Теміртауда жоғалған 38 жастағы әйелдің мәйіті табылды
Қарағанды облысында қыркүйек айынан бері іздеуде болған 38 жастағы Ирина Керннің мәйіті табылды. Әйелдің өліміне қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап

Полиция мәліметінше, әйелдің денесі 13 қарашада Теміртаудан 22 шақырым жерден табылған. Сараптама барысында оның зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмғаны анықталған. Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Бүгінде адам өлтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Марқұмның әпкесі Анастасия 19-ынан 20 қыркүйекке қараған түні Ирина азаматтық некедегі жұбайымен жанжалдасқанын айтқан.
– Сол кезде үйде өзінің ұлы мен азаматтық некедегі жұбайының 19 жастағы баласы болған. Жігіттердің айтуынша, таңғы сағат алты шамасында үй іші тынышталып, есік тарс жабылған. Олар оянғанда, Ирина үйде болмапты. Оның үйден қалай кеткенін ешкім көрмеген», – деген еді Анастасия.
Әйел жоғалғаннан кейін туыстары оны өз бетінше іздеген. Таныстарына хабарласып, болуы мүмкін жерлерді тексеріпті. Алайда полицияға жоғалғаны туралы арыз тек 2 қазанда тіркелген. Марқұмның артында үш баласы қалды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



