Рух сақшыларының ұстаханасы
КСРО және ҚазКСР Халық комиссарлар кеңесінің 1938 жылдың 9 мамырындағы №454/12 қаулысы негізінде Қарағанды қаласында ашылған екі жылдық мұғалімдер институтымен бірге, филология факультетінің де іргетасы қаланды. Осы мұғалімдер институтының базасында 1952 жылы Педагогика институты, ал 1972 жылы Қазақстандағы екінші университет – Қарағанды мемлекеттік университеті құрылғаны белгілі.
1930 жылдары елдегі саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты Орталық Қазақстанда да кадрларды дайындайтын, сол кездегі идеологияны жүзеге асыратын оқу орнын ашу керек болды. Соның негізінде тарих пен тіл және әдебиет факультеті ашылды. Алғашында кадрлар болмай, ғалымдарды Мәскеу мен Ленинградтан алдырды, сонымен қатар, елімізге өткен ғасырдың 30-ы жылдары саяси қуғындалып келген адамдар жұмыс істей бастады. Алғашында 12 оқытушы, 117 студент болған.
Филология факультетінің дамуына М.Старенков, В.Спасибенко, С.Мамиконян, В.Веденская, Н.Меделец, С.Романовская, Қ.Тұңғышбаев, Т.Зиборова, Р.Верюгина, А.Тэн, Ғ.Мейрамов, Х.Жұмабаева, Қ.К.Лекеров, А.Н.Нарешов, Г.И.Ильясова, Р.Г.Бузикова, Е.П.Цой, А.Чукуев, Ф.Кенжебаева, С.Төлекова, Б.Кеншімбаева, Т.Қордабаев, Х.Нұрмұқанов, Т.Ветренко, М.Смағұлов, З.Жұмағали, Б.Байтанаев, С.Ыбыраев, Ұ.Оспалақова, Т.Савченко, Ш.Токсанбаева, Ж.Бектұров, М.Хамзин, Р.Баяманова, А.Танабаева, М.Пак, Ш.Мажитаева, Ж.Жүнісова, Т.Пірімбетов, Ж.Смағұлов, Ш.Жалмаханов, т.б. ардагерлеріміздің үлесі зор болды.
Әр жылдары факультетті Ғ.Мейрамов, Х.Жұмабаева, Х.Нұрмұқанов, З.Жұмағали, М.Смағұлов, Б.Байтанаев, Ш.Токсанбаева, С.Матяш, Ж.Жүнісова, С.Тахан, Қ.Сейтжанов, М.Әбдуов басқарды. 2020 жылдан бастап факультет деканы – ф.ғ.к, қауымдастырылған профессор Е.Түйте.
Университеттің алғашқы ректоры болған академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің факультет дамуына қосқан үлесі зор. Өмірінің соңына дейін сөзге, көркем шығармаға деген сүйіспеншілігін сақтады, ол оның филология факультетіне ерекше көңіл бөлуінен, ғылыми-педагогикалық кадрлардың өсуіне деген қамқорлығынан көрінді.
Қазіргі уақытта факультет құрылымына 5 кафедра және 1 ғылыми зерттеу институты мен 1 орталық кіреді: қазақ тіл білімі кафедрасы, қазақ әдебиеті кафедрасы, қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасы, профессор Ғ.Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасы және журналистика кафедрасы, «Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу» институты мен Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығы. Сонымен қатар, факультетте оқу телевизиясы, Buketov Radio, «Qasym.kz» сайты, «Филология», «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторын (PhD) даярлайтын 2 диссертациялық кеңес, С.Сейфуллин атындағы Balausa студент-жастардың шығармашылық орталығы жұмыс істейді.
Қазақ тіл білімі кафедраның алғашқы меңгерушісі ф.ғ.к., доцент Қ.Тұңғышбаев болды. Әр жылдары кафедраға ф.ғ.к., доцент Ф.Кенжебаева, ф.ғ.д., проф. Х.Нұрмұқанов, ф.ғ.к., доцент С.Ыбыраев, ф.ғ.д., проф. Т.Қордабаев, ф.ғ.к., доцент Т.Смайылов, ф.ғ.д., проф. Ж.Жақыпов, ф.ғ.д., проф Ш.Мажитаева меңгеруші болды. 2020 жылдан бастап кафедраны ф.ғ.к., қауымд. проф. С.Кенжеғалиев басқарып келеді.
Өзінің 85 жылдық тарихында кафедрада қаншама білікті, білімді маман, ғылым докторлары мен кандидаттары еңбек етті, атап айтқанда, ф.ғ.д., проф. Ә.Құрышжанұлы, ф.ғ.к., доцент М.Ержанов, ф.ғ.к., доцент С.Төлекова, ф.ғ.к., доцент Т.Пірімбетов, аға оқытушы Ұ.Оспалақова, т.б.
1972-1990 жылдар арасында кадрларының ғылыми деңгейі жағынан кафедра университеттегі ең алдыңғылардың бірі болды. Осыған байланысты, кафедра жанынан аспирантура ашылып, университетті үздік бітіргендер оқуға қабылданды. Бұлардың арасынан Т.Пірімбетов, Ж.Жақыпов, А.Жартыбаев, Ш.Жалмаханов сынды аспиранттар белгіленген мерзім ішінде ғылыми зерттеулерін аяқтап, кандидаттық диссертациясын қорғап шықты.
Қазір кафедрада 14 оқытушы, оның ішінде, филология ғылымдарының 3 докторы (Ш.Мажитаева, А.Әділова, Ш.Жалмаханов), 2 философия (PhD) докторы (Б.Хасенов, Э.Ажарбекова), филология ғылымдарының 8 кандидаты (З.Н.Жуынтаева, А.Қазанбаева, М.Тұрсынова, С.Сәменова, Б.Қалиев, Ж.Рапишева, С.Кенжеғалиев, Е.Түйте,), 1 магистр (А.Қапанова) еңбек етеді. 2022-2023 оқу жылында 3 магистр докторантураға түсіп, ғылыми ізденісін жалғастыруда. Кафедраның 3 оқытушысы (Ш.Мажитаева, Ш.Жалмаханов, С.Кенжеғалиев) республикалық «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленді.
Ал қазақ әдебиеті кафедрасы 1966 жылы қазақ тіл білімі кафедрасынан бөлініп шыққалы бері жұмыс жасап келе жатыр. Осы кафедрадан бөлініп жеке шаңырақ көтерген жаңа ұжымды ф.ғ.к., доцент З.Жұмағалиев басқарды. Әр жылдары кафедраға ф.ғ.к., доцент Қ.Есбаев, ф.ғ.к., доцент Қ.Лекеров, ф.ғ.д., проф. Б.Кәрібаева, ф.ғ.д., проф. Ж.Смағұлов, ф.ғ.д., проф. Б.Рахимов, ф.ғ.д., проф. М.Хамзин, ф.ғ.д., проф. С.Жұмағұлов, ф.ғ.к., проф. К.Төлеубаева, ф.ғ.д., проф. Ж.Жарылғапов жетекшілік жасады. Қазіргі уақытта кафедра меңгерушілігі қызметін ф.ғ.к., қауымд. проф. С.Такиров атқарып келеді.
Кафедраның алғашқы құрамында ф.ғ.к., доцент А.Нәрешов, ф.ғ.к., доцент Қ.Лекеров, доцент М.Смағұлов, аға оқытушылар Ә.Әзиев, С.Жұмабекова секілді білікті мамандар еңбек етті. Қазіргі уақытта кафедрада 4 ф.ғ.д., профессор (Ж.Смағұлов, Б.Рақымов, М.Әбдуов, Ж.Жарылғапов), 5 ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор (С.Такиров, Ж.Рүстемова, А.Бабашов, К.Төлеубаева, А.Жұмағұлов), педагогика ғылымдарының 5 магистрі (Ж.Жұмагелдин, А.Бейсентай, Б.Сыздықова, Ә.Жақұлаев, Қ.Бажикеев) еңбек етеді. Осы уақытқа дейін кафедраның 5 оқытушысы (Ж.Смағұлов, Б.Рақымов, Ж.Жарылғапов, С.Такиров, А.Жұмағұлов) республикалық «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері болды.
Ғасырға жуық тарихы бар филология факультеті қазақ тіл білімі және қазақ әдебиеті кафедралары – бүгінде бакалавриатта 3 білім беру бағдарламасы бойынша (6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті», 6B01702 – «Қазақ және ағылшын тілдері» және 6В02305 – «Филология») мамандар дайындайтын кафедра. Сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейін 7М02302 – «Қолданбалы филология», 7М01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша магистратурада және 8D02301 – «Филология», 8D01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша докторантурада білімін жалғастыра алады.
Кафедралар Қазақстанның әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Абай ат. ҚазҰПУ, Л.Гумилев ат. ЕҰУ, Шәкәрім университеті (Семей қ.), А.Байқоңыров ат. Жезқазған университеті, Еуразия гуманитарлық институты (Астана қ.) және т.б. жетекші жоғары оқу орындарымен белсенді жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, шетелмен ынтымақтастық байланыс та жақсы жолға қойылған. Профессор-оқытушылар құрамы халықаралық бірнеше оқу орнымен ғылыми байланыс жасайды. Шетелдік серіктестердің қатарында Ташкент қаласындағы Өзбекстанның Әлем тілдері университеті, Германияның Бонн, Ресей Халықтар достығы университеті, Қытайдың Шыңжаң, Іле университеттері, Түрік елінің Диджле университеті мен Газли институты бар. Аталған оқу орындарымен бірлесіп магистрлер мен докторанттар (РhD) дайындау туралы келісімшарт жасалып, екіжақты меморандумға қол қойылған.
Қазақ тіл білімі және қазақ әдебиеті кафедраларына бекітілген студенттердің тіл білімінен «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология», «Қазақ және ағылшын тілі» траекториясы бойынша білім алуға мүмкіндігі бар. Білім беруді тереңдете түсу мақсатында бірнеше арнайы курстан дәріс оқылып, семинар сабақтары жүргізіледі. Мәселен, «Когнитивтік лингвистика», «Тіл білімінің жаңа бағыттары», «Аударма лингвистикасы», «Қазақ, орыс (шетел) тілдерінің салғастырмалы грамматикасы», «Көркем мәтінді кешенді талдау», «Қазақ тіліндегі морфонологиялық құбылыстар», «Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясының өзекті мәселелері», «Сөзжасам мәселелері», «Қазақ ономастикасы мәселелері», «Мәтін синтаксисі», «Араб, латын графикасына үйрету», «Алаш арыстарының тілдік мұралары» сияқты өзекті курс, семинарлар қамтылған. Қазақ әдебиеті бойынша «Қазіргі қазақ әдебиеті: жанр және стиль мәселелері», «Ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихы мен әдіснамасы», «Көркем шығарма мәтіні және филологиялық талдау» атты үш бағыт бойынша білім алуға мүмкіндік алады. Оқу бағдарламасына «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы», «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Шетел әдебиеті», «Қазақ халқының рухани мұрасы», «Абайтану» және т.б. сияқты өзекті пәндер кіреді.
Ғасырға жуық тарихы бар филология факультетінің негізі қаланғаннан бастап қаншама ұлағатты ұстаз бен бүгінгі кәсіби білікті педагогтер – ел ертеңінің кемел болуына, яғни адами капиталдың сапасын арттыруда қомақты қолтаңбасын қалдыруда. Бүгінде тек Орталық Қазақстан аймағында ғана емес, елімізде де білім мен ғылымның орталығына айналып отырған қазақ тіл білімі және қазақ әдебиеті кафедралары 85 жылдық тарихында орта және арнаулы орта мектепті білімді де сауатты мамандармен қамтамасыз етуде өлшеусіз еңбек сіңіруде. Мыңдаған шәкірттің білім-ғылым нәрімен сусындап, мұғалім, тәлімгер-ұстаз аталатын қасиетті мамандық иесіне айналуына екі кафедра қауымының сіңірген еңбегі қашанда зор. Ұстанған бағыт-бағдары айқын, жолы жарқын. Осы бағыттан айнымасақ, дамыған озық елдердің қатарына енуіне факультет түлектерінің де сүбелі үлес қосары сөзсіз.
Жандос СМАҒҰЛОВ,
филогия ғылымдарының докторы, профессор
Бектұрсын ҚАЛИЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Елдос ТҮЙТЕ,
филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор