сә­кен мұздай құрсанған Кол­чактың өзін төңкеріп таста­ған жүйеге қазақ қарсы тұра ал­­май­­тынын да түсінді. Кеңес өк­і­­­­меті арқылы еліне бақыт әкел­­­гісі келді. Бірте-бірте орта­­лық алғашқы бағытынан ауыт­­қып, отаршылдық саясат ұс­тана бастағанда Сәкен ұлт мүд­десі жағына шықты. Партия­­лық тазалаудан өтіп, «Алаш» аза­­мат­тарымен бірге қуда­лан­­ды. С.Мұқановтың «Өмір мек­те­бінде» Сәкен мен Ілиястың тәркілеу мен колхоздастыруға үн қатпағаны үшін басшылар тарапынан қатаң сынға ұшы­ра­ған­дары айтылады. Оның сырты коммунист, іші, ісі ұлттық сипатта екенін жоғарғы жақ сезбей қалған жоқ. Сол кезде Сәкенді сынаған қайраткерлердің бәрі оның нағыз коммунист емес ұлт­шыл екенін айтып, қаралаған. Ақыры ұлтжандылығы үшін атылып кете барды. Солай бола тұра ақынға күйе жағушылар күн санап көбеюде. Сәкентанушы филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкішұлы, академик С.Қирабаев, филоло­гия ғылымдарының докто­ры, К.Ахметова, тарих ғылым­дары­ның докторы М.Абсеметов, ҰҚК құр­метті зейнеткері, жазушы-журна­­лист А.Кәкен сынды ға­лым­­дар архив деректерінде Сә­кен­­­нің біреуді қаралап көрсет­ке­ні жайлы бірде-бір құжат жоқ екенін сан мәрте жазды, айт­­ты. Бірақ бүкіл орманды өр­­теуге бір шырпы жететіні се­­кілді, «Ақиқат» пен «Жас Ал­аш­та» жарияланған осы бір күм­әнді «хат» қоғамда Сәкенге деген әділетсіз пікірлерді өршітіп жіберді. Оларға сілтеме жасап, «Сталин жолдас, Алашорда әлі де қауіпті» деген тақырыппен отқа май құйғандар шықты. Есіл ердің еңбегін қасақана елемейтіндер бой көрсетті. Ғаламторда түрлі роликтер жасалып, әсіресе жас­тар жағында Сәкен Сталинге хат жазудан басқа түк бітірмеген деген түсінік қалыптаса бастады. Сондықтан мемлекет және қо­­­ғам қай­раткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, пуб­ли­цист, ұлтжанды ұлы суреткер С.Сейфуллин атқарған ұлы іс­тер­ге қысқаша тоқтала кеткен жөн болар.
Сәкен 1922-1924 жылдар ара­лы­ғында Совнарком төрағасы қызметін атқарды. Үкімет басшысы халық шаруашылығының, өнеркәсіптің, экономиканың іл­гер­ілеуіне тікелей ықпал етті.
1923 жылы 22 қарашада кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы декрет шығарды.
Киргизия… болып кеткен мем­лекетіміздің ҚАЗАҚ деген тари­хи атауын қайтарды.
Ұлтымыздың дінін, ділін, рухын көтеру мақсатында Ясауи ке­се­не­сін қалпына келтіруге қаржы бөлді. А.В.Затаевичке «Қазақтың 1000 ән-күйін» жинаттырды. Жер-жерден көптеген мектептер ашты. 1922-1924 жылдары қазынаның тең жартысын бі­лім саласына бөліп, қазақ жас­тары­ның тегін білім алуына мүмкіндік жасады.
1924 жылы қараша айында үкімет басшысы қызметінен кеткеннен кейін білім-ғылыммен, ағартушылық қызметпен айналысты.
1932 жылғы ашаршылық кезеңінде «Қызыл ат» поэмасын, «Біздің тұрмыс» драмасын жазып, баспасөз беттерінде Голощекинге қарсы шықты. Кеңес өкіметінің мүшкіл халін жеткізді.
Ұлттың ұстазы деп А.Байтұр­сы­новтың 50 жас мерей­той­­ын өткізді. М.Жұмабаев түрме­ден шыққанда көмек берді. Шә­кәрім қажының кітабын шы­ғар­ды. Ал ол кезде, кеше ғана Алаштың кө­семі болған Ахаңды, алаш соты­ның биі болған Шәкәрімді, алаш­шыл Мағжанды құрметтеу, на­ғыз азаматтық, нағыз ерлік еді!
Осынша қыруар істі С.Сей­фул­лин небәрі 43 жасқа де­йін жасап кеткен! 28-ақ жасында үкі­метті басқарған. Бір адам үшін аз ең­бек пе? Жеке басының емес, ұл­тының мүддесі үшін осылай тер төккен!
1974 жылы Т.Кәкішевке берген сұхбатында Ғ.Мүсірепов «қазір Сәкен анаған қарсы болды, мынаған қарсы болды» дейді ғой. Бұның көпшілігі Сәкеннің атымен жасалған істер» деген екен. («Тұғыры биік тұлға», 61-бет, «Үш қиян» баспасы, 2002 ж.). Түрлі себептермен «Тар жол, тайғақ кешу» романы да бұрмаланып кеткен. Әй­гі­лі шығарма жайлы пікірлер де әртүрлі. Алғашқы басылымында қоғамдық-саяси өмірді, тарихи шындықты суреттеген Сәкеннің «Алаш» қайраткерлерін қазақтың оқыған ақ жағалылары деп бағалағанын біреу білсе, біреу білмейді. Роман-эссенің даулы тұстарына жауап іздеген адам түп­нұсқасын зерттеген ға­лым К.Ахмето­ваның «Ақи­қат­тың анасы – шындық» атты мақаласынан, «Тар жол, тайғақ кешудің» тағдыры» (Т.Кәкішұлы, К.Ахметова) кітабынан таба алады. XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалардың энциклопедиялық ан­ық­тамасы іспетті романда Әл­­е­кең бас­таған алыптар жайлы мол де­ректер қалуының өзі тарих үшін үлкен олжа. Кітап жарық көр­ген кезде Алаш азамат­тар­ының ешқайсысы Сәкенге мынауың өтірік деп жазбапты. Тек Н.Төреқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің 296-санында көркемдік жағын қатты сынаған. Жалпы, шын ізденгендер қазақ зиялыларының қудалануының се­бе­бін «Тар жолдан» гөрі А.Бога­чев, Н.Мартыненко, С.Брай­­нин, Ш.Шапиро сынды тың­шы-жазушылардың еңбек­те­­рінен, орталықтың құпия жос­па­р­ынан іздесе нәтижелі болар. Біз Кеңес өкіметі тұсында Сәкенді өзіміз әсіре қызылшыл қылып алып, енді сонымен өзіміз алысып жүрген секілдіміз. Алашорда азаматтарымен арасына «қытай қорғанын» орнатамыз, сыйластығы жайлы айтуға сараңбыз. Мысалы, Сәкен Ахаңның 50 жас мерейтойын өткізіп, «Еңбекші қазақ» га­зе­ті­не үлкен мақала бергеннен кейін Ішкі істер халкомы Ә.Әйтиев ақынды алашордашы Байтұрсыновты дәріптеді деп бас­пасөз бетінде айыптайды. Бірақ Сәкен екінші рет «Степная правда» газетіне «Тағы да Ахаң туралы» деп Ахаңды ұлықтап мақала жазады. Ал бұл достық па, жаулық па? Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің «Сәкенді қызылдар жағында, ал біз­дер­ді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізге қарағанда ұлтшыл еді» деген сөзін ескере бермейміз. Өткенге біржақты қарап, Сәкеннен басқа коммунист таппай «қиналып», тұқыр­тып қалуға тырысып жүр­ген­дер көп. Соның бір айғағы «Ақи­қат» журналындағы тұз­дық­­талған мақала. Еш жерде тіркелмеген бұл күмәнді хатты фальсификация демегенде не дерсің?!. Машинкаға басылған хатта Сәкеннің қолы да, мөрі де жоқ. Тек машинкамен жазылған аты-жөні тұр. Анықталмаған нәрсені айғақ қылып, бояу­ын қалыңдатып, «жаңалық» ашып от­ырған «Ақиқат» журналы қол­­жаз­баны кім бергені жайлы мәлімет беріп, көшірмесін тол­ық көрсетуі керек еді. Себебі «Өшіріп тас­­тау қолымыздан әсте келмейтін тарихи шындықтың осы бір көрінісінен дұрыс сабақ алайық. Арада бірнеше айдан кейін Мәскеуден Қазақстанға аты өшкір Голощекин жіберілді. Онымен бірге қазаққа «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кері келді» деген жолдары мен кейбір тұстарын редакция Ж.Сүлейменнің атынан өздері қосқанға ұқсайды. Ша­масы Ж.Сүлеймен бұл «баян­дау хатты» түпнұсқадан қаз­ақ тіліне ертеректе аударған сияқ­ты. Себебі ғалым материал­­ды архивтен 22 жыл бұрын алған. Неге өзінің көзі тірісінде жарияламаған? Тіпті қолжазба нақты Жұмажан мырзанікі ме? Қол­жазбаны жариялауға кім рұқ­сат берді? Сұрақ көп. Ең бастысы, «Ақиқат» журналы Сәкеннің қолы деп жалған ақпар таратқандары үшін жауап берулері қажет!
Сәкеннің Сталиннің қабыл­дауын­да болыпты деген сөз қазір құлаққа түрпідей тигенімен, ол кезде қызмет бабымен бір емес, жүз рет кіруі мүмкін. Олардың бәрін ген­секпен жолыққаны үшін ұлт мүддесін сатты деп жорамал­дай салуға болмайды. Ел үшін құрбан болған арыстардың әр­қай­сысы, адам қолымен ала­сар­туға келмейтін бір-бір шың! Бәрінің мақсаты – қазақты ба­қыт­­қа жеткізу. Сондықтан биыл­ғы С.Сей­фуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Т.Рысқұлов, С.Қожанов­тардың 125 жылдығы мем­лекеттік деңгейде атап өтілуі тиіс!

Қанат ЖҮНІСОВ.
(“Егемен Қазақстан” газетінен).

Басқа материалдар

Back to top button