Дін-діңгекРуханият

Құрметті мұсылман қауым!

Аса Рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!

Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша отандастарымды мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын!

Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың, достық пен шаттықтың мерекесі. Ораза айт ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.

Ислам дінінде кез келген мереке ғибадатпен бастау алады. Шариғатымыз бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт рақағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт рақағат етіп оқу – абзал. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Айт намазын оқи алмаған адам төрт рақағат намаз оқиды. Бірінші рақағатта «Фатиха» сүресінен кейін «Сәббихисмә раббикәл-ағлаа», екінші рақағатта «Уәш-шәмси уә духааһәә», үшінші рақағатта «Уәл-ләйли изаа яғшаа», төртінші рақағатта «Уад-духаа» сүрелерін оқиды» – деген. Ал, аталған сүрелерді жатқа білмейтін кісілер басқа да сүрелерді оқыса болады.

Айт күні сәресін ішпейді, күнсіз аузы ашық болады. Өйткені, хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын» делінген.

Ораза айт – мұқтаждарға көмектесетін күн. Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық етіңдер, Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар» – делінген («Ниса» сүресі, 36-аят).

Отбасымызды шаттыққа бөлеп, ағайынға сыйлық берудің де маңызы зор. Алла тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгі баянды болғай! Әмин!

Жаратқан Алла әрбіріміздің ораза айт күні жасаған ізгі істерімізді, дұға-тілектерімізді қабыл етіп, жылдан жылға, айдан айға аман-есен жетуді нәсіп еткей!

 

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,

ҚМДБ Қарағанды облысы

бойынша өкіл имамы.

Басқа материалдар

Back to top button