Озбырлық опық жегізеді
Күйеуі әйелін ұрмайтын қоғам орнамай тұр Қазақстанда. Күнде таяққа жығып, көгала қойдай қылған «боксер» күйеулерге «майып қылмай, өлтіріп тастамай, әйеліңді ұрып қана қойғаныңа шүкір, айналайын!» деп басынан сипайтын күйге жеткенбіз қазір. Оған әйелдің де еті өліп кеткен. Өліп кеткені сонша, өзінше кеудесінде жаны бар екенін көрсеткісі келгені бала-шағасын шұбыртып, дағдарыс орталығына қашып барып, ашуы тарқаған соң қайтып оралады. Енді бірі көзінің жасын бір сығып алып, көгерген көзі мен денесіндегі жарақатын жасырып, түк болмағандай жүре береді. Бірақ, ауруын жасырғанның өлетіні тағы бар. Оны айтпау, көзге шұқып көрсетпеу – бүгінгідей жағдайға жеткізді.
Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 желтоқсанда жариялаған қаулысына сай, 2024 жылдың қаңтарында Үкіметке тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманы қатаңдату бойынша заң жобасын дайындауды тапсырды. Одан бөлек, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін әлеуметтік-психологиялық түзету практикасы да енгізілмек.

«Психологиялық сілею» синдромына жол жоқ
Статистикалық деректер елімізде бір жылда жүзге тарта әйел күйеуінің қолынан қаза табатынын көрсетіп отыр. Ал, мүгедек болғаны ше?! Әйел ұруды үйреншікті әдетке айналдырып, жүгенсіз, тыюсыз кеткендерге бір тосқауыл қоймаса, әлімжеттіктен көз ашпаған сорлы шешесінің азапқа толы өмірінен басқа мінез-құлық моделін көрмей өскен отбасындағы баланың да ертеңі жарқын болары екіталай екенін психологтар да айтып бағуда.
Ал, қайғылы жағдайға ұшырағандар неғұрлым көбейген сайын, қоғам да соғұрлым оған мән беруді азайтады. Бұған белгілі психолог Пол Словик «психологиялық сілею» синдромы деп ат берген екен. Осыған дейін мамандар отбасындағы кикілжіңнің себебі әр алуан екенін айтып келген еді. Оған қызғаныш, ішімдік ішу, өзге де тұрмыстық түйткілдер себеп. Қаржылық жағдайдың да үйдегі жайлы тіршілікке тікелей әсері бар. Бірақ, соңғы жайттар әйелге қол көтерудің тұқияны бұлар ғана емес екенін көрсетті.
Төрт құбыласы түгел, «не ішемін, не жеймін?» дегенді түсінде де көрмеген ауқатты отбасындағы әйелдердің өздері зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып жатыр. Демек…
Елімізде 1 шілдеден тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған түзетулер заңдық күшіне енгенде, үміт оты жылт еткен. Ол түзетуде полицияға соққыға жығылған әйелдің арызынсыз, көрдім деген көршісі, немесе, білдім деген танысы арқылы іс қозғай беруге рұқсат етілген. Дегенмен, жаза қатаңдатылса да, саналарына сәуле түспей тұрған «отағасылары» бұрынғы әдеттерінен арылар емес, Әлі де әйелдеріне күн көрсетпей келеді.
Мәселен, Қарағандыда ғана бар «Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығының» жетекшісі, облыстың полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаева берген мәліметке сүйенсек, орталық ашылғаннан бергі сегіз айда 640 әйел көмек сұрап келген.
– Біз дағдарыс орталықтарына 33 адамды орналастырдық. Оның 14-і – әйел, ал, 19-ы – бала. Одан бөлек, орталықтың психологы 188 адамға кеңес берді. Абьюзер күйеулермен де жұмыс жасап жатырмыз. Барлығы – 282 адам. Бірімен профилактикалық әңгіме жүргізсек, біріне қорғаныс ережелерін бердік. Әкімшілік хаттама толтырып, мәжбүрлі емдеуге жіберілгендері де бар, – дейді Гүлбану Ратайқызы.
Әйелдерді зорлықшыл күйеулерінен қызғыштай қорыған орталық қызметкерлері үй-үйлерді де аралайды. Ол үшін арнайы тізім де бар. Жай тізім емес, тұрмыста жиі құқық бұзушылыққа жол беретін отбасылардың тізімі. Нақтылар болсақ, облыс орталығында осындай «қара тізімге» кірген 93 отбасы бар.
Бұдан шығар қорытынды қандай?! Жай үркітіп-қорқытқаннан қайран жоқ. Тұрмыстағы зорлықзомбылық қылмыс қатарына жатқызылмайынша, оған тосқауыл болмақ емес.
Әйелді түсінетін әйел
«Отбасында тек еркектің үстемдік етуі өткен уақытта қалуы тиіс. Мектептен бастап, өскелең ұрпаққа дұрыс құндылықты насихаттау керек. Халық арасында құқықтық мәдениетті енгізіп, кез келген зорлыққа нөлдік шыдамдылықты сіңіру керек». Бұл – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Орталық Азия елдері әйелдері диалогының халықаралық конференциясында сөйлеген сөзі.
Мәжіліс төрағасы да тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың жаһандық проблемаға айналғанын жоққа шығармайды. Мәселен, БҰҰ мәліметінше, әлемдегі әр үшінші әйел физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болады. Оның жолын кесу үшін 155 елде арнайы заң қабылданған. Біздің еліміз де қарап қалып жатқан жоқ. Депутаттар жаңа заң жобасын дайындап, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызуды жоспарлап отыр. Егер заң қабылданса, денсаулыққа орта және ауыр зиян келтіргендер бас бостандығынан айырылады. Бұл ретте бостандығын шектеу деген болмайды.
Ерлан Қошанов Өзбекстан Республикасының тәжірибесі қызығушылық тудырғанын да айтты конференцияда. Аталған елде тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Одан бөлек, әкімшілік жауапкершілік те күшейтілген.
Мәжіліс төрағасының «Еркектің үстемдік етуі өткен уақытта қалуы тиіс» деген сөзімен біз де келістік. Олай деуіміздің де себебі бар. Заман өзгерген сайын отбасындағы құндылықтармен қатар, ер мен әйелдің міндеттері де өзгерген. Бұрынғыдай үйде отырып, бала-шағаға қарап, үй тірлігімен ғана айналыспайды әйел. Отбасы бюджеті ердің ғана мойнында емес. Себебі, бір адамға ауыр болатыны, айтпаса да түсінікті. Ерімен бірге иық тірестіріп, ол тапқан ақшаны бұл да табады. Тіпті, мансап жолында да күйеулерінен асып түсіп, бірнеше есе жоғары ақша тауып жатқандары да бар. Бірақ, солай болды екен деп, беттен алып, төске шауып, болмаса, тапқанын сідет қылған әйел жоқ. Күндіз жұмыста басшылық қызметте болса, үйінің табалдырығын аттай бере, ол – жарының жұбайы, балаларының ардақты анасы.
Бұл – әйел ердің қадірін кетіріп, орнын тартып алғысы келеді дегенді білдірмесе керек. Жаратылыстан асатын ешкім жоқ. Бар болғаны, отбасының тыныштығын, үйдегі көген көздердің ауызының аққа жарып, иығы бүтін киім кигенін қалағаны ғана. Сондай-ақ, жарының қиналғанын көрмей, сәл де болса, көмек қолын созғысы келген ақ адал пейілі. Сондықтан, әйел ердің бәсекелесі емес, көмекшісі.
Заман өзгерген сайын, әйел де соған бейімделіп, іскер қабілетке ие болғанын Гүлбану Ратайқызы да айтады.
– Қазақ әйелдері қазір заманға бірте-бірте бейімделіп келе жатыр. Бірі – өз-өзін дамытса, бірі – үйде отырып, ақша табады. Олар 7-8 балалары болса да, өзінің «керемет әйел» екенін дәлелдеп, отбасында дұрыс қарым-қатынас орната білгендер. Жетістікке жетудің жолы көп. Сол жолда көңілің қалаған, жаныңа жақынын тауып алу керек. Ешкімді басындырмай, ешкімге құқығын дәлелдеп, әуре болмастан, бизнеспен айналысып отырған мықты әйелдер бар арамызда, – дейді ол.
Десе де, әйелді түсінетін әйел ғана. Осы мақсатта елімізде соңғы екі жылда әйел инспекторлардың штаттық саны өсті. Нәтижесінде, республика бойынша жедел-тергеу топтарының құрамында кәсіби маман 280 әйел бар.
Республиканы айтпағанның өзінде, облыста ашылған «Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығы» абьюзер күйеулерге біраз тұсау болғандай. Орталықтағы Рина Шайхутдинова – облыстағы тұңғыш әрі жалғыз әйел инспектор.
– Учаскелік полиция инспекторлары – ер адамдар. Отбасындағы қылмыс бойынша ең бірінші жұмыс істейтін де осы учаскелік инспекторлар. Көп жағдайда шағымданып келген әйелдер тарапынан «Инспекторлар «өзің кінәлісің!» деп шығарып салады» деген шағымды жиі еститінбіз. Әйелді түсінетін әйел. Сондықтан, Рина Ринатқызына келіп, әйелдер өздерінің сырларын айтып та жатады, – дейді Гүлбану Ратайқызы.
Тағдыр жасыта алмаған…
Көгілдір көздері үнемі күлімсіреп тұратын шынашақтай ғана талдырмаш қыз көп армандайтын. Заңғар көкпен тілдесіп, асқақтай бой көтерген Алатаудың етегінде дүниеге келген қыздың арманының асқақ болуы да заңды құбылыс. Қиялымен бірде көкке шырқаса, бірде мұхит асып, түрлі ойларға берілетін. Қалай болғанда да алдында жақсы өмірдің күтіп тұрғаны анық. Соған жету жолында бар күш-жігерін сарп ететініне кәміл сенеді.
Олай болмағанда ше?! Шыр етіп дүние есігін ашқанда ардақты әкесі мен аяулы анасы есімін Диана деп қойды емес пе?! Адамға есім де кездейсоқ қойылмайтынын біледі. Демек, атына лайық болуы керек. Аңшылық пен аспандағы айдың Құдайы. Ешкімге бас имейтін, ерік пен жігердің символы. Әдемілік пен даналықтың, өмірдегі сарқылмас энергияның көзі. Міне, Диана есімінің қандай мағына беретіні.
…Әттең, тағдыр адамның өзі қиялдағанындай болса ғой, шіркін! Олай емес, тағдырдың өз жоспары бар екен. Әуелі әкесі, соңыра анасы о дүниелік болғанда Диана небары 13 жаста ғана еді. Жылай-жылай жұбанған әпкесінің қолында қалды. Бұл – тағдырдың ақкөңіл де аңғал Дианаға көрсеткен алғашқы қатал әрі қатыгез сынағының бірі еді. Сабағы да жайына қалды. Арман-қиялды ысырып қойып, күн көру керектігі тағы бар. Әпкесі ше?! Оның да өз отбасы бар, бала-шағасын жеткізуі керек. «Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ». Бауыр қанша ыстық болғанымен, оның қолынан да ештеме келген жоқ. Қу тірліктің қамын ойлаған оның, тіпті, сіңлісін оқытуға шамасы жоқ екенін түсінді Диана.
Амалсыздан жұмысқа кірісті. Буыны қатпаған шынашақтай қыз не жұмыс істеп қарық қылады?! Сатушы, даяршы. Әр нәрсенің басын бір шалып жүргенде он тоғыз жасында алғашқы жолдасымен танысты.
Оң-солын әлі толық танып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейтін оған оңған жар да жолықпады. Оның өзінде азаматтық неке. Қорғаным деп еді. Болмады. Есірткіге әуестігін әуелде білдіртпеп еді Дианаға. Кейін қызық көріп, өзі де қолданатынды шығарды. Осылай жалғаса берсе, күндердің күнінде қалай болатынын ешкім де білмейтін еді. Бірақ, Құдайдың қаққаны шығар, отбасылық өмірде есірткімен алданып жүргенде ұсталып, темір торға қамалды. Бес жылға. Бұл – Диананың өмірден алған екінші сабағы еді.
Босап шыққаннан соң белді бекем буып, жаңа өмірге қадам баспақшы. Есірткіні мүлдем қойды. Маңдайына тиді емес пе?! Енді жоламауға өзіне серт берген. Бала кездегі асқақ армандары бар емес пе?! Өзіне бекем болуы керек. Диана атына сай болмаққа бекінді. Өмір қайтадан құшағын ашып, Дианаға оң пейіл танытқандай. Жасы да жиырма беске кеп қалды. Сәби сүйсем деген арманы да жоқ емес. Қанша дегенмен әйел заты емес пе?! Бес жылғы түрме өмірі сындыра алған жоқ оны. Қайта жани түскендей. Алдағы өмірі жақсы болуы керек. Әйтеуір, алда бір жарық етіп сәулелі күндердің шығатынына сенімді.
Осы ойлармен өмір иіріміне түсіп кете барды. Бір күні танысын жолықтырды. Кездейсоқ. Бұрыннан таныс болса да, жақын араласпаған. Тәніңді емес, жаныңды қалтыратар темір тордың әр жағындағы өмірдің дәмін татып келген Дианаға оның сәл ғана жылы пейіл танытқанының өзі бақ құсын басына қондырғандай.
«Міне, іздегенім осы! Жанымды түсініп, жүрегімнің жарасын жазар осы» деген оймен, етегінен ұстады. Атасы мен енесі де жақсы адамдар. Диананың өткен өміріне қарамастан еш қарсылықсыз қабылдап, оң қабақ танытты.
Отбасылық өмір осылай жалғаса берді. Сонымен өмір өте берді. Екеуі де жұмыста. Диананың жоғары білімі жоқтықтан, автокөлік жуатын жерде әкімші болып жұмыс істейтін. Ешқандай себеп болмаса да, күйеуі күнде қызғанатынды шығарды. Қол көтеретін әдет тапты. Енесі де жақсы болғанымен, ескі көзқарастағы адам. «Жолдасының қол жұмсағаны былай тұрсын, екінші әйел алып келсе де, еріңе ауыз ашуға болмайды. Аузыңды ашпай, бәріне көндігуің керексің. Ұрса, жақсы көргені!» деп, күнде құлағына құяды.
Бір күні жұмыстан келгенде оңдырмай соққыға жықты. Талдырмаш Диананың еңгезердей еркекке қарсы тұрар қауқары қане?! Үн-түнсіз тұншыға жылай берген, есінен танып кетіпті. Есін жиғанда бет-аузы көнектей болып ісіп, қатып қалған қаннан көзін әзер ашты. Қазіргі беті мен маңдайындағы тыртық сол кезден қалған. Жара жазылды, жүректегі жара жазылмайды екен…
…Тағы кешірді. Барар жері, басар тауының жоқтығы тағы бар. Әпкесіне не деп барады. Шыдады, көнді. Соққыға жығылды. Тағы көнді. Кешірді. Учаскелік полиция қызметкеріне қанша шағымданып, арыз жазса да, ешкімі жоқ қыздың жанайқайы жетпеді.
Бірақ, шыдамның да шегі бар екен. Бір-ақ түнде киім-кешегін жинап, әпкесінің үйіне кетіп тынды. «Менің әке де, бас көтерер ағам да жоқ. Мүмкін, әкем тірі болса, осындай жағдайға ұшырамас па едім?! Кеткенімді қайтейін, әпкемнің үйіне келіп, ойран-асыр салып кететін. Таяққа жығылып, мен қала беретінмін» дейді өзі сол кездерді еске түсіргенде.
…Жаңа жыл алдындағы қарбалас! Сол күні бір сұмдықтың боларын өзі де сезгендей. Жұмыстан кейін әпкесімен бірге шай ішіп, үйдің екінші қабатына көтерілді. Киімін ілмекке шкафтың есігін аша бергені сол еді, қайдан келгені, үйге қалай кіргені белгісіз тығылып, өзінің келуін аңдып отырған күйеуін көрді. Ажырасып кетсе де, қызғаныштан көзі қанға толған ол Дианаға тағы жұдырығын ала жүгірді. Шырқырап, бірінші қабатқа түсті. Сонда да қояр емес. Әпкесін де шыбын шаққан құрлы көрмей, ұрып-соғуын жалғастыра берді.
…Бірінен кейін бірі тиген соққыдан құлап бара жатып, сол қолына үстелдің шетіндегі пышақ ілікті. Сілтеймін деп ойламаған.
Бұл – Диананың өмірден алған үшінші сабағы.
Сот Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша бес жылға бас бостандығынан айырды. Өзін қорғағысы келгенін, күйеуінің үнемі ұрып-соғатынын айтып, шағымданғаны да ескерусіз қалды. Әуелде сотқа келіп, айғақ беремін деген учаскелік полиция инспекторы да сот отырысына келген жоқ. Егер адвокат жалдап, іс дұрыс тергеп-тексерілсе, ақталатыны да сөзсіз еді. Себебі, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру ойына да келмеген екен. Бар болғаны, өзін қорғағысы келді. Бірақ, алдында есірткі қолданғаны үшін соттылығы тағы бар. Соның бәрін ескерген судья бес жылға бас бостандығынан айырды да жіберді. Әділетсіздік пе? Әділетсіздік. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны ма? Дәл солай.
Диана Шкунова қазір Қарағанды облысы, Абай ауданының Көксу кентінде орналасқан қылмыстық-атқару жүйесі комиетінің АК-159/9 мекемесінде жазасын өтеуде. Әйелдер колониясы қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі.
Аңшылық пен аспандағы айдың Құдайы. Ешкімге бас имейтін, ерік пен жігердің символы. Әдемілік пен даналықтың, өмірдегі сарқылмас энергияның көзі. Өмір пейілін берген жоқ, Диана сонда да еңсесін түсірмек емес. Темір тордың әр жағында отырса да, көңіліндегі көктем гүлі солған жоқ. Кербездене қозғалған тал бойында әйелде ғана болатын әдемілік бар. Тағдырым осындай болды деп налығаны да байқалмайды. Жалт-жұлт еткен көздерінде от бар.
«…Еркіндікті аңсаймын. Бірақ, шүкір! Ештеме кездейсоқ болмайды. Осы жерде тігіншілікке үйрендім. Босап шыққаннан кейін керек. Мекемеде болатын түрлі шаралардан қалмаймын. Мен – әйелмін. Ана болу – арманым!» дейді Диана.
Бұл – өмірдің Диана Шкуноваға көрсеткен соңғы сабағы. Әрі қарай міндетті түрде жақсы болатыны кәміл! Себебі, оның бойында өзгелерде кездесе бермейтін батылдық бар.
150 мың адам қол қойған петиция – жарамсыз
Қазақстандықтар тұрмыстағы зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық және әкімшілік заңнаманы реформалау туралы петицияға белсенді түрде қол қоя бастаған. Жалпы, петиция кеше ғана бастау алған жоқ. Ол TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың бастамасымен 2021 жылғы ақпанда басталып, 5,5 мыңнан астам қазақстандық қол қойған еді. Соңғы 2,5 жылда үнсіз қалған петиция қайтадан бастау алып, ашық дереккөздерінің айтуынша, бүгінде 150 мыңнан астам адам қол қойыпты.
«Біз, Қазақстан азаматтары – қоғам қайраткерлері, заңгерлер, ғалымдар, журналистер, бизнесмендер, бірінші кезекте әкелер мен аналар тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың өсуіне қатты алаңдаулымыз.
Зорлық-зомбылықтың өсуіне отбасындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелер, тәрбие мен білім деңгейінің төмендігі емес, қоғамдық қатынастардың осы маңызды саласын реттейтін әкімшілік және қылмыстық-құқықтық нормалардың екіұштылығына байланысты» делінген ел Президентіне жолданған петицияда.
Бірақ, 150 мың адам қол қойған петицияның заңды күші жоқ. Себебі, елімізде тұрғындар петицияларға ресми түрде қол қоя алатын платформалар әлі дайын емес. Ал, өзге платформалар заңсыз. Ал, отбасындағы зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық және әкімшілік заңнаманы реформалау туралы петицияға тұрғындар дауысты ескі базада жинаған. Әділет министрі Азамат Есқараев осылай деп отыр.
Ал, Әділет вице-министрі Алма Мұқанова болса, петиция платформаға 2021 жылы орналастырылғанын айтады. Қазір өтініш беретін арнайы платформа дайын емес. Сондықтан, петицияның да заңды күші жоқ.
– Жекелеген жағдайларды мысал етіп, шектен шығудың қажеті жоқ, – дейді Алма Мұқанова. Айтуынша, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызғаннан, әкімшілік сипатта болғаны жөн. Себебі, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша процедура қылмыстық процеске қарағанда жылдамырақ жүреді.
Бас прокуратура да тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы депутаттардың ұсынысына қарсы шықты. Олар да әкімшілік жауапкершілікке тарту тиімдірек дегенді алға тартып отыр.
– Қоғам тағы да тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Жүргізілген ғылымизерттеулер қорытындысы бойынша, аталған құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың қажеті жоқ екені белгілі болды. Қылмыстық кодекске ауысатын болса, ұзақ процестік әрекеттерге байланысты жәбірленушілер агрессияға шыдауға мәжбүр болады, – деді Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басшысының орынбасары Сәкен Сәмет.
Сөз соңы
Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде халық саны – 19 899 377 адам. Оның 48,8 пайызы, яғни, 9 324 840-ы – ерлер болса, 51,2 пайызы – 9 861 175-і – әйелдер. Ерлер әйелдерден небары жарты миллионға ғана аз. Ал, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстанда дүниеге келген 189,5 мың баланың 98 мыңы – ұл, 91,5 мыңы – қыз.
Егер 2000 жылдан беріге қарай санақ жүргізсек, жыл сайын ерлер мен әйелдер саны теңесуге шақ қалды. Небары жарты миллион ғана. Оның үстіне, жастар арасында, әсіресе жасөспірім қыздар арасында «чайлдфри қозғалысы» да белең алуда. Бұл – тұрмысқа шыққысы келмейтін, шыға қалған күнде балалы болудан мүлдем бас тартатындар. Ал, кейінгі жағдайларға байланысты «отбасын құрудан қорқу синдромы» да пайда болуда…
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz