Отандық өнім: ендігі мақсат – экспорт

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағдарламасы бойынша етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейтуге несие беріп келеді. Басты мақсат – республикадағы малдың саны мен сапасын және ет экспортының әлеуетін арттыру. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс» деген еді. Сондықтан да, шаруаларға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген кәнігі журналистермен бірге пресстур құрамында Абай және Шет аудандарының кейбір шаруа қожалықтарын аралаған едік. Тарқатып көрейік…

ҚОЛДАУ – ҚОМАҚТЫ, МҮМКІНДІК – ЗОР 

Алдымен Абай ауданы, Дубовский ауылдық округінің Алабас қыстағына ат басын тіредік.

Бізді күтіп алған Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, облыс бойынша ауыл шаруашылығы 168 млрд. теңгенің өнімін өндірген. «Нақты көлем индексі – 103,2 пайыз. Ал, егін жинау науқанында бүгінге дейін 845 мың гектар алқаптың 76 пайызы жиналған. Егін өнімділігі қазіргі жағдайда 9,6 пайызды құрайды. Осындай жетістіктерге жетуге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың үлкен септігі тиіп тұр. Атап айтсақ, мемлекет субсидия ретінде былтыр 14 млрд. теңге бөлсе, биыл 14,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп отыр», – деді ол. 

ҚАДАМЫ ҚҰТТЫ ҚАРА СИЫР 

Облысымызда «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, асыл тұқымды ірі қараның санын арттырып отырған шаруашылықтар баршылық. Солардың бірі – жоғарыда аталған Алабас қыстағындағы «Ержанова К.Р.» шаруа қожалығы. Шаруашылық иесі Алтай Әбішев 2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиеге қол жеткізіп, асыл тұқымды ірі қара мен мал азығын сатып алған. Бұдан бөлек, шаруашылықтың өзінің 122 сиыры мен 239 жылқысы бар. Сонымен қатар, қой мен қаз да өсіреді. Қолдағы малының сапасы мен санын арттыру үшін сырттан асыл тұқымды ірі қара әкелген шаруа елдегі ет экспортының әлеуетіне үлес қоспақ.

– Былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағандыдағы филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 70 млн. теңге несие алып, Ресейден ангус тұқымды 104 ірі қара сатып әкелдім. Және қаржымыз мал азығына да жетті. Олардың бес-алтауы төлдеп те үлгерді. Бір қызығы, сиырлар қыс-жаз демей, төлдей береді екен. Жалпы, малымыздың күйі жақсы. Арқаның климатына аса бейімдеудің қажеті жоқ. Суыққа төзімді, тез салмақ жинайды. Ең бастысы – уақытында ветеринарлық іс-шараларын жүргізіп, бақылап отырса болғаны. Алдағы уақытта асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығымызды кеңейткім келеді. Еліміздің ет экспортына үлес қосу – арманым. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, әсіресе, сапалы мал басын арттыруға үлкен қолдау көрсетіп отыр, – дейді Алтай Әбішев.

Шаруашылықта барлығы 15 адам жұмыс істейді. Қарапайым жұмыскерлер 80 мың теңгеден бастап, бақташылар 120 мың теңгеден асырып жалақы алады екен. Шаруашылық негізінен етті бағытта мал өсіреді. Бұған дейін сүт шаруашылығына да көңіл бөліп келіпті. Жиналған сүтті «Нәтиже» сүт фабрикасына өткізіп отырған. 

– Бірнеше жылдық тәжірибенің әсері ме, соңғы кезде сүт сату, қымыз ұстау сияқты жұмысы көп, пайдасы аз шаруаны азайттық. Қора-қопсы кеңейтіліп, мал саны артқан соң, таза ет бағытын бетке алдық, – дейді Алтай Әбішев.

Мал бордақылау орнында бағып отырған сиырларын көріп, таң қалдық. Қазақтың ақбас сиырлары екен. Бұқалары көптеу көрінді. Әрқайсысы 500 келіден артық салмақ басады. Алдағы үш жылда экспортқа шығуды жоспарлап отыр. 

Бордақыда тұрған жылқылар да күндіз-түні бағымда болады екен. Көзден таса қылмай, жем-шөбін уақытылы беріп, астын тазалап, тұрақты күтеді. Жалпы 500-ге жуық сиыр, 1000-нан астам жылқысы бар шаруа қожалығының жұмысы да шаш-етектен.

БЕЙНЕТТЕН – ЗЕЙНЕТКЕ 

Арқа қысы қатты болатындықтан, қараша айының соңынан бастап, сәуір айының басына дейін малды қорада ұстайды. Қазір шаруашылықта қысқа арналған жылы қора салынуда. Сыйымдылығы 500 басқа дейін. Қора екіге бөлінген. Онда мал ішетін су тартылған желі арқылы астауларына құйылып тұрады. Ортадағы арнайы жем салатын астауға екі қапталдан келуіне ыңғайлы етіп, екі жұмыскер таратып шығады. Оның сыртында кең, ашық қоршау бар. Шөп, жем мәселесі толығымен шешілген. 

Бейнеті көп іс қой десек те, мүмкіндікті пайдалана білген адамға зейнеті де бар сияқты. Сала мамандарының айтуынша, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шаруаларға 70 миллион теңгеге дейінгі несиені 15 жылға 14 пайызбен береді. Оның 10 пайызын Үкімет субсидиялайды. Қалған 4 пайызын ғана шаруашылық өтейді. Бастапқысы 2,5 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі бар. Асыл тұқымды әр бас малға бір реттік 225 мың, сосын экспорттық бордақылау орындарына өткізсе, әр келі етке 20 теңге субсидия береді. Яғни, осы аралықта шаруа негізгі борыш пен үстемені төлемейді. Несие қаржысына мал, техника және мал азығы сатып алынуы тиіс. Бастысы шаруаның несие тарихы жақсы болуы керек және бюджеттің, қаржы институттары мен салық органдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. Мал ұстайтын қора-жайы, талапқа сай жайылымдық жері болуы керек. Сонымен қатар, бұқаларды өткізетін бордақылау алаңдарымен келісім-шарты болуы қажет. Кепілдік жетіспеген жағдайда сатып алынатын мүлікті кепілдікке қою мүмкіндігі қарастырылған.

БҰҒЫЛЫНЫҢ ЕТЕГІ – БЕРЕКЕНІҢ МЕКЕНІ 

Келесі бағыт – Шет ауданының Дарья кентіндегі Жақсылық Сопыжановтың «Салауат» шаруа қожалығы. Ол да былтыр осы бағдарламамен несие рәсімдеп, асыл тұқымды сиырлар сатып алған. Мемлекет беретін субсидиядан да үлесін алып, үлкен іске білек сыбана кірісіпті. Жұмысын жолға қойған шаруа ата кәсіптің арқасында ауқатты тұрады. 

– 2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 млн. теңге несие рәсімдеп, оған Ресейден «Герефорд» тұқымды 69 бас сиыр сатып әкелдім. Қордың біз сияқты шаруаларға көрсетіп отырған қолдауы үлкен. Несие шарттары көңілімізден шығады. Екі жыл жеңілдік мерзімі бар. Бұл бізге үлкен көмек. Өйткені, малымызды төлдетіп, шаруашылығымыздың әлеуетін көтеріп алғанша несие төлемейміз. Бүгінгі таңда бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Жайылымдық жеріміз малға жайлы. Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан тағы несие алып, мал әкелу жоспарымда бар, – дейді Жақсылық Сопыжанов.

«Салауат» шаруа қожалығының өріс басына келгенде табиғаттың сұлулығына таң қалдық. Атақты Иманжүсіптің әніне арқау болған Бұғылы тауының етегін жайлаған жылқы һәм асыл тұқымды сиырлар жатыр. Тура жанында бұлақ суларынан жиылған мал суаратын су қоймасы бар. Жайылымға 500 гектарға жуық жерді 49 жылға жалға алыпты. 500-ге жуық жылқы осы Бұғылыны қыстап шығады екен. Кезекші жылқышы жер тарпыған көк жиренімен, ұлттық киімде, домбырамен қарсы алды…

ЭЛЕКТРОНДЫ БАҚТАШЫ – ТАПТЫРМАС КӨМЕК 

Мұндағы бір ерекшелік малды «Электронды бақташы» бағады. Кәсіпкер бұл құрылғыны Батыс Қазақстаннан алып келген. Айтуынша, өте тиімді. «Ол үшін белгілі бір жайылымды электронды бақташымен қоршайды. 50 шақырымды қоршап бастап, бүгінде 200 шақырымға жеткіздік. Әр жерден темір қадалары қағылып электрлік тоғы бар сым тартылады және кіріп-шығатын арнайы есік қалдырады. Сымға жақындаған малды ток соғады да, ол қайтып жоламайды. Сырттан ит-құс тұмсығын да тыға алмайды. Егер ұсақ мал болса, сым екі қатар тартылады. Қоршау ішінің шөбі түгесілген соң, құрылғы жылжытылады. Бір аккумулятор және күн панельдері қолданыста. Күн панелдері тоқты күн көзінен алады. 8-9 вольт ток беріп тұрса жеткілікті. Осылай, жайылым да үнемделеді және мал шаршамайды, тез етке шығады. Электронды жайылымды барлық фермерлерге пайдалануға кеңес беремін, жүрген жерімде үнемі айтамын» дейді ол. 

«Сыбаға» бағдарламасының тағы бір қолайлы тұсы – бөлінген қаржыға шаруашылыққа қажетті техниканы да сатып ала алады. «Салауат» шаруа қожалығы осы мүмкіндікті пайдаланып, мемлекет берген 40 млн. теңгеге сиырмен қоса, техника да алған. «Қазір ауыл жастары еріншек. Сондықтан, заманға лайық жұмыстың бәрін техника арқылы атқаруға ауысудамыз. Онсыз да қазір қысқа шөп дайындау, мал бағу сияқты жұмыстарды техника атқарады, бірнеше механизатор ғана қалатын шығар соңында» – дейді Жақсылық Сопыжанов.

Оның айтуынша, шаруашылық тек қана ақша табу үшін емес, сонымен қатар, бір кездері кезінде 15 мың адам тіршілік етіп, бүгінде 1000-ға жуық тұрғын қалған Дарья ауылының жағдайын жақсартуға үлес қоспақшы. «Ата-бабаларым жатқан жерді көркейтіп, ағайынтуысым мен ауылдастарымды жұмыспен қамтығым келеді» деп ағынан жарылды ол.

– Ұлымның қалада да хан сияқты ғұмыр кешер мүмкіндігі бар еді. Ал, ол ауылын, балалық шағы өткен туған топырағын аңсап келді. Мен де бірнеше жыл сауыншы болғам. Ұлым жастайынан шаруаға икемді-тін. Алла қалап, үкімет қолдап, іс жүргізуде. Тәубе! – дейді Жақсылықтың анасы.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Жақсылық Сопыжанов көпбалалы отбасыларға үнемі қолұшын беріп, қайырымдылық жасайды екен. Осындай бірлігі жарасқан ауылда қазақылық болмыс сақталған, адамдары кең пейіл.

– Биыл «Сыбаға» бағдарламасымен индикативті жоспар бойынша 3500 мың бас ірі қара сатып алуға 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қазір 44 шаруашылық 2800 басқа өтініш берді, оның ішінде, 26 шаруашылық 1700 бас мал сатып алды. Қалғанын жылдың аяғына дейін орындаймыз. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына келсек, 2,5 млрд. қаржыны толық игеріп, қазан айында 1 млрд. 900 млн. теңге қосымша бөлінгелі отыр. Оны да биылғы желтоқсан айының ортасына дейін толық игеруге тырысамыз, – дейді Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры Қарағанды облыстық филиалының директоры Асқарбек Мақсымханұлы.  

АҢЫЗДАН – АҚИҚАТҚА

 Осы ауылда көбіне Бұғылы тауында жаяу жүріп жылқы бағатын 60 жастағы Қанат деген жылқышы бар екен. Ол туралы аңыз көп ауылда. Тауға емін-еркін шығып түсіп жүре беретін көрінеді. Күніне қанша шақырым жүрсе де шаршамайды, табиғаттың таза күшін бар болмысымен түйсінетін ата жайлы әңгіме қызықтыра түсті. Тіпті, оның таптап тастаған жерлерінде сүрлеу пайда болған… 

Бірде, Қанат ақсақал жылқы қарап жүріп, сол бағытқа кетіп бара жатқан көлікке кезігеді. Жолаушылар жолдың жайын сұрап алған соң, әлгі атамызға «жүріңіз, ала кетейік» депті. Сонда, Қанат ата «Жоқ, қарағым. Өздерің жүре беріңдер, мен асығып тұрмын» деген екен. Ас үстінде осы әңгімені естіп, қыран-топан күлкіге баттық…

Қорыта айтсақ, қос шаруа қожалығы иелерінің жұмысы қызу, арманы – асқақ, мақсаты – айқын. Ауыл адамдарынан естіген мына әңгіме қатты әсер етті. 

Американың бір штатында жиын өтіп жатады. Сол жерге бір кісі отбасымен келіпті. Оны жиындағы барлық адам тік тұрып, ыстық ілтипатпен қарсы алыпты. Сондағы бір қонақ: «Мынау кім сонша, губернатор ма?» десе, «жоқ, бұл ауылдың фермері» деген екен. Сондағы ыстық ықыластан-ақ, әлгі фермердің елге сіңірген еңбегін, жасаған қомқорлығын байқауға болады. 

Қос шаруашылықтың иелеріне осындай бақ тілеп, аттандық…

Жәлел ШАЛҚАР.

1. Суретте «Ержанова К.Р.» шаруа қожалығының басшысы Алтай Әбішев.

2. Суретте «Салауат» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Сопыжанов.