«Жас көшбасшы – жарқын болашақ!»
Нұра ауданында оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшыларының «Жас көшбасшы – жарқын болашақ!» атты форумы ұйымдастырылды.

Әңгіме болып отырған форум әдеттегі конференция дәстүрінде емес, оқушылардың белсенді әрекетіне, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, өзара пікір алмасуына және нақты жобалар әзірлеуіне бағытталған форум-фестиваль форматында өтті. Шараның көздеген мақсаты – оқушылардың азаматтық белсенділігін арттыру, бастамашылдығын қолдау, көшбасшылық әлеуетін дамыту және мектеп өміріндегі маңызды мәселелерді шешуге оқушылардың өздерін тарту.
Форум жұмысы төрт негізгі алаңда ұйымдастырылды: 1. «Білік. Дағды. Тәжірибе» – көшбасшылар мінбері. Оқушылар «Мен мектебімде қандай өзгеріс жасадым?» тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісіп, көшбасшылық бастамалары туралы ой қозғады; 2. «Экологиялық Start Up жобалар» – идеялар зертханасы. Мектеп командалары қоршаған ортаны қорғауға, мектеп кеңістігін жақсартуға бағытталған экологиялық жобаларын ұсынып, өз идеяларын қорғады; 3. «Көшбасшылықты дамыту. Стратегиялар мен құралдар». Қатысушылар буллингтің алдын алу, оқушы құқығын қорғау, мектеп тәртібі, волонтерлік қызмет және оқушы үнін ескеру мәселелерін талқылады; 4. «Көшбасшылар сайысы». Командалар түрлі жағдаяттық тапсырмаларды орындап, бірлесіп шешім қабылдау, жылдам ойлау және топпен жұмыс істеу қабілеттерін көрсетті.
Форум барысында әрбір қатысушы өз ойын еркін жеткізіп, тың идеялар ұсынып, аудандық деңгейдегі оқушылар бастамаларына үлес қосуға мүмкіндік алды. Тың жобада өткен форум қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Атап айтқанда, Қарақойын жалпы білім беретін мектебінің «Ұлы көшбасшылар» және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тірек мектебі «Бірлік» командалары І-орын иеленсе, Қарой жалпы білім беретін мектебінің «Жалын», Байтуған жалпы білім беретін мектебінің «Шабыт», Қ.Шайменов атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Алаш» командасы тұғырдың екінші сатысынан көрініп, М.Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің «Арай», Р.Қошқарбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің «Мыслители» және А.Асылбеков атындағы жалпы білім беретін мектептің «Ветроэнергетика» командасы үшінші жүлдеге ие болды.
Форумды ұйымдастырушылар іс-шараға қатысушы командалардың бәріне белсенділіктері мен тың бастамалары үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат табыс етті.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Орталық Қазақстан»



