Инвестиция – ел игілігіне!
Нұра ауданында өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Экономиканы әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыру аясында Ахмет ауылында жалпы құны 4 миллиард теңгеден асатын «Бірлік Нұра» және «ПромКирпичKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне қарасты кірпіш зауыттарының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, құрылыс материалдарын өндіру саласын дамытуға және жергілікті өндіріс мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 110 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға, халықтың табысын арттыруға және жергілікті экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық өнім көлемін ұлғайтуға және құрылыс саласының қажеттілігін жергілікті өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Бүгінде инвестиция тарту мен жаңа өндіріс орындарын ашу – өңірдің тұрақты дамуының маңызды бағыттарының бірі. Мұндай жобалар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтып, адам капиталын дамытуға да серпін береді.
Инвестиция – экономикалық өсудің, жаңа жұмыс орындарын құрудың және ауылдың жарқын болашағының негізі!
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Орталық Қазақстан»



