Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Гүлнар БИЖАНОВА: “Басты мүдде – еңбекші құқығын қорғау”

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануымен Ұлы Дала елінің сан ғасырлық тарихында жаңа дәуір басталды. Осы жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында еліміз өзінің қалыптасу кезіндегі қиындықтарды жеңіп шықты. Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси бағыттың сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің демократиялық құндылықтарын дамытуды жалғастыруда.

VI сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде мен 2017 жылғы Конституциялық реформаның куәсі болдым. Реформа мемлекеттік басқару жүйесінің кейбір элементтерін жоспарлы жаңғырту, қоғам мен мемлекеттің одан әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін билік тармақтарының бөлінуі мен өзара іс-қимылын нығайту мақсатында жүргізілді. Нәтижесінде, заң шығарушы билік институтына айналған Парламенттің өкілеттіктері күшейтілді. Парламенттің осы өкілеттіктерді кейін іске асыруы Парламенттің екі Палатасы депутаттарының бастамашылығымен шығатын заңдардың саны мен сапасына жедел әсер етті.

Жаңадан VII сайланған «Nur Otan» партиясы фракциясы депутаттарының өзі 10 заң жобасына бастама жасады. Олардың 5-іне Мемлекет басшысы қол қойды және заңды күшіне енді. 4 жоба мақұлданды және Сенаттың қарауында жатыр. 1 жоба бойынша Мәжілісте жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, VI сайланған Парламент Мәжілісінің алдыңғы сессиясынан біздің фракция мүшелері бастамашылық еткен 4 заң жобасы өтті. Оның ішінде, 1 заң күшіне енді, 3 заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Осылайша, фракция мүшелері 14 заң жобасына бастамашылық жасады, олардың ішінде 6-уы қолданысқа енгізілді, 4-еуі Сенатқа жіберілді, 4 жоба бойынша Мәжілісте жұмыс жалғасуда.

Бұл деректердің артында әріптестердің қажырлы еңбегі тұр. Заңның әрбір нормасы қазақстандық қоғамның қажеттіліктерінен, партияның сайлауалды уәделерінен туындады. Мен және әріптестерім бастамашылық еткен екі жоба заң күшіне ие болды деп мақтанышпен айта аламын. Елде жалдамалы еңбекті (аутстаффинг) қолданумен байланысты 20 жылдан астам уақыт орын алған құқықтық олқылық түзетілді. Заңдар тең еңбек жағдайлары үшін конституциялық тең мүмкіндіктерді қалпына келтіруге бағытталған. Оларды қамтамасыз етпегені үшін қабылдаушы тараптардың, жұмыс берушілердің әкімшілік жауапкершілігін анықтады.

Заң жобаларымен жұмыс істеуге сарапшылар, қоғамдық бірлестіктер кеңінен тартылып, жариялылық қамтамасыз етіледі.

Фракциямыздың депутаттары бастамашылық еткен қашықтан еңбек ету форматы туралы ең өзекті заңдардың бірі жөнінде осы мақалада қысқаша баяндағым келеді. Бұл заң да мақсатты топтар мен бейінді мамандардың белсенді ынтымақтастығымен әзірленген. Біздің еңбек құқығы жөніндегі тұрақты сарапшымыз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Н.В.Гилевке ерекше алғыс білдіргіміз келеді. Пандемия адамның мінез-құлқына ғана емес, сонымен қатар, еңбек форматына да өз түзетулерін енгізіп отыр. Қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге жаппай көшіру оның құқықтық реттелуінің көптеген мәселелерін тудырды. Атап айтқанда, жұмыс орнын табу, жалақы мөлшері, өз жабдықтарын пайдалану шығындарын өтеу және интернет қызметтеріне ақы төлеу, сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мәселелері. Жұмыс орындары іс жүзінде қабылдаушы тарапта, яғни, сол аутстафферлерде орналасқан жіберуші тараптың қызметкерлеріне қатысты қашықтан жұмыс істеу мәселелерін де нақтылау қажет болды.

Жұмыс тобының міндеті Еңбек кодексінде қарастырылған тараптардың кепілдіктеріне, құқықтары мен міндеттеріне сәйкес еңбек қатынастарының осы барлық негізгі ережелерін барынша анықтау болды. Бұл ережелер «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 1 шілдедегі №61-VII заңмен бекітілген. Біріншіден, қашықтан жұмыс істеудің екі түрін ажырататын тұжырымдамалық аппарат егжей-тегжейлі ұсынылған: дәстүрлі форматтағы қашықтан жұмыс және қашықтан аралас жұмыс. Қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін пайдалану жұмыс берушіге коммуникация құралдарын (байланыс құралдарын) беру және оларды орнату мен оларға қызмет көрсету жөніндегі шығындарды жабу бойынша қосымша міндеттер жүктейді.

Жұмыскер өз меншігіндегі коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланған жағдайда, жұмыс беруші өтемақы төлейді, оның мөлшері мен төлеу тәртібі өзара келісім бойынша белгіленеді. Қашықтан аралас жұмыс істеуді енгізе отырып, көптеген жұмыс берушілер қызметкерлерді оффлайн және онлайн форматта тарту мүмкіндігін пайдаланады деп ойлаймыз. Бұл шұғыл міндеттердің орындалуын созбаламауға мүмкіндік береді. Қабылданған заңда қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың маңызды аспектісі тең жалақы алуға конституциялық құқығын қорғау болып табылады. Кейбір жауапсыз жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын күшейту және пандемия кезеңінде қашықтан жұмыс нысанын қолдану жөніндегі қаулыларының ұсынымдарын орындау кезінде еңбек Кодексінің 103- бабы 1-тармағының ережелерін елемеді. Жағдайды пайдаланып, жұмыскерлердің жалақысын кесті.

Алайда, заңнамалық деңгейде шешілмегендіктен, орындалатын жұмыстың көлемі керісінше бейберекет өскен еді. Жұмыскерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында әзірлеушілер ҚР Еңбек кодексінің 138-бабының 6-тармағын бекітті. Онда қашықтан жұмыс істеу кезінде жалақы жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде келісілген жұмыс көлемі орындалған жағдайда толық мөлшерде төленетіні нақты айқындалған. Сонымен қатар, 2020 жыл төтенше жағдай кезінде еңбек қатынастарының ерекше режимін де реттеудің сұранысқа ие екенін көрсетті. Осы мақсатта «Төтенше жағдай туралы» ҚР Заңының 15-бабы төтенше жағдай енгізілген және осыған байланысты туындаған әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарысты ахуал кезеңінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес заңнаманың, оның ішінде, еңбек заңнамасының қолданылу ерекшеліктері белгіленуі мүмкін деген нормамен толықтырылды. Сонымен қатар, құқықтық айқындылық қағидатына сәйкес, тиісті ерекшеліктер ҚР Еңбек кодексінде реттеліп, осындай ерекше жағдайларда жұмыс берушілердің нақты алгоритімін қамтамасыз етеді. Қашықтан жұмыс істеу кезінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселесі бұрынғысынша заңдық мәнін сақтайтыны жалпыға мәлім. Себебі, ол ҚР еңбек заңнамасы қағидаттарының бірі болып табылады.

IT-технологияларды енгізу қызметкерлерден баса назар аударуды, қатаң еңбек тәртібін, реакцияның жылдамдығын, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жұмыскерлердің физикалық энергиясының шығындарын азайтып, өндірісті автоматтандыру, олардың нейропсихикалық жүктемелерін едәуір арттырды. Жұмыс пен өмірдің жоғары қарқыны, өнімділікті, еңбек қарқындылығы мен сапасын артыруға бағытталған заманауи өндірісті ұйымдастыру адам ағзасының мерзімінен бұрын тозуы мен қартаюына, жүйке және жүрек-тамыр ауруларының пайда болу жиілігінің жоғарылауына, кәсіби аурулардың өсуіне әкеледі. Бұл жұмысшы өмірінің сапасын жақсартудың, атап айтқанда, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды жақсартудың қажеттілігін, соның ішінде, қашықтан жұмыс істейтіндер үшін де маңыздылығын білдіреді.

Депутаттар барлық жағдайды заңда барынша көрсетті. Бұл – оқыту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімді тексеру, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды және кәсіптік ауруларды тіркеуді, есепке алуды және талдауды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді қамтамасыз ету, қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру, жұмыс берушінің қаражаты есебінен міндетті, мерзімдік (еңбек қызметі барысында) медициналық қарап-тексерулер және ауысым алдындағы медициналық куәландыру және басқа да мәселелер. Мен жұмыс тобының мүшесі ретінде бірқатар түзетулер енгіздім. Оларды қолдаған әріптестеріме алғыс айтамын. Осы түзетулердің ішінде біреуін ерекше атап өткім келеді. Ел Конституциясының 24-бабының 4-тармағында әркімнің демалуға құқығы бар деп бекітілген. Демалу құқығын қамтамасыз ету еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарының біріне жатады.

Алайда, әсіресе қашықтан жұмыс форматында жұмыскердің бұл құқығы іс жүзінде барлық жерде бұзылады. Өйткені, жұмыскерлер жұмыстан тыс уақытта өздерінің телефонына және/немесе электрондық поштасына түсетін жұмыс мәселелеріне байланысты хабарламаларға, қоңырауларға, хаттарға жауап беруге мәжбүр болады.

Жұмыскерлер жұмыстан тыс уақытта WhatsApp хабарламаларына жауап беруге мәжбүр болуы ең көп таралған жағдай. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың тез таралуы жұмыскерлердің жеке өмірі мен жұмыс міндеттері арасындағы шекаралардың жойылуына әкеледі. Пандемия кезіндегі практика көрсеткендей, бұл проблема соңғы жылы ерекше күшейе түсті. Көптеген зерттеулерге сәйкес, оқшаулануда шектеусіз жұмыс істеу адамды шамадан тыс жүктемеге, стреске, депрессияға, кәсіби күйзеліске және психологиялық проблемаларға душар етеді. Осыған байланысты мен заң жобасының 138-бабына түзету әзірледім. Мен сөзбе-сөз көрсетейін, өйткені бұл проблема жүздеген мың қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты. «Қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулері сақтала отырып, жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Жұмыскер жұмыс уақытының шегінде жұмыс берушімен, қабылдаушы тараппен байланыс үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс.

Жұмыс беруші, қабылдаушы тарап, осы Кодекстің 77-бабының 2-тармағында және 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмскердің жұмыс уақытынан тыс кезде қолжетімділік режимінде болуын талап етуге құқылы емес. Қашықтан жұмысты белгіленген жұмыс уақыты ұзақтығынан тыс орындау қажет болған жағдайда, жұмыскерді жұмысқа тартуға осы Кодекстің 108, 109 және 110-баптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде ақы төлене отырып, оның жазбаша келісуімен ғана жол беріледі». Осылайша, жұмыскердің демалыс құқығына конституциялық кепілдіктердің сақталуы қамтамасыз етіледі. Жалпы, жұмыс тобы қашықтан жұмыс істеу форматы кезіндегі еңбек қатынастарының әрбір аспектісін егжей-тегжейлі реттеді. Заңның толық мәтінімен кез келген мүдделі тұлға ашық сайттарда таныса алады.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалу Жол картасында партияның Мәжілістегі фракциясы әзірлеген 4 бөлім бойынша 362 іс-шарада жеке-жеке жоспарланғанын атап өткім келеді. Фракция депутаттарының әрқайсысына бірқатар бағыттар бекітілген. Осы орайда, Жол картасының «Азаматтардың заңды құқықтарын қорғау және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу» туралы 297-тармағы бойынша үйлестіруші ретінде барлық уәкілетті орталық органдарды, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерін осы бағыттағы жұмысты күшейтуге шақырамын. Азаматтардың ұстанымы мен сана-сезімі арқылы мемлекет пен құқық қолдау тауып, алға жылжитыны мәлім. Осылайша, уақыт талабына және қоғам сұранысына сай келетін елдегі заң шығару жүйесі халық назарына адам құқығын жан-жақты қамтыған жұмыс жүргізе беруі тиіс.

Басқа материалдар

Back to top button