“Отан – отбасынан басталады”
Отансүйгіштік – Отанға деген махаббат пен құштарлық, оған деген адалдық, жауапкершілік, оның игілігі жолында қызмет етуге және туған жердің байлығын сақтау және көбейтуге деген адал ниет.
Отансүйгіштік сезімнің негіздері мектепке дейінгі жаста қалыптасады. Мектепке дейінгі балаларды отансүйгіштікке баулу – балаларға білім беруді, айналамен қарым-қатынастарды осы негізде қалыптастыруды және баланың жасына сәйкес қабілеті жететін қызметтерді ұйымдастыруды қарастырады. Отансүйгіштікке баулудың іргетасы балаларды мақсатты түрде туған жерімен таныстырудан басталады. Отанға деген махаббат адам туып-өскен жері – өзінің кішкентай өңіріне деген махаббаттан бастау алады.
Балаларды өзінің тұратын туған қаласымен таныстыруды сәтті жүзеге асыру үшін әдістеме жобасы қажет. Қаражал қаласында өмір сүре отырып, бұл қаланың ерекше жерлері туралы өте аз білеміз. Сондықтан, мен өз тарапымнан осы бағытта жоба дайындадым. Ол – «Менің сүйікті қалам – Қаражал». «Қаражалтану» жобасын жүзеге асыру шеңберінде мектепке дейінгілерді туған қаласымен таныстыру жобасын жүзеге асырудың арқасында балалар қаланың ерекше орындары туралы көп мағлұмат алады. Балалардан туған қаласына деген туындаған сүйіспеншілік сезімнің үлкендерге тән формасын күтпеу қажет алайда, жобаны жүзеге асыруда балалар туған қаланың тарихы, символдары, ерекше орындары туралы ақпаратқа қанықса, қала өмірінде болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытып, әр түрлі сурет салу, бейне жасау арқылы алған әсерлерін көрсете бастайды. Демек, жобаның мақсаты мен міндеті орындалды.
Жобаның жоспарлы нәтижесі – ол Қаражал қаласына деген сүйіспеншілік сезімін, оның тарихына, мәдениетіне, әдет-ғұрыптарына, қоғамдық өмірдегі ережелеріне деген құрметін ояту. Туған қаласын құрметтеу, оның байлығын арттыру, туған қаланың тазалығы мен экологиясына алаңдау сезімдерін тәрбилеу. Балаларды отансүйгіштікке баулуда атааналардың да ролін арттыру қажет.
Аталмыш тақырыптық-тәрбиелеу жобасын жүзеге асыру барысында бұндай ұйымдастыру жұмыстары айтарлықтай нәтиже береді. Яғни, педагогикалық процесс барысында барлық қатысушылар арасында тығыз қарымқатынас қалыптасады. Балалардың бойында әңгімеге араласу және оны қолдау, әңгімелесу стилін таңдау, белсенділік таныту, жаңа білім алудағы алғырлық қабілеттері дамиды. Туған қаласына деген қызығушылық пайда болады және ол сезімдерін өз әңгімелері, суреттері арқылы көрсетеді.
«Отан – отбасынан басталады» дегендей, біз өзіміз тәрбиелеп отырған бүлдіршіндерді ең бірінші, отбасын, одан кейінгі ортасы – балабақша, туған жері Қаражал қаласына деген сүйіспеншілігін ояту, адамгершілікке тәрбиелеу – біздің міндетіміз деп санаймыз. Сондықтан да, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін оятудың бірден-бір жолы – осы. Мен осы орайда «Менің сүйікті қалам – Қаражал» тақырыбындағы жобаны қолға алдым. «Тәрбие тал бесіктен басталады». Балдырғандар бойына құндылықтарымызды сіңіріп өсірсек, сол кезде ғана елімізді ойлар азаматтар өсетініне кәміл сенемін. Сондықтан, күнделікті өздері көріп өсіп келе жатқан туған жерлерін толығымен білуі жобаның жүзеге асқаны болып саналады. «Мұражай», «Жан Қаражал», Даңқ аллеясы, Абай Құнанбаев атамыздың ескерткіші, Ұлы Отан соғысы ардагерлері монументі, сияқты жерлерге балаларды саяхатқа апардық. Тек қана апарып көрсетумен шектелмей, шығу тарихымен ол жерде жұмыс істейтін үлкендер еңбегімен таныстырдым.
Таныстырумен бірге үлкендердің еңбегін бағалай білу керектігін түсіндірдім. Қаламыздың мұражайына барып, балаларымыз көптеген өздері білмейтін, білсе де көзбен көрмегендерін көріп, танысып, өз араларында жандарына жақын мамандық туралы айта бастады. Мамандыққа деген қызығушылықтары оянды. Сондай-ақ, балалар осы жобаның арқасында күнделікті қаламыздың өсіп-өркендеуі, жаналықтар туралы көп мағлұмат алды.
Біз балаларға тек қана білім беру жүйесімен ғана тоқталмай, ойнай отырып тәрбиелейміз. Ойын арқылы баланы жан-жақты тәрбиелеп, оқытамыз. Мұнда тек қана бір ойын түрі ғана емес, ойынның барлық түрі қамтылған. Қимылды ойын, ұлттық ойындар, дидактикалық, логикалық, сюжетті рөлдік т.б. ойындар. Осы ойындар арқылы баланың ойы, дене қимылы, шапшаңдыққа, төзімділікке, тіл байлықтары, үлкеннің еңбегін бағалауға тәрбиелейміз.
Зәмзагүл БАЯЗИТОВА,
«Улыбка» балабақшасының жоғарғы санатты тәрбиешісі.