БілімЖаңалықтар

Балалар аудандық жыр байқауында бақ сынады

Абай аудандық Мәдениет үйінде «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауының І-кезеңі өтті. Оған аудандағы жалпы білім беретін мектептердің 78 оқушысы қатысып, оның бесеуі орыс сыныптарынан бақ сынады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Аудандық байқаудың ашылу салтанатына Абай ауданы әкімінің орынбасары Дәріжан Мырзахметова қатысты. Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Патриоттық тәрбие беруге бағытталған байқаудың мақсаты – оқушыларға халқымыздың батырлар жырын меңгерту, мәдени мұраны дәріптеу және олардың бойындағы дарын-қабілетін таныту.

Биылғы байқауға Сүлеймен Жаңбыршиннің айтуынан жазылып алынған «Алпамыс батыр» жырының 4 мың жолдан асатын нұсқасы таңдалған. Байқау шарты бойынша әр қатысушы жырдың кемінде 100 жолын жатқа білуі керек. Сонымен қатар жырдың кез келген тұсынан бастап, мүдірмей жалғастырып, мәнерлеп айтуы тиіс.

Байқау барысында бірқатар оқушы бұл талапты орындауда қиындыққа тап болды. Сахнада абдырап, жаттаған жолдарын ұмытып қалғандар да кездесті. Ал сыннан сүрінбей өткен қатысушылар қазылар алқасының бағасына ие болды. Қазылар алқасына Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов төрағалық етті.

Аудандық кезеңнің қорытындысы бойынша І орынды «Алпамыс батыр» жырының 1400-ден астам жолын жаттаған Абай Құнанбайұлы атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушысы Абылай Мүкей иеленді. Ол жырдың кез келген тұсынан бастап, жалғастырып айту шеберлігін көрсетті. Жеңімпазға 150 мың теңгенің сертификаты мен диплом табысталды.

ІІ орын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Кәусар Асқарқызына бұйырды. Ол 100 мың теңгенің сертификаты мен дипломға ие болды. Ал осы мектептің оқушысы Анар Қозыева ІІІ орынды иеленіп, 70 мың теңгенің сертификаты мен дипломын алды.

Енді аудандық кезеңнің үш жеңімпазы облыстық байқауда Абай ауданының намысын қорғайды.

Ержан ИМАШ
Абай қаласы

Автор: Ержан ИМАШ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button