«…Отанды мен атамдай иемденем»

Патриотизм – алға жетелеуші ұлы күш. Жапондар патриотизмнің арқасында жұдырықтай жұмылып, елдің саяси және экономикалық тұрғыдан өрлеуіне қол жеткізді. Біздің халқымыз да тар жол, тайғақ кешуді сан мәрте басынан өткерді. Сол сынақтарда сынып кетпеуімізге, қайта көктеуімізге елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік ерекше ықпал еткендігін ешкім жоққа шығара қоймас.

Ел ішінде патриотизм сезімін басшылыққа ала отырып, небір ерлікке барып, өзін құрбан еткен ерлер туралы жарқын мысалдар да жетерлік. Адалдықтың ақ сауытын үстінен тастамаған, қиын шақта қиып түсер қылыш болған азаматтар біз тілге тиек еткен бір ауыз сөздің аясын кеңейтіп тұр. Үш ғасырға жуық өзге елдің езгісін көріп, Тәуелсіздігін тағатсыздана күткен еліміздің белін бекем будырған, 1991 жылы төрткүл дүниеге жария қылуына қанат бітірген патриотизм еді.

«Жайықты жаулап алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Еділді жаулап алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Ойылды жаулап алғаны –

Ойындағысы болғаны.

Қоныстың бар ма қалғаны?!» – деп жырлаған ақын Мұрат Мөңкеұлын халқының патриоты демей көріңіз. «Жерсіз Отан жоқ» деген ұлтымыздың ұлысы Әлихан Бөкейханның Тәуелсіздік жолындағы күресі – Отанды сүюдің ерен үлгісі. Отанына деген сүйіспеншілік, өз халқы мен мемлекетіне адал болу – патриотизм болып табылады. Сондықтан, ұлттық идея Қазақстандағы патриоттық тәрбиенің өзегіне айналуы керек

Біз білетін американдықтардың қара немесе ақ нәсілі болсын, өз тулары көкке көтерілгенде көздеріне жас келіп, көңілдерінде толқын ойнайтынын талай көрдік. Осындай өз Отанына деген шынайы сүйіспеншілікпен қарайтын көзқарас бүгінгілерге қажет-ақ. Бейбіт тумысты, тыныш тұрмысты қалаған еліміз. Бірақ, бабаларымыз жағаға қол салып, жайлауға жол салған жауын қоғадай жапырған. Арын аяққа таптатпай, намысын биіктете байрақ етіп ұстаған.

Мұқағали ақынның мынадай өлең жолдары бар:

«…Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,

Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»…

Өгей әке емес қой Отан деген,

Отанды мен атамдай иемденем».

Ұрандату, «мен патриотпын» деп ділмарсу әркімнің-ақ қолынан келер. Бірақ, іс жүзінде Отанды ата-анаңдай, бауырыңдай сүйіп, оған қамқор болу – нағыз азаматтың ісі. Бұл сезім жоқ болса, дәнің қанша қауыз жарып тұрса да, құнары жоқ жерде көктей алмасы анық. Мәселенің басы осында жатыр.

Патриоттық тәрбиенің негізі – ұлттық намыс екендігі сөзсіз. Әр адам кешегі Ахаңдарша «Ұлт намысына қаны қызатын жаңа буын тәрбиелеу – заман талабы» деп алаңдау керекақ. Отаншыл елдің ордасы сонда асқақтап, өскелең ұрпақ егемен елдің тірегіне айналмақ.

Нұрдос КӘРІМ.