Басты тақырыпРуханият

«Қосылған қос өзен секілденіп…»

Қайнар бастауы

Таң ата Қарағандыдан Жезқазғанға қарай бет алған шетелдік жеңіл автомашина тоқтамастан жүйткіп отырып, Жаңаарқа ауданы орталығының шет жағындағы май құю бекетіне тоқтап, машинаға жанармай толтырып алып, ешқайда соқпастан жүрістерін әрі қарай жалғастырды. Орталықтан шыға бере батысқа қарай тартқан тақтайдай жолмен зымырай жөнелмей, оң қанаттағы төбешік басындағы алыстан көз тартатын күмбезге баяулап келіп тоқтап, төбесіне аяңмен көтерілді. Жол бойы үн қатпастан көзін жолдан алмай, қатулы отырған батыр тұлғалы қайсар жігіт, ақ мәрмәрдан орнатылған ескерткіштің жанына жете бере тізерлей отыра кетіп, қасындағы жарынан жасаураған көз жасын жасырмастан: «Кешір, Ағатай, жолым түспей басыңызға көптен келе алмай қалдым, кешір», – деп өкінішпен сағыныштың тасқыны өзегін өртей дірілдеген даусымен булыққан көз жасы төгіліп қоя берді. Құлпытасқа маңдайын тигізіп ұзақ отырған соң, өксігін басып, ескерткіш тақтадағы суретінен өзіне ойлана қарап отырған Ақаңның (А.Сейдімбеков) жансыз көз жанарына көзі түскенде: «Өзекті сөзін айтуға осылай қырандай қомданып, мөлдір көз жанарымен өзіңді баурап алушы еді-ау», – деп еске алды. Орнынан тұрып айналаға көз тастап: «Мені алғаш Қарағандыға мектеп-интернатқа алып бара жатқанда осы төбеге тоқтап, маған осы маңайдың біраз тарихын айтып еді. Оғанда тура 45 жыл болып қалыпты-ау», – деп көзін батыс жақтағы кіндік қаны тамған ауылы Ақтүбекке қадап, қайта оралмас тәтті балғын шағын еске алып, ұзақ тұрып қалды. Ия, ол сағым жылдар енді қайтып оралмайды…

…Әкесі Кемал совхоздың қойын бағатын. Мамыражай жаздың ортасында өрісте қой бағып жүрген Қайратқа тетелес інісі Жақан жайдақ атпен жетіп келді. Жасы кіші болса да, еркеліктен ағасына өктем сөйлейтін бауыры: «Қаладан ағатайым келді. Семіз тоқтының бірін алдыма өңгеріп бер, көкем тез кел деді», – деп асығыстығын білдіре бұйыра сөйледі. «Ендеше, сен отарды қайыра тұр, мен тоқтыны апарып ағатайыма амандасып қайтып келейін», – дегенде, ат үстінен түспей отырған інісі: «Ия, сен барған соң қайтып келерсің», – деп қасарысып отырып алды. «Олляхи-билляхи қайтып келемін» деп жалынса да, көнбей қойды. Қиқар бауырының көнбесін білген Қайрат амалсыздан семіз тоқтының бірін ұстап, аяғын мықтап матаған күйі інісінің алдына өңгеріп беріп тұрып, бүгін жайлауда қонатынын естігенде, інісіне деген ашуы тарап, күннің батуын тағатсыздана күтті. Күн ұзаққа жаттаған сүйікті ақыны Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» өлеңін қайта-қайта есіне түсіріп, ұнағаны сонша, бар даусымен ағып жатқан Сарысудың дірілдеген толқындарымен жарыстыра айналасына жар салды. Бойына бір қуаныш ұялап, таудан құлаған өзендей көңілі тасып, ән салғысы келді. Радиодан естіген жерлес әнші ағасы Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Ақан Сері, Біржан салдардың әндерін, бірінен соң бірін айтып, сөзін білмесе де әнін әуелетіп, ауылға қайтатын уақыттың болып қалғанын сезбей қалыпты. Отарды иіріп алдына салып, үйге қарай айдай жөнелгенде, бір бүйірден өзіне жақындап келе жатқан аттылыны көреді. Басындағы тақия, үстіндегі шапанына қарап, ауыл адамдарының бірі шығар деп, көңіл аудармай, үйге тез жетуге асыққан қойшы бала діттеп келе жатқан бейтанысқа көңіл аудармады. Туған жерді сағына жеткен дарынды журналист «Лениншіл жастың» /қазіргі «Жас алаш»/ Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Ақселеу Сейдімбеков жайлаудағы қойшы ағасы Кемалдың киіз үйіне ат басын тіреген соң, амандық-саулық сұрасып, сары қымызды сіміре тартып, көңілі жайланған соң, ағатайының күнге қақталып өңі кеткен ескі шапанын киіп алып, үй маңындағы атқа жайдақ отырып, аңсаған даласына серуенге шыққаны осы еді.

Сарысудың таяз болса да, мөлдір суының ағысын қызықтап келе жатқанда құлағына әлдеқайдан таныс ән жетті. Әуені таныс болғанымен, орындаушысы – бөлек. Жазық жайлау төсінде күн төбеден сәуле шашып, қыздырып тұрғанда, «Жайлаукөл кештері-ай» деп ән салып, жүрген «кім болды екен-ау» деп қараса биік шилердің арасында қой соңында атын тұсап қойып, бар даусымен қойларға ән салып жүрген бауыры Қайрат екен. Әнді көңіліне хош алғаны сонша, жасырынып отырып тыңдай бергісі келіп, атымен жыраға түсіп, әрі қарай бақылай бастады. Бір уақытта қойшы бала концертін өлеңмен жалғастырды. Мұхтар Шахановтың «Танакөз», Қасымның «Туған жерін», Мұқағалидың әдемі поэмасын бастап, шорт үзіп тастап, «концерттен» жалығып, жан-жаққа бытырап кеткен қойларын жинауға жүгіріп бара жатқан бауырын көріп, үзіліп қалған шаттық ләззатының жалғасын естігісі келіп, шыбындап тұрған атына мініп, ештеңе көрмегендей, бір бүйірінен шыққаны осы еді. Бала Қайрат бейтаныс жолаушыға анықтап қараса, күлімдеп тұрған ағатайы Ақаң екен. Қуанғаннан атынан секіріп түсіп, амандасып жатқан бауырының көңіліне риза болған Ақаң өзі де аттан түсіп, құшағына ала маңдайынан сүйіп: «Ау, өзің әнші екенсің ғой, дауысың даланы жаңғыртып жартасқа соғылған толқындай құлақтың құрышын қандырды», – дегенде Қайрат «қайдан естідіңіз?» деп қызарақтап қалды. Бауырының бойындағы буырқанып жатқан рухани қайнардың көзін дәл тапса, ен даланы тамсандыра сылдырлап аққан мөлдір бұлақтай алысқа кететін түрі бар екеніне көзі жетті. Сол түні жайлау төрінде отырып сегізінші класты бітірген Қайраттың оқуын жалғастыруға не совхоз орталығы емес, не аудан орталығындағы интернат емес, Қарағанды қаласындағы №2 мектеп-интернатқа оқуға орналастыруды өз мойнына алып, Ақаң ертеңінде Қайратты жетектеп қалаға алып кетті.

Жылғасын тапқан ақбұлақ

Өнерге іңкәр, талабы таудай болатын. Асқақ арманына жетуге ынтық, тұнық көз жанарынан білуге деген құштарлығы алаулап тұратын. Елгезек мінезімен, әншілік өнерімен ұстаздарының көзіне бірден түсіп, жоғары сынып оқушыларының арасынан қара үзіп дараланып шыға келді. Әсіресе, мәнерлеп өлең оқуымен бәрін таңдай қаққызды.

Сол кезде №2 мектеп-интернаты мен (қазіргі Нұрмақов атындағы гимназия) С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының байланысы өте жақсы болатын. Қайраттың болашақ мамандық таңдауына №2 мектеп-интернаты көп тәрбие берді.

Бірде репитицияға барғанымда қазақ әдебиетінің мұғалімі Мәпіш Шәріпова апай кездесіп қалып, амандық саулықтан соң «Кеңес, айналайын, бізде тоғызыншы класта Кемалов деген өте өнерлі бала бар. Даусы жақсы, ән де айтады, өлең оқуы ерекше. Тәрбиелесе жақсы әртіс шығады, өзі бойшаң. Қолыңа алып тәрбиелеп, консервоторияға оқуға жібер, өкінбейсің. Қазір Сара Балхашеваның кабинетінде өлең айтып отыр. Барып тыңдашы» деп өтінгені. Оқу бөлімінің меңгерушісі Сара апайдың кабинетіне бардым. Өлең айтуы ұнаған соң, өлең оқуын өтіндім. Төлеген Айбергеновтің «Сағынышын» оқып, шалқамнан түсірді. Күтпеген едім. Тағы да өлең оқуын өтінгенімде, Мұхтар Шахановтан құйқылжытты. Өлең оқығанда шабыттанып, қуатты құлшыныспен оқитыны әсерлі. Бір кезде оң қолын көтеріп жіберіп, жұдырығын түйе екпінмен аяқтағанда риза болғаным сонша, қолымды шапалақтап жіберіп «Давай, Консервоторияға дайындал! Жақсы әртіс шығады. Онда көбіне бойы ұзын дикциясы жақсыларды алады. Сен барлық жағынан келіп тұрсың» деп ризашылығымды білдірдім. Өзі де өнерге ынтық жас екен «Аға, тағы не оқуым керек? Қандай сабақтан экзамендер?» деп кездескен сайын тағатсыздана бәрін білгісі келіп мазалай беретін. Сол кезде білгенімді айтып, жөн сілтегенімді бұл күнде мақтаныш көрем. Атам қазақ «Бұлақ көрсең көзін аш» демеуші ме еді?! Ұстаз болып сабақ бермесем де, қайнар бұлақтың көзін ашып, жылғалай ағып өнер арнасымен адаспай үлкен өзенге құйылуына септігім тигеніне қуанамын. Сол жылы Алматыдан профессор Р.Қанабаева актерлік факультетке үміткер таланттарды іздеп келе қалғаны. Мен бірден №2 мектеп-интернатына алып барып, Қайратты таныстырдым. Қырағы көз ұстазға Қайрат бірден ұнады. Міндетті түрде оқуға келуін өтінді. Сол жылы таңдаған үш жігіттен Қайрат қана барлық сыннан өтіп, студент атанды. Және де жолы болғаны – халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, профессор Ыдырыс Ноғайбаевтың «шеберханасына» тап болды. Қайрат та, ұстазы секілді батыр тұлғалы, даусы зор, қуатты (темпераментный) актер болып шықты. Кейбір рольдерінде (масайрай күлген сәттерінде, көзін аларта таң қалған кездерде, ебедейсіз қорбаңдап, ренжіген уақыттарында) ұстазын еске салады. Әрине, бұл еліктеу, қайталау (копировать) емес, ұстазының таңғажайып кейіпкерлерін көріп, алған сабағы, жақсы артист болуға тырысқан әсері. Өмірден өткен ұстаздарының сахнадағы көзіндей, асылдың сынығындай сағыныш тарқатып жүрген дарабоз тұлға. Қайрат Кемалов – шын мәнінде, ұлттық сахнадағы өте сирек кездесетін талант иесі. Бойы да, ойы да, ішкі жан дүниесі де, білімі де, адами қасиеті де бар болмысымен сахна үшін жаратылған жан.

Өнер толқыны

Қайрат Кемаловтың шарықтауына шабыт берген ұлы драматург В.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы – Петручио. Катаринаның қырсық мінезіне «тұсау» салатын Петручионың аңқау да алғыр, ширақ та икемсіз, аңғал да өткір мінезін сахнада еркін сомдап, ұстаздары мен комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан Қайрат қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына жолдама алады. Таңғажайып таланттар еңбек ететін ұжымға ену – жас артист үшін үлкен бақыт әрі зор сенім еді. Алайда, алғашқы күндерден-ақ сахнадан табылып, эпизодтық рольдермен шыңдалып келе жатқан тұста, алыстағы Ақтүбектегі әкесі Кемал өмірден озады. Арқаның ақ түтек бораны апталап соғып, бір жұмадай кешіккен, жол азабын тартып, әкесінен айрылған, ұнжырғасы түсіп қайтып оралған Қайрат, сұранбай кеткеніне ренжіген театр басшылығы «құстың қанатынан жолдаған сәлеміне» қанағаттанбай, жұмыстан шығару жөнінде шешім шығарғанын естиді. Ол кезде заң қатал. Енді не істеу керек? Жағаға шығып қалған балықтай аласұрды. Радио, телеарналарда дикторлық, режиссерге ассистенттік жұмыстар табылды. Бірақ, көңілі соқпады. Аңсары сахнаға ауды да тұрды. Елге… Қарағандыға қайту керек. Қарағанды театрының бас режиссері Жақып Омаровты жақсы білетін ағасы Ақселеу бір жапырақ қағаз жазып, Қарағандыға қайтарды. Сахна реформаторы К.Станиславский «Актер сахнада ойнамау керек, өмір сүруі қажет. Сонда ғана образ шынайы көрерменге беріледі. Шынайылыққа жету үшін актер көру, есту, бағалау, ойлану секілді қағиданы басты назарда ұстауы тиіс» дейді. Қайрат болса оқып қана қоймай, таңшолпан жұлдызындай бетке ұстап сахнада іске асырып, актерлік шеберлігінің өрісін кеңейтіп жүрген дарабоз тұлға. Актерлік қабілетті молынан ашатын, диапазонының қаншалықты кең екенін көрсете алатын, әлемдік драматургтер: Еврипид, Шекспир, Брехт, Чехов, Гоголь, Әуезов, Айтматов, Мүсірепов шығармаларын айтпағанның өзінде бүгінгі күн тақырыбына жазылған шығармаларда, әсіресе, О.Бөкейдің «Жетім бота» драмасындағы өмір өрнегін тек суретші көзімен көргісі келетін арманшыл Тасжан, Айтматовтың «Ақ кеме» драмасындағы күнінің өткеніне ғана мәз Құлыбек, Ә.Оразбеков­тің «Бір түп алма ағашы» драмасындағы біресе жайдары жампоз, ал ашуланғанда ағашты түбімен қопарып жіберетін дүлей қара күш иесі, енді бірде қанаттанып лепіре сөйлеген мақтаншақ, арзан күлкімен айналасын аузына қаратқан «білгішсымақ», ал жеме-жемге келгенде «табанының бұдыры» жоқ қара басынан басқа ешкімге жақсылық ойламайтын Зарқымбек образдары С.Станиславский атап көрсеткендей, көру, есту, бағалау, ойлану компоненттерінің бір жерге түйісіп, актер шығармашылығының шеберлік шыңын бағындырудағы еңселі кейіпкерлер.

Өнер теңізінің

асау толқынында…

Қайрат – ұстаздарынан алған білімін, өзінің бойындағы дарынын, жылдар бойы шыңдалған шеберлігін жас талапкерлерге үйретіп, дәріс беріп жүрген ұлағатты ұстаз. Бижамал екеуі Тәттімбет атындағы өнер колледжінде актер шеберлігінен, сахна тілінен, театр тарихынан көп жылдан бері сабақ беріп, болашақ сахна қайраткерлерін өнерге баулып, тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп, бойындағы таланттарын ұштап, балауса қанаттарын қатайтып, өнер көгіне ұшырып жүрген дәріскер жандар. Шәкірттері Қарағанды, Жезқазған, Солтүстік Қазақстан театрларында сүбелі еңбек етіп жүрсе, кейбірі Алматы, Астана, Бішкек өнер Академияларында оқуларын жалғастырып, өнердің әр саласында мардымды білімдерімен көрініп жүрген өнер қайраткерлері. Қайрат та, Бижамал да – сирек таланттар. Қайрат Абай, М.Шаханов, Т.Айбергенов, М.Мақатаев, Қ.Мырза Әлі өлең-поэмаларын күңіренте оқығанда тыңдаушысын тебірентіп, поэзияға деген делебесін қоздырып жібереді. Сондықтан да, бұлардың шәкірттері поэзияға құштар әрі мәнерлеп оқуда үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Актер шеберлігінің ерекшелігі – роль талғамайтын үлкенді-кішілі демей творчестволық ізденіспен келуінде. Қайраттың творчестволық жеңісі эпизодтық кейіпкерінің өзіне терең талдау жасап, өткен өмір жолын зерттеп, кішкентай рольден үлкен кейіпкер сомдай білуінде. Айтулы еңбектерінің бірі Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» драмасындағы (инсценировка авторы Қ.Ысқақов) Артықбай образы. Кезінде ел қорғаған батыр, Есенейдің үзеңгілес замандасы жауларының найзасы ұшынан мертігіп, сал болып отырып қалған Артықбай, сахнада жүріп тұрмаса да бүкіл болмысымен, жан-дүниесінің беймаза арпалысын, ішкі күйзелісін сараң қимылдармен, көз жанарымен, дауыс ырғағымен шебер жеткізеді. Артықбайдың батырлығына, ақылдылығына, шешендігіне сенесің.

Сахнада көсіле ойнаған шабыт шалқарына шомылған кейіпкерлерінің бірі – М.Әуезовтің «Қараш-қараш» повесі бойынша жа­зылған Қ.Ысқақовтың «Таңғы жаңғырық» драмасындағы Бақтығұл. С.Чокморовтың сомдауында кино арқылы әлемге танылған образды театр сахнасында ойнау қандай актерге болсын оңай шаруа емес. Өйткені С.Чокморовтың талантына тәнті, әсіресе, Бақтығұл образына ерекше сүйсінген көрермен сахнада сәл мүлт кетсе, қабылдамай қоюы әбден мүмкін еді. Бірақ, дарынды режиссер Ә.Оразбеков осы спектакльде де актер таңдауда көрегендік көрсетіп, Бақтығұлды Қайратқа, Жарасбайды Р.Баймағамбетовке жүктеп, қойылымды алып шықты.

Түпсіз мұхит төсінде

Қайрат пен Бижамал – ұлттық тәрбиенің уызына жарыған, кейінгілер үлгі алатын өнегелі отбасы. Бабалардың жақсы қасиеттерін алып, ұлттық салт-дәстүрдің мәйегін еміп, рухани байлығымыздың інжу-маржандарын теріп, ана тіліміздің сүбелі сыбағасынан асап, адалдық пен азаматтықты, сыйластық пен парасаттылықты бойларына сіңіріп қоймай, айналасына шуақтай нұр шашып, елге жылылық қуанышын сыйлап жүрген абзал жандар. Аймағымыздағы мәдени шаралар, мерекелі күндер Қайрат пен Бижамалсыз өтпейтіні рас. Қайраттың төске ұрған балғадай күмбірлеген даусы, шешен тілі, көркем жүрісі адамдарды баурап алса, Бижамал келін түсіру, бесікке салу, тұсау кесу, тоқымқағар сияқты ұлттық дәстүрлерді жетік біліп, әдемі жасай білуімен елді қуантып жүр. «Жақсыдан – шарапат» деп ел қуаныш тойларының тізгінін екеуіне беруді мәртебе, мақтаныш көреді.

Әлі күнге дейін асығыс, таусылмаған жол… Ақселеу ағасының көрсеткен жолы… Таусылмаса екен. Әлі бітпеген істер, алынбаған асулар бар.

…Сарыарқаның төсінде жердің апшысын қуыра жүйткіген сүліктей қара шетелдік машина. Жер дөңгеленіп артта қалып жатыр, өткен өмір жолдарын қиял қанатымен шолып өтіп, келер күнге үмітпен ұмтылып асығып келеді. Жол әлі алыс… Күн қысқа… Асығу керек.

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button