АймақРуханият

«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ…»

Әсілі, дауылпаз ақын Қасым Амажолов осы жыр жолдарын өзінің ізін жалғар жас шайырларға арнауышүбәсіз шындық. Өзі салған соқпаққа түскен жас шайырлар ақындар дуэлінде бақ сынасты. Үзеңгі қағыстырды. Майқұдық мәдениет үйінде Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен ақындар дуелі жас шайырларға «Ей, ақындар ортаңнан жол ашыңдар!» дегізді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысы бойынша директоры Жанат Жаңқашұлы ұйытқы болған өнер кеші жас таланттардың есімін дүйім көпшілікке танытты. Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынға Райымбек Қойшыбай мен Нұрғасыр Изат қанжығаласа, жүлделі екінші орынға Ақжігіт Сағынтай, Ділнәз Жұмагелді лайық деп танылды. Бірінші орын тұғырына Нұрасыл Аманжол мен Нұрләулет Бақытұлы көтеріле білді. Айта кеткен ләзім, бірінші орын иеленген қос шайырдың бірлескен жыр кітабы келер күндерде оқырманына жол тартпақ.

– Жас ақындардың шығармашылық бәсекесі жоғары деңгейде өтті. Бұл жыр додасының басты мақсаты – таланттарға қолдау көрсету, олардың өнерін көпшілікке таныту және қазақ поэзиясының жаңа буынын қалыптастыру. Қатысушылардың әрқайсысы өзіндік қолтаңбасын, ой тереңдігін және сөз өнеріне деген құрметін көрсете алды деген ой тұжырамыз. Жүлдегер атанған ақындарды шын жүректен құттықтаймын. Әсіресе, бірінші орын иеленген Нұрасыл Аманжол мен Нұрләулет Бақытұлының алдағы уақытта жарық көретін бірлескен жыр жинағы оқырманның ыстық ықыласына бөленеді деп сенемін. Осындай әдеби жобалар арқылы ұлттық рухты дәріптеп, жас қаламгерлердің шығармашылық ізденістеріне жол ашу – ортақ міндетіміз. Барлық қатысушыларға шабыт, шығармашылық табыс және жаңа белестер тілеймін, деді ақын, «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері Жанат Жаңқашұлы.

Осылайша, жас ақындардың жыр додасы жаңа есімдерді танытып қана қоймай, қазақ поэзиясының болашағына деген сенімді де нығайтты. Қаламды серік еткен талапты жастардың әр шумағынан ұлт рухы, туған елге деген сүйіспеншілік пен сөз өнеріне деген адалдық аңғарылды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button