Әріптестік әлеуеті нығаяды
ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНА ЕКІКҮНДІК МЕМЛЕКЕТТІК САПАРЫ АЯСЫНДА ҚХР ТӨРАҒАСЫ СИ ЦЗИНЬПИНМЕН КЕЗДЕСТІ.
Қазақстан Президенті Қытай көшбасшысымен Бішкекте өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитінен кейін араға бірнеше ай салып, қайта жолыққанына өте қуанышты екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Қытай көшбасшысының досы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы жетпіс жылдық жол Қытай үшін өте ауыр болды. Бірақ, 1970 жылдардың соңында Дэн Сяопиннің басшылығымен қолға алынған реформалардың арқасында қытай халқы өз дамуында орасан зор жетістікке жетті.
– Қытайдың табыстары мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін берік негіз болады деп санаймыз. Бүгін біз Бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Бұл құжат бойынша Қазақстан мен Қытай ұзақмерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді. Жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластық екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін салмақты құқықтық және саяси база болып табылады, – деді Қазақстан Президенті.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі ел саналатынын және Орталық Еуразияда үлкен ықпалы бар екенін айтты.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдеріңіз зор табысқа қол жеткізді, ұлттық ерекшелікке негізделген даму үлгісін құрды. Сіз Президент болғаннан кейін өзіңіздің сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу жөніндегі үш ұстанымыңызды жарияладыңыз. Экономиканы дамытуды, жұмыс орындарын ашуды, сыбайлас жемқорлықпен күресуді, әлеуметтік қорғау деңгейін көтеруді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз. Бұл – Қазақстан халқының үмітін ақтайды. Сіздің барлық бастамаларыңыз осыған бағытталған. Достас Қазақстан халқына бақ-береке және табыс тілеймін, – деді Қытай көшбасшысы.
Кездесу соңында мемлекеттер басшылары бірнеше құжаттарға қол қойды.
ҚР Президенті баспасөз қызметінің ақпараты негізінде әзірлеген Нұрқанат ҚАНАПИЯ.