ЖаңалықтарБас тақырып

Әлеуметтік маңызы бар өнімдер назарда

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау мақсатында 1,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат ең алдымен бірінші кезекте тұтынылатын азық-түлік өнімдерін сатып алуға және оларды сауда желілеріне жеткізуге бағытталмақ. Қазіргі таңда облыс әлеуметтік маңызы бар 31 түрлі азық-түлік тауарының 25 түрін өз күшімен өндіруге қауқарлы.

Cуреттер облыс әкімдігінен

Бүгінде тұрақтандыру қорының қоймаларында 40 тонна күріш, 229 тонна қант және 60 мың литр күнбағыс майы сақтаулы. Қарақұмық қоры 17 тоннаны құрайды. Жалпы қордағы өнім көлемі – 370 тоннаға жеткен. Сұранысы жоғары тауарлардың бірі – картоп. Әсіресе, күзгі-қысқы және көктемгі кезеңде бұл өнімге қажеттілік арта түседі. Сондықтан, қорды қалыптастыру кезінде картопқа ерекше көңіл бөлінеді.

– Қазір тұрақтандыру қорында – 370 тонна өнім бар. Әсіресе, қазаннан мамырға дейінгі кезеңде картопқа сұраныс жоғары болады. Сондықтан, осы өнімнің қорын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді, – дейді «Сарыарқа» ӘКК Тұрақтандыру қорын басқару департаментінің директоры Елтай Ыбыраев.

Көкөніс қоры тек тұрақтандыру қорының қоймаларында ғана сақталмайды. Өнімнің бір бөлігі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қоймаларында жиналады. Қажет болған жағдайда олардан өнім алынып, сауда орындарына жөнелтіледі. Бұдан бөлек, өңірде қосымша резерв қарастырылған. Қарағанды қаласының үш айлық қажеттілігінің 30 пайызы көлемінде қосымша өнім жеткізуге келісімшарт жасалған.

– Қарағанды халқының үш айлық қажеттілігінің 30 пайызы көлемінде қосымша келісімшарт жасалды. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Тұрақтандыру қорының өнімдерін сауда орындарына олардың өтінімдері негізінде жеткіземіз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Қуандық Ахметов.

Тұрғындар азық-түлікті қолжетімді бағамен әлеуметтік павильондардан да сатып ала алады. Қарағандыда осындай 21 дүкен жұмыс істейді. Мұнда бірінші кезекте қажетті өнімдер ұсынылады. Кейбір тауарлардың бағасы өзге сауда орындарымен салыстырғанда төмен.

Азық-түлікті үнемдеп алудың тағы бір мүмкіндігі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда тұрғындар өнімді тікелей өндірушілерден сатып ала алады. Жыл басынан бері Қарағанды облысында 462 жәрмеңке ұйымдастырылып, 7,9 мың тонна өнім сатылған. Сауда сөрелеріне ет, сүт өнімдері, балық, көкөніс, жұмыртқа және басқа да азық-түлік түрлері шығарылды. Жәрмеңкелердегі баға нарықтағы орташа бағадан 10-15 пайызға төмен.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button