Басты тақырыпРесми

«ПРЕЗИДЕНТ БОЛУ ҮШІН ОКСФОРДТЫ БІТІРУ МІНДЕТ ЕМЕС»

     Астананың алғашқы нысандарын тұрғызған құрылысшылар Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВПЕН кездесіп, Елорданың қалай бой көтергендігі жайлы естеліктерімен бөлісті. Ал, университет ұжымы болса, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш зертхана жұмыстарын жүргізген аспаптарды көздерінің қарашығындай сақтауда. 

IMG_9973

«Трест Карагандажилстрой» бас инженері Владимир Госман кезінде Астананың 9-шағын ауданында тұрғын үй кешенін, цирк алдындағы алаңды салған. «Біз елорданың кірпішін алғашқылардың бірі болып қаладық және оның әлемдік деңгейдегі қала болатынына сендік. Президенттің көрегендігінің, халықтың бірлігінің арқасында жоспар сәтті іске асып, көркем Астана бой көтерді», – деді құрылыста 43 жылдық еңбек өтілі бар Владимир Госман. Владимир Госманның әріптесі – «Трест Карагандажилстрой» бас инженері Владимир Корж елорда құрылысына 8 жыл араласқан. «Командамыз Желтоқсан көшесіндегі үйлердің қасбетін жөндеді.  «Тік­­­ұшақ­тарға арналған ангар» салдық. Астананың онжылдығына орай 2008 жылы салынған цирк маңындағы субұрқақ құрылысына техникалық қадағалау жүргіздім», – деп сол кезеңдерді еске алды құрылыс саласында 53 жыл еңбек етіп келе жатқан Владимир Александрович Корж.

Облыс басшысы елордамыздың көз тартар әсем құрылысына үлес қосқан құрылысшыларға алғыс білдірді. «Осы жерде Мемлекет басшысымен қатар жүріп, елорданы салуға жәрдемдескен құрылысшылар жиналып отыр. Президентпен бірге Теміртау мен Қазақстандық магнитканы салған оның үзеңгілестеріне алғысым шексіз. Еңбек жолын кеңестік кезеңде бастап, тәуелсіз Қазақстанда жалғастырған әрқайсыңыздың елдің дамуына қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз», – деді Ерлан Қошанов.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, Теміртауда бастары түйіскен, металлургия өнеркәсібіне қарқын берген, жастық шақтарын бірге өткізіп, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көрген Елбасы үзеңгілестерінің де Астана, Елбасы турасында да айтар ойлары бар. «Ел басқарған ешқандай адам өзінің қысқа өмірінде Астанадай көркем қала тұрғызғаны тарихта орын алмаған. Н.Назарбаев – солардың алғашқылары» – деп баға береді Теміртау қаласының Құрметті азаматы Қуаныш Омашев. Алматыдан Астанаға көшу мәселесі туындаған кезде қасында бола, дұрыс ақыл бере алмағанына да өкінеді. Кез келген дүниенің екі жағы болатыны тәрізді, қиын жағдай белең алған уақытта Астананы көшіру арқылы, тіпті, тығырыққа тірелуіміз мүмкін деген күмәнді ой туындағаны рас. Бұл – Астана астана атағын алғанға дейінгі алты жыл бұрынғы әңгіме. Бірақ, Қ.Омашевтың ойынша, Астанадай арман қала тұрғызу Н.Назарбаевтың бала күнгі арманы, бала күнгі қиялы. Бірнеше жылдар бойы қырнап-қашалып, әбден пісіп-жетілген дүние, асқақ арманы жүзеге асатын уақыт осы кезге тап келді. Елін сүйетін патриот қана осындай көзсіз ерлікке бармақ.

Қуаныш Омашев, Елбасының үзеңгілес досы:

– Елбасымыз Н.Назарбаев Теміртауда жұмыс істемесе, зауыттың ауыр жұмысына шыңдалмаса, өмірдің ауырлығын жанымен сезінбесе – дәл осындай Президент болмайтын еді. Осы жерде жүріп шыңдалды. Теміртаудың ықпалы оның бар қимылында тұрады. Астананың өзі Теміртаудың ықпалы арқылы дүниеге келген қала.

«Біз Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнының кешкі факультетін бітірдік. Бұл Кембридж, Гарвард, Оксфорд та емес. Президент болу үшін бұл оқу орындарын бітіру міндетті емес, бәрі адамға байланысты. Ұлы істер жасауға итермелейтін ішкі күш-жігер, еліне деген сүйіспеншілік, адамның адал еңбегі – міне, осының бәрі – айналып келгенде Н.Назарбаевтың бойында бар қасиеттер. Ол өзі нағыз ер-азаматқа тән жұмыс – металлург мамандығын ешқашан тастамайтынын айтатын», – дейді Елбасының тағы бір үзеңгілес досы Тоқтархан Искаков.

Кездесу Астана қаласының құрметіне орталық саябақта ұйымдастырылған «Арман қала – Астана» концертіне жалғасты. Мерекеге арнайы келген қазақ эстрадасының жұлдызы Бақыт Шадаева мен басқа да әртістер қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

  • 18 миллион қазақстан­дықтарды біріктірген бір ғана Елбасы, бір ғана Елорда бар. Ол біздің – Астана, ол біздің – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Осы жылдарда Астанамен бірге барлығы жаңарды, жаңа ұрпақ дүниеге келді. Ұлт келбеті өзгерді. Өзгеріссіз қалғаны – бірлігіміз, ынтымағымыз. Соның арқасында еліміз, Елордамыз қарыштап дамуда. Астананың туған күні – барлық қазақстандықтардың мерекесі. Астана күні құтты болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын!

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button