Облыс әкімі Шет ауданының тұрғындарымен кездесті
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары аясында Шет ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелері кеңінен сөз болды. Ауыл тұрғындары елді мекендерді абаттандыру, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру бағытындағы ұсыныс-тілектерін айтып, түйткілді жайттарды талқыға салды. Сонымен қатар, аудан әкімі Мұхит Мұхтаров өңірдің қазіргі даму қарқыны мен алдағы межелі жоспарлары туралы есеп берді. Аудан басшысы өз баяндамасында аграрлық секторды өркендетуге ерекше тоқталып, келер жылы аудан аумағында бес жаңа ауыл шаруашылығы жобасын іске асыру жоспарланып отырғанын баса айтты.

Ермағанбет Бөлекпаев өз кезегінде ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, алдағы стратегиялық жоспарлармен бөлісті.
– Соңғы екі жылда 300-ден астам отбасы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында баспаналы болды. Бұл – облыс аудандары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өз шешімін тапты, – деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар, Ермағанбет Қабдулаұлы Мойынты станциясында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысына жеке тоқталды. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға аталған әлеуметтік нысанның құрылыс қарқыны мен сапасын ерекше бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.

Ауданда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Мәселен, бүгінде аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылында орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда ұзындығы 25 шақырымды құрайтын магистральдық желі тартылып, заманауи екі тазарту қондырғысы орнатылған. Сонымен қатар, нысанды үздіксіз қуат көзімен қамту үшін тиісті электрмен жабдықтау желісі де толықтай жүргізіліпті. Жоспарға сәйкес, ауылдағы тұрғын үйлерді жаңа кәріз жүйесіне қосу жұмыстары келер жылы жүзеге асырылмақ.

Бұдан бөлек, ауданда теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, вокзалдарды жаңарту бағдарламасы аясында Мойынты, Ағадыр, Сәкен Сейфуллин және Дария кенттеріндегі теміржол вокзалына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өңірдегі қауіпсіздік шараларын күшейту және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Алдағы уақытта аудан орталығы Ақсу-Аюлыдағы өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Мойынты мен Ақшоқы елді мекенінде, тағы үш ауылда жаңа өрт сөндіру бекеті бой көтермек.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 26 елді мекенді талшықты-оптикалық желіге қосу жоспарланған. Сондай-ақ, өңірдегі медициналық инфрақұрылым да кешенді түрде жаңартылуда. 21 елді мекенде 11фельдшерлік-акушерлік және 10 медициналық пункт салыныпты. Бүгінде аудан бойынша 19 медициналық нысан телемедицина жүйесіне қосылған. Ал, аудандық аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы заманауи құрал-жабдықтармен толығып, екі қабатты ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мақсатында дәрігерлерге арналған төрт қызметтік пәтер толық жабдықталып, пайдалануға берілді.

Кездесу барысында ауыл жұртшылығы Ақшоқы мен Босаға елді мекендерінде жаңа мектеп салу қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, аудан тұрғындары «Ағадыр-Мойынты» тасжолының бүгінгі жай-күйіне назар аударып, жол сапасын жақсарту жайын ортаға салды.

Ал, Ермағанбет Бөлекпаев өз кезегінде өңірдегі жол жөндеу жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, келесі жылы «Мойынты-Ақжал» бағытындағы тасжолдың 80 шақырымында жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Бұдан бөлек, өңір басшысы сала мамандарына келер оқу жылында ауданда техникалық бағыттағы колледж филиалын ашу мәселесін пысықтауды тапсырды. Кездесу соңында ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген сауалдарды бақылауға алды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



